«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәрбиеленушілеріміз топ жарып жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кенжегүл ХАМЗИНА,

облыстық ұлттық спорт мектебі директорының орынбасары.

Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ ойыны – ата-бабамыздан мирас болып қалған асыл мұрамыз. 2004 жылы Петропавл қаласында облыстық ұлттық спорт мектебі ашылғаннан бері өңірдің жас жеткіншектерін аталмыш спорт түрлеріне баулу жұмысы қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта біздің мектепте, қазақ мектеп-гимназиясында, Ақжар, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев аудандарында ашылған бөлімдерде 6 жаттықтырушы-оқытушы жалпы 90-ға жуық тәрбиеленушілерге ұлттық ойынның қыр-сырын үйретуде. Осы уақыт ішінде жеткен жетістіктеріміз аз емес. Атап айтқанда, мектебіміздің тәрбиеленушілері Динара Сүлейменова мен Диана Темірболатова Қызылорда өңірінде тоғызқұмалақтан өткен ел біріншілігінде қола медальға ие болса, Алтынгүл Темірболатова алтыннан алқа тағынып, облысымыздың мәртебесін көтерді.

Осындай жетістіктеріміздің бірі – Астана қаласының кубогы үшін өткен жарыста 24 команданың арасынан өңірдің құрамасы командалық есепте 12-орынға ие болды. Егер тоғызқұмалақ ойынының облысымызда кенже дамып келе жатқан спорт түрі екендігін ескерсек, бұл көрсеткіш жаман нәтиже емес. Дегенмен, жекелей сында жерлес ойыншылар жүлделі орындарға ие болмаса да, 200 ойыншы қатысқан дүбірлі жарыста үздік ойыншыларының қатарынан көріне білді. Атап айтсақ, 10 жасқа дейінгі ойыншылар арасынан Мағжан Хоршат, Мейрамгүл Каменова, Дамира Сүлейменова, ал 13 жасқа дейінгі ойыншылар арасынан Жанарыс Хоршат, Диана Темірболатова жарыстың үздік ондық ойыншыларының қатарына енді. Аталған тоғызқұмалақшылар Қостанай қаласында өтетін ҚР кубогында өз бақтарын тағы да бір мәрте сынайтын болады.  

Соңғы жылдары жергілікті балуандар қазақ күресі бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге қол жеткізуде. Өңірімізде ересек балуандарды баптап жүрген аға жаттықтырушы Есләмбек Бекмурзиннің тәрбиеленушілері ел біріншіліктерімен қатар Азия, Еуропа чемпионаттарында да жеңістің бірінші сатысынан көрінуде. Егер Есләмбек Бекмурзин ересек балуандарды жетістікке жетелесе, қарамағындағы жаттықтырушылар – Болат Нұртазин мен Бахытжан Сайдуллаев жас жеткіншектерді ұлттық спорт түріне баулып, өз еңбектерінің жемісін көріп отыр.

Атап айтсақ, жуырда Мамлютка қаласында қазақ күресінен мектеп оқушыларының спартакиадасы өтті. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды шалақындықтар жеңіп алса, екінші орынды Қызылжар ауданының құрамасы иеленді. Ал үшінші орын ақжарлықтарға бұйырды. Байрақты бәсекеде алтын және күміс медальдар иеленген және 4-орынға табан тіреген Аққайың ауданы командасының мүшелері облыстық ұлттық спорт түрлерінен БЖСМ-нің аудандық филиалдарының тәрбиеленушілері екендігін атап өткен жөн.

Командалық жеңіске жету жолында тер төккен балуандардан шалақындық Бақыт Бекмағанбетов, Асылхан Рамазанов, Махамбет Айтхожин, Құдайберген Жұмашев, Ержан Әскеров, Егіс Жолкен алтын жүлдеге ие болса, ал Қызылжар ауданынан – Ержан Қабділмәжитов, Кеңес Қасымбеков, Бекжан Тұрымбетов, Ерсұлтан Сайдуллаев, Абылайхан Өмірзақов күміс медальға қол жеткізді. Жеңімпаз атанып отырған спортшылар облыстық ұлттық спорт мектебінің тәрбиеленушілері, облысымыздың бірнеше дүркін жеңімпаздары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp