Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асқар Базарбаев, Арман Қожахметов, Андрей Бегенеев облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлерімен кездесті.
Жиында департаменттің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Павел Филиппов құтқарушылардың жыл басынан бергі атқарған жұмысын баяндап, әзірліктерімен таныстырды.
Кездесуде Парламенттің бірінші оқылымынан өткен “Азаматтық қорғаныс туралы” жаңа заң жобасы да талқыланды. Онда маңызды мәселелер қарастырылғандығын айтқан Арман Қожахметов бұл өз кезегінде халық пен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің жұмысын жақсарта түсетіндігін тілге тиек етіп, осы құжатқа қатысты келіп түскен ұсыныстар мен шағымдар алдағы уақытта ескерілетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін депутаттар №2 өрт сөндіру бөліміндегі кәсіби даярлық мектебінде болып, құтқарушылардың дайындығын байқап көрді. Одан кейін құрметті меймандарға жас құтқарушылардың психологиялық дайындығы мен қызметкерлердің апаттық-құтқару жаттығулары көрсетілді.
Халық қалаулылары Пестрое көліндегі суда құтқару станциясында да болып, құтқарушылардың жаз мезгілі мен қыста киетін арнайы киімдерінің таныстырылымына қатысты.
Кездесудің соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары құтқарушылардың жұмысына оң баға берді.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.