«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРКІСТАННАН ТҮЛЕП ҰШҚАН ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚЫРАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақ елінің рухани кіндігіне баланатын қасиетті Түркістан топырағында туып, бүгінде елге сыйлы азамат атанып отырған Ермекбай Айдарбековтың біздің аққайыңды солтүстік өңірге бауыр басып, бел баласындай өмір сүріп жатқанына да қырық жылға жақындап қалды. Бірге жүрген жақын жора-жолдастары болмаса, былайғы жұрт оның оңтүстік өңірдің тумасы екенін біле де бермейді. Оны шойыннан құйылғандай шымыр дене бітімі мен қоңырқай жүзі ғана сездіретіні болмаса, бүкіл жан дүниесімен қызылжарлық болып кеткенінде шүбә жоқ. Бүгінде Есіл ауданындағы бес елді мекеннің тұрғындары ырыздығын тауып отырған “Атамекен Агро-Есіл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді.

Бұл серіктестік аудандағы іргелі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі саналады. Барлығы 31 мың гектар жерге иелік етіп отыр. Оған бұрынғы “Тораңғыл” кеңшары жерінің жартысы енеді. Атап айтқанда, Иверск, Сарыкөл ауылдарының және Двинск ауылының тұрғындарының жартысы өз жер үлестерін оған қосқан. Сол сияқты бұрынғы “Образцовый” кеңшары мен Мектеп ауылының егістік жерлері де осы серіктестіктің қарамағында. Бұған дейін “Азамат” деп аталып келген ауыл шаруашылығы құрылымы “Атамекен Агро” компаниясы тарапынан инвестициялық қолдауға қол жеткізіп, егістік жер көлемін ұлғайта түсуіне байланысты “Атамекен Агро-Есіл” ЖШС-і болып қайта құрылымдалыпты.

– Биыл барлығы 27 мың гектар алқапта дәнді дақылдар өсіріп отырмыз. Оның 11 мың гектарын бағалы дақыл – бидай алады, 9 мың гектарға майлы рапс және зығыр дақылдарын, 1,5 мың гектарға арпа септік. Серіктестік әзірге мал ұстап отырмағандықтан, үлескерлеріміздің жемазық қажеттіліктерін өтеу үшін 2 мың гектардан астам алқапқа біржылдық және көпжылдық шөп себілді. Инвесторымыздың қаржылай көмегінің арқасында егіс жұмыстарына қажетті материалдардан тарыншылық көрген жоқпыз. Себілген тұқым зиянкестерге қарсы дәріленіп, қажетінше минералдық тыңайтқыштар сіңірілді. Техника күші де жетерлік, қазір қолымызда 6 егіс кешені, 7 “К-700” және 30-дан астам “МТЗ” тракторлары, 9 “Джон Дир” және 5 “Вектор” комбайндары мен тіркемелі 11 “КамАЗ” жүк көліктері бар. Ұжымда орта есеппен 190-200 адам еңбек етеді және науқандық жұмыстар кезінде олардың қатары көбейе түседі. Өткен жылы еңбеккерлеріміздің орташа айлық еңбекақысы 61 мың теңгеден айналды. Көбінесе маусымдық жұмыстармен айналысатын ауыл шаруашылығы саласындағылар үшін, меніңше, бұл жаман көрсеткіш емес, облыстық орташа деңгейдегіден жоғары. Былтырғы жылы егіншіліктің онша шығымды болмағаны белгілі, гектар басы 13 центнерден ғана өнім алдық. Ал биылғы егістің бет алысы жаман емес, бұрнағы жылғыдай 28 центнердің үстінде өнім алуға әбден болады деп ойлаймын. Онда еңбеккерлеріміздің де табысы өсе түсері сөзсіз, – дейді Ермекбай Дүйсенбайұлы.

Ауыл шаруашылығы қаракеттерімен айналыса бастағанына 16 жылдан асып бара жатқан оның бұл салада арнайы білімі болмағанымен, қазір егіншілік жайын бір агрономнан кем білмейді. Бойындағы туабіткен қайсарлығы мен зейінділігінің арқасында оның барлық қыр-сырын меңгеріп алды. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының белді де беделді басшыларының бірі саналады.

Анасы Жамалдан үш жасында жетім қалғанынан болар, оның жалпы аналарға, әйел затына деген құрметі шексіз. Әкесі Дүйсенбай күні-түні таудағы жайылымдағы мал соңында жүрген жылқышы болғандықтан Ерекең өзі туған аз үйлі Бозбұтақта емес, көршілес Шарнақ ауылындағы жетіжылдық мектеп-интернатта оқыды. Ал одан кейінгі жоғары сыныптарда Кентау қаласында білім алды. Сондағы өзі құралпы балалардың шешелері сәлем-сауқаттарын алып, мектепке жиі келіп тұратыны есіне түскенде әлі күнге дейін жүрегі сыздайды.

Қызылжар өңіріне келуінің өзіне де сол ананың аялы алақанын аңсап өскен бала күнгі сағыныш сезімінің әсері болғанын айтпасқа болмайды. Кентаудағы орта мектепті тәп-тәуір бітіріп, оқу іздеп Алматыдағы ағайынға зор үміт артып барғанымен, одан ешқандай көмек болмаған соң сол жақтан міндетті әскери борышын өтеуге кете барды. Солтүстік әскери-теңіз флотында үш жыл қызмет етіп, Кариб дағдарысынан кейінгі Америка Құрама Штатына алғашқы достық қадам жасаған Кеңес Одағы теңізшілерінің қатарында болды. Әскерден кейін Алматыға оралып, сондағы “СМУ-23” құрылыс ұйымына жұмысқа кірді. Сонда жүріп, Солтүстік Қазақстан облысының Лузинка ауылынан келіп, өзі сияқты құрылысқа жұмысқа орналасқан Майра Сүлейменовамен танысып, көп ұзамай шаңырақ көтерді. Тұңғыш ұлдары Берік сонда дүниеге келген. 1977 жылы Майраның әкесі Зікірияның дүние салғаны туралы елден хабар алып, отбасымен жерлеуге барады. Әкесінің жетісін беріп, жұрт тарағаннан кейін қайтуға жиналып жатқан бұларға анасы Мақпуза: “Шырақтарым, әлі өз қолдары аузына жетпеген төрт баламен қалып отырғанымды көріп отырсыңдар, қалада пәтер жағдайларың да реттелетін емес. Осында көшіп келіп, шешелеріңнің жанында болсаңдар қайтеді?” – деген қолқа білдіреді. Бірақ Майра анасының бұл сөзіне келісерліктей рай таныта қоймайды. Біраз сыртта жүріп, терең ойға шомған Ермекбай үйге қайтып оралған бетте қайын енесінің қолынан ұстап:

– Мен анасыз өскен баламын, апа. Ананың жылы алақанын сезінгенім жоқ, қасыңызға келуге қарсы емеспін, – деп бір-ақ кесті.

Ер адам екі сөйлемейді, кейбіреулердің “күшіккүйеулікті” меңзегенін қаперіне де алған жоқ, бірбеткей мінезін танытты. Көшіп келіп, Лузинка ауылына орныққаннан кейін, басында осында балташылық жұмысқа кірді де, сонымен қатар Волошинка ауылындағы жүргізушілер даярлайтын курста оқыды. Жүргізушілік куәлігін алған соң сондағы жұмысшылар кооперативіне жұмысқа ауысып, тауар таситын көлікке мінді. Майраға да осында дүкеншілік, қоймашылық жұмыс табылды. Сөйтіп, екеуі бір ұжымда қатар жұмыс істей жүріп, бірер жылдан кейін Көкшетау кооперативтік сауда техникумына сырттай оқуға түсіп, тауартанушы, экономист мамандықтарын алып шықты. Соған байланысты мамандығы бойынша тауартанушы қызметіне ауысып, екі жылдан соң Тораңғыл жұмысшылар кооперативіне төрағалыққа сайланды. Кооперативтік сауданың түбіне жеткен өтпелі кезеңді бастан өткеріп, ұйым әбден тарағанша жұмыс істеді.

“Бүлінгеннен бүлдіргі алма” дейтін ұстанымға берік азамат қайсыбіреулердей ортақ мүлікке қол сұқпай, жарамдыларын кооператив пайшыларына таратып берді. Өзі көпшілік ел-азаматтары сияқты жер үлесін алып, жеке шаруа қожалығын құрды. Ол осы күнге дейін үзбей жұмыс істеп келеді, бүгінде зайыбы Майраның меншігіне бүтіндей көшкен бұл қожалықта 100 гектар егістік жер және 400 гектардай жайылымда бағылып отырған жүз шақты жылқы, 70 бас ірі қара мен 200 бастан астам қой бар.

Ерекең осы Есіл өңірінде шаруашылық-партия қызметтерінде болған Кемеңгер Әмрин, марқұм Асқарбек Мұстафин және аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметін атқарған Шортанбай Мұхаметжанов сияқты беделді азаматтардан дос-жаран тауып, солармен осы күнге дейін сыйластық қарым-қатынастарын үзген емес. Достары Ерекеңнің адамгершілік және кісілік қасиеттеріне талай рет тәнті болғандарын жасырмайды. Оған бір мысал, тұңғыш қыз немересі туғанда құттықтай келген жора-жолдастарына нәрестенің сол күні аты қойылмайтынын айтып, ертеңіне бәрін арнайы қонақасыға шақырып, дастарқан үстінде тым жас кезінде айрылған анасы Жамал мен небәрі жеті жасында көз жұмған қарындасы Ботагөз екеуінің бірінің есімін таңдауды ұсынған. Сөйтіп, көпшіліктің ұйғарымымен Жамал есіміне тоқталыпты. Сол аяулы анасының ардақты атын алған сүйікті немересі бүгінде желкілдеп өсіп келеді.

Сондай-ақ асыл анасының алдындағы перзенттік парызын қалай өтегені де өнеге тұтарлық жайт. – Жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кеткендіктен, Бозбұтақ ауылындағы қорымнан анамның бейітін дөп басып таба алмай қиналып жүруші едім. Осыдан 4-5 жыл бұрын ауылдағы 86 жастағы бір қарияның әкесінің жанына жерленген екен деген хабарды естіп, сол күні алыстағы Түркістанға тартып кеттім. Туған жерге жеткенімше әлгі шал аман болса екен деп тілеп барғаным рас. Бағыма қарай, іздеп барған ақсақалымды тауып, ол кісінің өз аузынан оның әкесі қайтқан күнгі ас жабдығында жүрген анамның кенеттен қайтыс болғанын естідім. Бірінші күні сол кісінің әкесі, ал ертеңіне оның оң жағына анам байғұс жерленіпті. Жер болып қалған сол бейітті қария қолындағы таяғымен нұсқап көрсетті. Басына мазар тұрғызып, ас беріп, Құран оқытып қайттым, – деді ол ауыр күрсініп.

Мейіріне қана алмай қалған асыл анасына ғана емес, Ермекбайдың өз әкесіне де, оның екінші рет үйленген қосағына және содан туған кіші інісіне деген жанашырлық, бауырмалдық сезімі өте жоғары. Екінші ұлы Қайрат үйленгенде тойына келген әкесі Дүйсенбайға: “Көке, өмір бойы жылқының соңында жүріп, қос тізеңе суық өтіп, жүрісің қиындаған екен. Енді еңбегіңнің зейнеті мен балаларыңның қызығын көретін кезің ғой, жүріп-тұруыңа жеңілдеу болуы үшін саған машина сыйлаймын”, – деп жеңіл көлік мінгізіп, еліне өзі жеткізіп салды. Бүгінде әкесі мен өгей шешесі дүниеден өткен, бірақ Түркістандағы бауырларынан хабар үзіспей, жиі қатынасып тұрады. Кентаудағы мектептес достарын да еш ұмытқан емес.

“Әке көрген оқ жонар” демекші, балалары да өзіне тартқан абзал азаматтар, үлкені Берік отбасымен өз жанында, шаруашылық ісіне көмекшілік жасайды. Қайраты прокуратурада, Асхаты құрылыс компаниясында қызмет етеді. Сүйікті зайыбы Майра екеуі қазір жеті немере сүйген қадірлі ата-әже.

СУРЕТТЕ: Е. АЙДАРБЕКОВ.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp