Жақында “Даму” қорының өңірлік филиалы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілері Петропавлдағы зағиптар қоғамында мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды. “Мүгедектер арасында кәсіпкерлік бастаманы дамыту” деп аталған бұл басқосуға кәсіпкерлік істі жаңа бастағандар мен бұрыннан айналысып жүрген азаматтар жиналды.
Кездесуге қазірдің өзінде кәсіпкерлік іспен шұғылданатын және “Даму-көмек” бағдарламасына қатысып жүрген көздері нашар көретін мүгедектер шақырылды. Олар “Даму” қоры арқылы алынған демеушілік қолдаудың арқасында өз істерін жақсартып, қолайлы жағдайлар иеленген еді. Сондықтан қол жеткен, машықтанған тәжірибелерін ортаға салды. Мәселен, жеке кәсіпкер, зағиптығы бойынша бірінші топтағы мүгедек Марлан Сарымсақовқа “Даму-көмек” бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілді: ол сылап-сипауға қажетті төсағаш алды және оған кәсіби біліктілігін көтеру үшін оқуына төлемақы берілді. Зағиптығы бойынша екінші топтағы мүгедек Александр Беловқа да қолдау көрсетіліп, оған пәтер жөндеу жұмыстарымен шұғылдануы үшін қажетті құрылыс құрал-саймандары әперілді. Тігінші Марина Никитина да – зағиптығы бойынша екінші топтағы мүгедек. Оның “Даму-көмек” бағдарламасы арқылы токпен жұмыс істейтін тігін машинасына қолы жеткеніне қуанышы шексіз.
Осы жиынға шақырылған экономика ғылымының кандидаты, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика және маркетинг негіздері пәнінің оқытушысы, зағип Владислав Демьянов мүгедектердің арасында кәсіпкерлік бастаманы дамыту және біліктілікті арттыру қажеттігі жайында әңгіме өрбітті.
Бүгіндері біздің облыс бойынша “Даму-көмек” бағдарламасының аясында мүмкіндіктері шектеулі 25 кәсіпкер мен талапкер демеушілік жәрдем иеленіп отыр.
“Даму” қорының өңірлік филиалының баспасөз қызметі.