Құбырды салу кезіндегі кеткен ақаулар “Арселор Миттал Теміртау” АҚ металлургиялық комбинатындағы ірі апатқа себеп болды – арнайы комиссия қорытындысы осындай.
“Құбырды салу кезінде ақаулар болған. Оны тұрғызу кезінде 1960 жылдары отқа берік кірпіштің орнына басқа материал қолданылған. Температураның ауытқуы нәтижесінде құбырдың ішкі бөлігінің қирауы орын алған. Сонымен қатар, апат болған күні желден күшті салмақ түскен”, – деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша ТЖД бастығының орынбасары Владимир Пфаргер. Ол құбырдың 48 жыл бұрын салынғанын айтты. Құжаттарға сәйкес пайдалануға берілгеннен кейін 25 жылдан соң құбырға ішкі тексеру жүргізілген.
“Мамандар комбинаттың басқа құбырларын сырттай тексерген. Жобадан мұндай ауытқулар анықталған жоқ”, – деп жалғастырды В. Пфаргер.
Естеріңізге сала кетейік, “Арселор Миттал Теміртау” АҚ ХУ-1 коксохимиялық өндірісінде биылғы 26 маусым күні сағат 16.15-те темір-бетон түтін мұржасы опырылып, жарылған. №5 кокс батареясының аралық жылу қабырғасындағы өртелген өнімдерді жоюға арналған мұржа үшке бөлініп кеткен. Құрбандар мен зардап шеккендер болған жоқ.