Атырауда қаржы полициясы шенеуніктерді кәсіпкерлік ісіне араласуда сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыптап, олардың үстінен 5 қылмыстық іс қозғады.
Қаржы полициясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Индер аудандық салық ведомствосының жетекшісі 2 жылдық сынақ мерзімімен үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды. Нәзік жанды шенеунік жеке кәсіпкер патентінің мерзімін ұзарту үшін одан 30 мың теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімімен Мақат аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы жетекшісінің м.а. 3 жылдық сынақ мерзімімен төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды. Ол өндірістік база салынатын жер учаскесі актісіне қол қоюдың құнын 50 мың теңгеге бағалап, кәсіпкерден ақша талап еткен.
Сотта қазіргі уақытта Атырау қалалық Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманына қатысты қозғалған қылмыстық іс қаралуда. Аталмыш ведомствоның нәзік жанды қызметкері алдап-арбау жолымен және Атырау қалалық Оқу орталығы директорының сенімін пайдаланып, 350 мың теңгені қалтаға басқан. Бүгінде тағы екі қылмыстық іс тергелу үстінде.