Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Соңғы жылдары өңір жастары арасында желілік маркетингтің қанат жайып бара жатқандығын облыс тұрғындарының бірі білсе, бірі білмейді.
Мұндай желі өкілдері болса, қала жастарын аз уақыттың ішінде саусақ қимылдатпастан астыңа “темір тұлпар” мініп, миллионер де, баспаналы да боласың деп арбауда. Студенттердің мұндай балдай тамған сөздерге бірден еліктері сөзсіз. Ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер үшін қаржы мәселесі қай уақытта да қиынға соғатыны белгілі. Оқу уақытына ыңғайлы жұмыс таба алмай жүрген жастардың “ақшаны күреп табуға” болатын мұндай жұмысқа білек сыбана кірісері де сөзсіз. Сөйтіп, бойында күш-қуаты тасып тұрған жігерлі жастар бір мезетте косметика өнімдерін саудалайтын компаниялардың “қызметкері” болып шыға келеді. Тілдері майда кеңсе қызметкерлері айналдырған бір-екі кездесуден соң қызмет іздеп келген жастарды аз уақыттың ішінде ауқатты адамдар қатарына қосылып кететініне сендіреді. Әрине, ол үшін еңбек етіп, тіпті, бұрын араласпаған таныстарыңыз бен туысқандарыңызды тартуыңыз қажет.
Ал бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған желілік маркетингтің жөні бір бөлек. Әрине, біз оның жұмысына “пирамида” деп топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ пайдасынан гөрі кесірі көп екендігін мойындауға тура келеді. Жеке өз басым бұрынырақ осы компания жайлы Ақжар ауданында қызметте жүрген кезімде естіген едім. Шаруаларымды тындырмақ ниетпен облыс орталығына келіп-кетіп жүргенімде жора-жолдастарымның арасында сол желі арқылы тез арада баюға болады деген әңгіме желдей есіп тұрған болатын. Осыдан екі жыл бұрын “Барсаңшы, көрсеңші” деген желілік маркетингтің жетегінде жүрген досымның көңілін қимай, қаладағы кеңселердің біріне барғанбыз. Шақырылған уақытта жетіп, кеңсені тамашаладым. Іші толған кілең жас қыздар мен жігіттер. Үстел мен орындықтардан басқа дәнеңе жоқ. Кең, жарық бөлменің қақ ортасында тұрған үстелге төрт адам болып жайғастық. Бөлмеге кіріп келіп, аса сыпайылықпен сәлемдескен Азамат (аты өзгертілген – Қ.А.) қарама-қарсы отырып, алдымен мұнда келу себебімді сұрады. Жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруден қажыған өзге жастар сияқты мен де табысы жақсы бір қызмет табу үшін келгендігімді айттым. Себебі, отбасылы жас азаматқа әр уақытта қаржы жетіспейтіні анық. Одан әрі ұзын сонар әңгіме басталды. Аузы-аузына жұқпай, бұлбұлша сайраған ол бұл компанияның әлемдегі ең мықтылардың бірі екендігін, қай елде болсын әр уақытта демеушілікпен айналысатындығын, ол арқылы қажетті тауарыңды бәленбай мың теңге делдалға төлемей, аз ақшаға өндірушіден тура сатып алуға болатындығын, электронды сауда-саттықтың бұл түрі арқылы диванда жатып-ақ тез арада байып кетуің ғажап еместігін жайып салды. Сондай-ақ бірнеше ақ парақты шимайлай отырып, бизнес-жоспар сызып, жеріне жеткізе әңгімелеп берді. “Сұрақтарыңыз болса, соңынан қоярсыз. Менің сөзімді бөлмеңіз”, – деп ескертіп қойды. Бизнес-жоспармен танысқан соң компанияның негізгі тауарлары – эксклюзивті швейцар сағаты, әртүрлі қымбат металдан жасалған әшекей бұйым, денсаулықты жақсартатын биодискі, саяхат картасы, тағы басқа ұсақ-түйек заттар туралы айтылды. Белгілі болғанындай, компанияға тіркеліп, байлардың санатына қосылу үшін ең алдымен бағасы 100 мыңнан басталатын сол өнімдердің бірін сатып алу шарт. Ұшар басында – өзіңіз, келесі сатыда – оң және сол “қолыңыз”. Сосын олардың “қолдары” болып әрі қарай тармақтала береді. Азамат көзді ашып-жұмғанша болашақтағы менің жобамды сызып берді. Бір ерекшелігі компанияға көшедегі көлденең көк аттыларды шақыра алмайсыз. Тек сенімді адамдарды тіркейсіз. “Жақсылық пен байлықты тілеген адамдарды ғана шақыру керек”, – деген Азаматтың айтуына қарағанда, өзге желілік маркетингтермен салыстыратын болсақ, мұнда шашыраңқылыққа жол жоқ екен. Екі “қолыңыздың” тепе-теңдігін сақтасаңыз ғана жалақы аласыз. Қол астыңызға екі адам тіркетіп, олардың әрқайсысы екі адамнан шақырса, табысыңыз екі еселенеді.
– Сіз алдымен 250 доллар пайда табасыз. Кейін – 500, одан әрі 1000, – деп сөздің майын ағызған Азаматтың сөзіне сенсек, ақша өзінен-өзі келетін көрінеді. Жер-жерді шарлап, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздамайды. Кеңсеге келгіңіз келгенде ғана келесіз. Бәрін алдын ала ойластырып қойған олар жастардың ең осал тұсы баспана мәселесі екендігін біледі. Өз қатарларына кіргізу үшін “Сен аз ғана уақыттың ішінде өзіңнің баспанаңа ие боласың. Аз ақша сала отырып, кейін апта сайын 20 000 АҚШ долларын табатын боласың” деген сияқты жылы сөздерге жастар түгіл, ересек қала тұрғындары ұйып қалмай ма? Мұндайды естігенде қаржы тапқысы келетін қай адам қарап қалсын?! Себебі, біздің елде 20 мың АҚШ долларына тең жалақы алатын ешкім жоқ. Дегенмен, Азаматтар айналасындағыларды осыншама қыруар қаржының астында қалатындығына сендіреді. Тек бір айырмашылығы бар. Ақылы тоқтаған, өмірлік тәжірибесі бар, оң мен солын айыра білетін орта жастағылар мұндай “тәтті” сөздерге иланбауы мүмкін. Ал қалтасында көк тиыны жоқ, пәтер жалдап, әр уақытта қаражатқа жарымай жүретін жастар қауымы өкілдерінің алды-артына қарамастан, желілік маркетингтің шырмауына түсіп жатқандығы анық. Азаматтардың: “Бастапқыда негізгі жұмысыңмен айналысып жүресің, ал кеңсеге күніне бірер сағатыңды бөлсең болды” деген сөзі жалған. Себебі, екі “қолың” теңеспейінше жалақыңды ала алмайсың. “Оқу оқып не керек, біреуге жұмыс істеп нем бар, біз дипломсыз, білімсіз-ақ байимыз”, – деген сөзге миы уланған жастар шығындалған қаражатын өндіріп алмақ ниетпен амалсыздан кешке дейін кеңседе отырып, үйге қарасын көрсетпейді. Ол – ол ма, оң және сол “қолын” толтырып, ақша табу үшін көрінгенге жалбарынып, ақыры жақын достары мен туысқандарына қолқа салады. Артық қаражаты жоқ, жалақыдан жалақыға күн көріп жүргендер ақша жия алмаған соң қарызға белшесінен батады. Банктен несие алып, мойнына құрық іледі. Түбінде ақшасын қайта өндіріп ала аламаған достары мен туысқандарымен арасы суып, қарым-қатынасы үзіледі.
Енді араға екі жыл салып қайтадан сұрастырып көрсем, мен барып-көрген желінің қаланың әр жеріндегі кеңселерінің бірі жабылып, екіншілері ашылып жатыр екен. Белгілі болғандай, тамырын тереңге жайған желілік маркетингтің аталмыш түрінің филиалдары облыс орталығымен шектелмей, кейбір аудандар орталықтарында да ашылып үлгерген. Ал демалыс күндері сәнді костюм киген болашақ “бизнесмендер” кеңірек кеңселерді жалдап, өңір жастарына арнайы таныстырылымдар ұйымдастыруда.
Бүгінгі таңда осы желілік маркетингтің жетегіне жас та, кәрі де еріп кетіп жатқан көрінеді. Алайда, менің таныстарымның арасында желілік маркетинг арқылы ақшаға белшесінен батып, байимын дегендер 4 жыл оқыған мамандығы бойынша жұмысқа кірмей, тіпті, мемлекеттік қызметтен де бас тартып, кейін санын соғып қалғандар аз емес. Осындайда желі жетегінде жүргендерге оның бәрі бекер екендігін айтып, дәлелдегің келсе, өздерінің білгендерін айтып, оған тіл тигізбей қорғайтындарына қарап, бұл жастармен нағыз психолог мамандар мықтап “жұмыс” істеген бе деген ойға келесің. Десек те арада 1,5-2 жыл өткен соң ғана сабасына түсіп, қаражат таппайтындықтарын түсініп жатады. Тіпті, бір өзі ғана емес, түгелдей отбасын, аға-інілерін де енгізіп алғандар жетіп жатыр. Тек араға уақыт салып, құйған қаражатын өндіре алмай, көзі ашылған жастардың бірі бұрынғы жұмыстарына қайта орналасса, ондай мүмкіндігі жоқтар алған қарыздарын жабу үшін Астананың құрылыстарына аттаныпты.
Мұндай желілік маркетинг компанияларының кейбіреуі әлемнің талай елінде қаржылық пирамида деп танылғандығын, ал ұйымдастырушылары түрмеге де қамалғандығын білуге болады. Біздің елде де жастардың миын улап жүрген желілік маркетингтің бұл түріне тыйым салуға болады. Ол үшін зардап шеккен адамдар прокуратураға немесе сотқа шағымдануы керек. Өкінішке қарай, біздің ел тұрғындары бала сияқты алданып қалғандарына ұяла ма, әлде ақшасын өндіріп аларына сенімді ме, әйтеуір, құқық қорғау органдарына әзірге арыз жазбапты.
Ғаламторды ашып, іздеуден бастасаң, біздің қалада “қызмет жасап” жатқан бір компанияға байланысты түрлі жағымсыз пікірлер көптеп жазылғанын көресің. Ең қызығы, оның өкілдері сататын сағаттар мен алтындардың ешқайсысы Швейцария елінде тіркелмегендігі, сағаттар механикалық емес, жай кварц екендігі ашық жазылған. Ал оның нағыз құны 1000 доллар емес, 200-ден де төмен делінген. Алтын деп сатқандарының тек кулондары ғана қымбат металдан, қалғаны жай темірден жасалған екен.
Байыптап қарайтын болсақ, классикалық пирамида негізінде құрылған желінің ең бірінші сатысында тұрғандар ғана байып, қаражат табады екен. Ал төмендегілері бірнеше айлар бойы көк тиын көрмейді.
Мақсатымыз – желілік маркетингке күйе жағу емес. Оның пайдасын да жоққа шығаруға болмайды. Оған қатысушылардың барлығы да алданды, торға түсті дей алмаймыз. Желіден бір жарық сәуле көргендер, игілігін көріп жатқандар да бар. Дегенмен, желілік маркетингтен пайда табу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Әрине, пайда тауып жүргендер де бар, бірақ олар саусақпен санарлық. Оларды компания өкілдері өзгелерге үлгі қылып көрсету арқылы қатарларын толықтыру үстінде. Бірақ, бұл кәсіп оңай ақша тапқысы келетін жұрттың бәрінің қолынан келе ме? Гәп осында. Ендеше, өз мүмкіндігіңізді асыра бағаламай, бәріне сын көзбен қарағаныңыз абзал болар? Әйтеуір, аузыңыз күйіп жүрмесін!..