«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛСІЗ ЖАУ 175 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ЗИЯН ШЕКТІРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 380 өрт болып, одан 175 миллион теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 30 адам, соның ішінде 5 бала қаза тапты. 22 адам түрлі дәрежеде күйікке шалынды.

Шілденің алғашқы аптасында облыс көлемінде 20-ға жуық өрт оқиғасы тіркелді. Атап айтар болсақ, Мамлютка қаласының Энергетиктер көшесінде орналасқан екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт баспананың кіреберісін жалмаған соң көрші пәтерлерге ауысқан. Тілсіз жау баспаналардың қабырғалары мен шатырларын зақымдады.

 

Сымның қысқа тұйықталуы себебінен Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы қора-қопсыны өрт шалды. Белгілі болғаны – жауын кезінде электр сымының ашық бөлігіне су тиіп, от шыққан.

Сымдардың қысқа тұйықталуынан баспаналар ғана емес, сонымен қатар автокөліктерге де зиян тиюде. Нақтырақ айтқанда, Сергеевка қаласында таңсәріде сымның тұйықталуынан “Форд-Транзит” автокөлігі от құшағында қалып, көлік толығымен жанып кетті. Сондай-ақ жанында тұрған “HOWO” жүк көлігіне де айтарлықтай зақым келтірді. Қызылжар ауданының Глубокое ауылының маңында “Лада-Гранта” автокөлігі күлге айналды.

Борки кентіндегі саяжай қауымдастығында да өрт оқиғасы тіркелді. Демалушылардың айтуынша, кәуап дайындау кезінде ағаштан салынған саяжайға ұшқын шашыраған. Сөйтіп, аяқастынан өрт шыққан.

Ал Аққайың ауданының Смирново елді мекенінің тұрғындары ескі қоқыстарды шашпадағы шөптің жанында өртейміз деп өрттің шығуына себепкер болған.

Облыстың барлық жерлерінен ТЖ департаментіне тұрғын үйлердің маңындағы кепкен ағаштардың, қамыстың, қоқыстардың жануынан өрт шыққаны туралы дабыл түсуде. Оның салдары – адамдардың салдыр-салақтығы, бейқамдығы. Жазғы уақытта от жағу барысында аса сақ болу қажет. Әсіресе, желді күндері құрылыстардың маңында от жақпаңыздар, жазғы демалыс күндері балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Өрт шыға қалған жағдайда “101” және “112” телефондарына хабарласыңыздар.

 

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp