«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МИНИСТР ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ЖЕТКІЗІП, облыстағы жағдайға оң баға берді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінде майлы дақылдар өсіруді дамыту қажет. Мұны облысымызға жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты. Ол облыс әкімі Самат Ескендіровпен бірге Тайынша ауданындағы бірнеше агроқұрылымдардың жұмысымен танысып, жергілікті ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесті.

Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,

журналист.

Еліміздің бас аграршысы алдымен Абай ауылдық округінде орналасқан “Астық STEM” ЖШС-де болды. Бұл жерде бидай мен зығыр егілген танапты аралап, шөп жинау науқаны барысын көрді. Қазіргі кезде серіктестік қажетті жемшөптің 30 пайызын әзірлеген.

Бұдан кейін министр қазақтың ақ бас сиырлары бағылатын жайылымға барды. Бүгінде серіктестік 330 бас ірі қараны бағуда. Оның 120 басы – сиырлар. Төлдері де аяқтанып, жайылымда жүр. “Астық STEM” ЖШС-нің тамшылатып суару технологиясы бойынша өсірілген биылғы картобы бітік шығыпты. Осы танаптарды аралап шыққан Асылжан Мамытбеков:

– Бұрын бірінші репродукторлы бидайға субсидия бөлінбейтін. Сондықтан диқандардың көбісі тұқымын жетілдірілген түрлермен жаңартуға ниет танытпайтын. Ал қазір мемлекет 100 пайыз элиталық дән еккендерге ғана демеу жасайды. Бұл – өнімнің сапасын жақсартудың және ауыл шаруашылығын дамытудың тікелей жолы. Агроқұрылымдар бизнесін жақсартуға әрекет жасамаса, оларға субсидия берілмейді. Егістік науқанын межеленген уақытта аяқтамағандар да демеуқаржыдан қағылады. Бітік егін ору үшін егіс науқанын ғалымдар белгілеген уақытта аяқтау қажет. Әрине, әр өңірдің табиғи ерекшеліктері ескеріледі, – деді.

Еліміздің бас аграршысы аталмыш серіктестіктің техникасын да назарынан тыс қалдырмады. Себебі, мұнда егін себетін комбайндар ғана емес, картоп, сәбіз сеуіп, жинайтын техникалар да – соңғы үлгідегі машиналар. “Эксим нан” ЖШС-нің алқаптарын аралаған басшылар шөп жинау үдерісін де қарады. Шаруашылық биыл өзіне – 700 тонна, ал ауылдықтарға 300 тонна шөп жинауы керек. Әзірге оның 30 пайызы әзірленген. Бұдан кейін Асылжан Мамытбеков пен Самат Ескендіров жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы – “Агадес” ЖШС-іне барды. Фабрика жылына 105 миллион жұмыртқаны саудаға шығарады. Ал тауық саны – 420 мың. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімі “Ильичевка-Астық” ЖШС салған элеваторды да көрді. 2012 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілген нысанның жалпы құнының 40 пайызын “ҚазАгроҚаржы” АҚ көтерген екен. Аталмыш ауданның Аққұдық ауылында орналасқан асылтұқымды ірі қара өсіретін “Алабота” ЖШС бүгінде 412 бас ірі қараны бағып отыр.

Жұмыс сапары соңында Асылжан Мамытбеков ауданның шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп олардың, өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ, министр ауыл азаматтарына тамшылатып суару жүйесін ендіргендер де мемлекеттік қолдауға ие болатындығын айтып, бірқатар жағымды жаңалықтармен бөлісті. Алдағы уақытта шетелден жеткізілген ірі қараға қарастырылатын субсидия көлемі ұлғайтылып, үстіміздегі жылдан бастап асылтұқымды қой шаруашылығы әлеуетін арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарлама қолға алынады. Сондай-ақ ветеринарлық қызмет туралы жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр.

Талай мәселеге қаныққан ауылдықтар көмек пен қаржы жағдайын сұрап білді. Биыл біздің өңірге 10 миллиард теңге бөлініпті.

– Оның 2,5 миллиард теңгесі бағдарламаның барлық бағыттары бойынша мал шаруашылығын дамытуға бағытталса, қалғаны егін шаруашылығына бөлінеді. Үстіміздегі жылдың бір ерекшелігі – өткен жылы шетелдік өндірістің гербицидтерін субсидиялау жөніндегі заңнама қабылданғаннан кейін біз қосымша 2,5 миллиард теңге қаржы алдық, – деді Самат Ескендіров.

Жұмыс сапары барысында бір ауданның негізінде жалпы өңірдің ауыл шаруашылығы саласының жағдайын білген министр өзінің оң бағасын берді.

– Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалар жақсы жүзеге асырылуда. Алайда, мал шаруашылығын дамытуда және өсімдік шаруашылығын әртараптандыруда пайдаланылмаған зор әлеует те бар. Әрине, бұған нақты мемлекеттік қолдау қажет екені сөзсіз. Бұл қолдау “Агробизнес – 2020” бағдарламасында қарастырылған, – деді Асылжан Мамытбеков. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp