«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚТАР ҚҰРЫЛТАЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асылбек АМАНДЫҚҰЛЫ,

журналист.

Жуырда Ресейдің Түмен облысындағы Абат ауданында қазақтардың Халықаралық “Құрылтай – 2013” шарасы ұйымдастырылды. Ресей еліндегі қандастарымыз аталмыш құрылтайды өткізуді игі дәстүрге айналдырған.

Сұлулығы көз тартатын көлдің жағасында өткен дүбірлі тойға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Олардың арасында еліміздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарынан барған өкілдер де бар.

 

Сахна төрінде Түмен облысының ғана емес, Қызылжардан барған өнерпаздар да өнер көрсетті. Мерекелік бағдарлама қазақтың “Қамажай” биімен басталып, келген қонақтар орыс ұлтының салт-дәстүрі бойынша нан-тұзбен қарсы алынды. Сахна төрінен қазақтың ұлттық рухын оятатын, туған жердің абыройын асқақтататын “Атамекен”, “Туған жер”, “Қазақтай ел қайда?”, “Қазақ осы” сияқты әндер шырқалды.

Құрылтай барысында еліміздің 3 өңірінен барған өкілдерге сөз берілді. Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров бұл мерекенің Астана мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келгендігін айтып, Ресей мен Қазақстан ынтымағы мен бірлігі жарасқан көрші мемлекеттер екендігін ерекше атап өтті. Төлеген Қонқышұлы түмендік қандастарымызға естелікке еліміздің тарихы жазылған “Қазақстан” атты кітапты табыс етті.

Көлді айнала тігілген киіз үйлерде жайылған дастарқанға қазақтың ұлттық тағамдары қойылып, қонақтарға қонағасы тартылды. Түрлі ұлттық ойындар – атжарыс, арқан тартыс, қазақ күресі, ұлттық киімдер сайысы, асық ойнау, ең әдемі киіз үй, халықаралық тағамдар, “Ең ұзын шаш” конкурстары ұйымдастырылды. Жас балаларға дейін сайыстарға қатысып, түрлі ойындарды қызықтады. Ал құрылтайға келген қонақтарға қазақтың салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан көріністер көрсетілді.

– Біз бұл мерекені жылда ұйымдастырамыз. Жыл сайын әр аудан қазақтар құрылтайын өткізуді өз мойнына алады. Осы жолы бұл міндетті Абат ауданы өткеруде. Менің ойымша, “Құрылтай – 2013” тамаша өтуде, – дейді Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев.

Мереке соңында өткізілген сайыстар мен байқаулар бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттап, “Құрылтай – 2013”-ке қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында біздің өңірден барған өкілдер де бар. Марапаттаудан кейін Абат ауданы ендігі жылғы құрылтайды өткізетін Сорокин ауданына жауапты міндетті тапсырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp