«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚ БИДАЙ – 2013” ауыл спорты ойындары басталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

11 шілдеде Тимирязев ауданында дәстүрлі “Ақ бидай – 2013” ауыл спорты ойындары жалауын көтерді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысты.

Мағжан АХМАДИНА,  

журналист.

Осы жолы дәстүрлі жарысқа ат терлетіп келген мың жарымға жуық үміткерлер спорттың 14 түрінен – волейбол, баскетбол, футбол, шахмат, дойбы, нысана көздеу, еркін күрес, үстел теннисі, армрестлинг, жеңіл және ауыр атлетика, гір көтеру, велоспорт бойынша сайысқа түсіп, бақ сынаспақ.

Осы орайда Самат Ескендіров халықтың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын насихаттау Елбасының әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі екендігін айта келіп, спортшылар мен жанкүйерлерді “Ақ бидай – 2013” спартакиадасының ашылуымен құттықтады.

Жиналған қауымды Тимирязев ауданының әкімі Еркін Базарханов пен ауыл ақсақалдары да құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Сап түзеп, салтанатты түрде алаңға бет алған аудандар құрамалары мүшелерінің көздерінде жеңіске деген ұшқын байқалды. Аталмыш спорттық жарысқа қатысқалы отырған қыз-жігіттерден ертең еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын спортшылар шықпақ.  

Еліміздің Гимні орындалып, спартакиада салтанатты түрде ашылғаннан кейін “Ақ бидай – 2013” алауын тұтату құрметі тимирязевтік жеңіл атлетикадан спорт шебері Павел Тебеньковқа берілді. Содан кейін көрермендердің назарына театрландырылған көрініс ұсынылып, әсем безендірілген кең сахнада арнайы шақырылған қазақ эстрадасының жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар асқақтата ән шырқап, салтанат шырайын аша түсті.

“Ақ бидай – 2013” ауыл спорты ойындары 14-ші шілдеге дейін жалғасады. Жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанған құрамаға облыс әкімі тіккен бас жүлде – “ГАЗель” автокөлігі бұйырса, екінші, үшінші орындарға тиісінше 300 және 200 мың теңге көлемінде сыйақы табысталатын болады. Ал әуесқой спортшылардың арасынан жеңімпаздарды 45 кәсіпқой төреші анықтайтын болады.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp