«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрғындардың өмірін қорғау – әрқайсымызға міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туған-туысқандарымыз бен жолдастарымыздан аяқ астынан айырылу, олардан мәңгілікке көз жазып қалу – орны толмас қайғы. Сондықтан әрбір мемлекеттің басты міндеттерінің бірі өз азаматтарының қалыпты өмір сүруін барынша қамтамасыз ету, оларды төтенше жағдайлардан қорғау болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: “Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп жазылған. Яғни, мемлекет қауіпті жағдай туа қалған шақта адамды қорғау, оның өмірін құтқару үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға міндетті. Еліміздің басты заңы қабылданғаннан кейінгі жылдары азаматтық қорғаныс (АҚ) пен төтенше жағдай (ТЖ) саласында тұрғындарды апаттардан, табиғи зілзалалардан қорғаудың тетігін түсіндіру арқылы қатынастарды ретке келтіретін заңдар қолданысқа енгізілді.

Мұрат ҚАНҒОЖИНОВ,

СҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс

іс-шараларын орындауды бақылау бойынша бөлім инженері,

өртке қарсы қызмет капитаны.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының “Азаматтық қорғаныс туралы” Заңында азаматтық қорғанысты жүргізу және ұйымдастыру мемлекеттің ең маңызды функцияларының бірі және оның қорғаныс іс-шараларының құрамдас бөлігі екендігі аталған. Сондықтан азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындаудағы басты назар адамдардың өмірлері мен денсаулықтарын, материалдық құндылықтарын сақтауға арналған. Техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларда заманауи жабдықтарды қолдану кезінде болар зардапты азайту мақсатында аумақтар мен ұйымдарда алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде жүзеге асырылады. Сол себепті барлық жекеменшік нысандардағы ұйымдар мен азаматтар азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін жұмылдырылады. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыстық ТЖ департаменті тексеріс түрінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

Былтырғы жылы облыстың өнеркәсіптері мен ұйымдарына 61 жоспарлы тексеріс жүргізіліп, оның барысында 293 құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 49 лауазымды тұлғаларға бір миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ тексеріс барысында бақылау объектілерінде азаматтық қорғаныс жоспарының жоқтығы, ескертулер түзетілмегендігі, апаттық көшіру комиссиясының құрылмағандығы, қызметкерлер мен олардың отбасыларын көшіру бойынша құжаттардың әзірленбегендігі анықталды. Қызметкерлердің азаматтық қорғаныс бойынша міндеттерін орындау үшін апаттық жағдай, техногендік апаттар туралы халық пен елді мекендерді хабарландыру жүйесі жоқ (ақпараттық-анықтамалық стендтер, әдебиеттер, азаматтық қорғаныс ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік құралдар). Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары мекемелерде бар болғанымен, көпшілігінің пайдалану уақыты өткен.

Азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындалмауының негізгі себептеріне АҚ және ТЖ нормативтік-құқықтық актілерін орындауға тексеріс жүргізілетін объектілер басшыларының өзінің және қызметкерлерінің жеке бас қауіпсіздігіне немқұрайды қарауы, жеке қорғаныс заттарын сатып алу үшін АҚ қызметкерлерін оқытуға іс-шараларын қаржыландырудың болмай жататындығын айтуға болады.

Есеп беру кезеңінде облыс бойынша 5 нысанның, 9 қорғаныс ғимаратының (панажай) жағдайы тексерілді. Оның ішінде 1 панажай мемлекеттік мекеме қарамағында болса, ал 8-і жекеменшік кәсіпорындарға қарасты. Тексеріс барысында панажайлардың көбінің жағдайы жарамсыз, жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Қорғаныс ғимараттарының негізгі бөлігі жекеменшікте, ал жеке кәсіпкерлер өз кезегінде оларды ұқыпты күйде ұстауға тиісті назар аудармай келеді. Панажайларды жөндеуге қаражат бөлінбегендіктен, оларды тиісті бағытта қолдану мүмкін болмай отыр. Сол себепті бүгінгі таңда қорғаныс ғимараттарының көбісі апаттық жағдайда болса, халықты қабылдауға жарамсыз күйде. Тексеріс нәтижесі бойынша кәсіпорындардың жауапты және лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұлдар салынды.

Сонымен қатар бұл жағдайдың теріс жағымен қатар оң тұстары да бар. Облыс аумағындағы объектілердің тізімі бар, әрі оларға ұдайы түрде қорғаныс ғимараттарын жөндеуге және қалыпты жағдайда ұстауға қажетті қаражат бөлініп тұрады.

Өкінішке қарай, көптеген объектілердің басшылары мен Қазақстан Республикасының азаматтарының арасында азаматтық қорғаныс іс-шараларына жеткілікті түрде назар аударылмай келеді.

Облыстық ТЖ департаменті жыл сайын облыс тұрғындарымен азаматтық қорғаныстың барлық бағыттары бойынша кешенді жұмыс жүргізеді. Сонымен, 2012 жылы азаматтық қорғаныс құрылымдарының командирлерімен, басшылық құраммен дайындық жұмыстары жүргізілді. Өңірімізде халықты оқыту жұмысы қолға алынды. Шығу және стационарлық әдіспен әртүрлі санаттағы 1002 маман оқудан өтті. Оның 457-сі басшылық және командалық-басшылық құрамнан болды. Сонымен былтырғы жылы “Азаматтық қорғаныстың республикалық оқу-әдістемелік орталығы” ЖШС-інде облыстың лауазымды тұлғалары арнайы оқудан өтсе, оның 20-сы ТЖМ аумақтық органдарынан, ал 37-сі жергілікті атқарушы органдардың мамандары.

Облыс өнеркәсіптерінің азаматтық қорғаныс жағдайына дайындықтары жоқ, құралдар жетіспегенімен, соңғы 5 жылда оны жетілдіруде оң өзгерістер орын алды. Ол қоғамдық сананың, азаматтық қорғаныс мәдениеті деңгейінің өсуі, азаматтық қорғаныс іс-шараларына объектілер басшылары жауапкершілігінің жоғарылауы, қойылған талапты орындауға қызығушылық танытуы. Осының арқасында құқық бұзушылық саны азайды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp