«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамал АХМЕТОВА,

кәсіподақтардың облыстық кеңесінің төрайымы.

Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында ауылдық деңгейдегі басқарудың сапасын айтарлықтай жақсарту, азаматтарымыздың жергілікті маңызы бар мәселелерді жүзеге асыруға тікелей қатысуының ауқымын кеңейту керектігін атап көрсетті.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын түбегейлі жаңаша қалыптастыру осының айғағы болмақ. Ол – алдағы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау. Әкімдердің сайланбалылығын енгізу тұрғындардың жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндігін қамтамасыз ететін мемлекеттік басқару жүйесін сапалы өзгерту болып табылады.

Менің ойымша, бұл – демократияландыру және елдің саяси жүйесін жетілдіру жолындағы түбегейлі жаңа қадам. Соған қоса, бұл сайлау еліміздің дамуының және сайлау жүйесінің маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуде жаңа практикалық тәжірибе жинақтаудың негізі болмақ.

Бұрын округтер әкімдерін облыс басшысының келісімімен аудан әкімі тағайындайтын. Ал бүгіндері аудан әкімі үміткерлерді ұсыну құқығын иеленеді, бұл баламалы негізде жүзеге асырылады.

Мен үміткерлерді аудан әкімінің ұсынуы орынды деп есептеймін. Бүгінгі күнге дейін ауылдар мен кенттердің әкімдері саяси мемлекеттік қызметшілер болып келді де, оларды жоғарыда тұрған әкім тағайындайтынды. “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға соңғы түзетулер енгізілуіне сәйкес ауылдар мен кенттердің әкімдері әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге жатады. Бұл өзгерістер жергілікті басқаруды саясиландыруды жою үшін енгізіліп отыр. Бұдан былай ауылдардың әкімдері, ең алдымен, әрбір әкімшілік құрылымындағы жағдайға жеке басымен жауап беретін сауатты, тиімді менеджерлер болуы керек.

Оларды ұсыну кезінде аталған ауылдық округтің әрбір тұрғынының пікірі ескерілуі өте маңызды. Өйткені, олармен бір елді мекенде тұратын үміткерлердің іскерлік қасиеттерін сол ауыл мен кенттің тұрғындары ғана біледі ғой. Жиналыстарда, ауылдық жиындарда, еңбек ұжымдарындағы кездесулерде белгілі бір үміткер және оның ауылдың проблемаларын көріп, шеше алу қабілеттері туралы толық мағлұмат беріледі.

Бүгіндері азаматтық қоғамның барлық институттары облыс жұртшылығымен бірлесе отырып, алдағы сайлауды дайындап, өткізу жұмысына белсене кірісті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp