«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТ ҚОНҒАН АҚБҰЛАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақбұлақ ауылдық округі – Уәлиханов ауданындағы ең үлкен және күннен-күнге көркейіп келе жатқан аумақтық-әкімшілік бөлік. Оның жалпы жер аумағы 117180 гектар болса, соның 54127 гектары – егістік, 60023 гектары – жайылым, 25918 гектары шабындық алқап саналады. Сонымен қатар округ тұрғындары ірі қара мен жылқының және қойдың өрісін көбейтуге үлкен мән береді. Округті мекен ететін 1289 адамның денін қазақтар, орыстар, немістер, татарлар, украиндар, белорустар, шешендер құрайды. Бұл – бірлігі мен ырысы жарасқан ел. Мұнда құрылыс құмын және қиыршық тас өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындар бар. Округтің 21,7 пайыз тұрғыны шағын және орта кәсіпкерлікпен, мал шаруашылығымен және егіншілікпен жүйелі түрде айналысады. Сөйтіп, олар ел экономикасы мен әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр. Олардың бірқатарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілуде. Округтегі елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, санитарлық тазарту мен абаттандыру жұмыстары да жақсы ұйымдастырылуда. 2012 жылы “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясы аясында Ақбұлақ ауылдық округі аудан бойынша үшінші орынды иеленді. Бұл жетістікке, әрине, ауыл тұрғындарының тікелей қолғабысының арқасында қол жеткізілді. Ақбұлақ ауылындағы 150 орындық клуб және оның ішіндегі үлкен кітапхана мен үйірмелер – тұрғындардың игілігінде. Аталмыш мекеме өңірлік кітапханалар ішінде екінші орынға ие. Сондай-ақ бұл клубта екі этномәдени орталық пен балалардың шағын қуыршақ театры жұмыс істейді.
Аталған деректерге көз жеткізу үшін округтің әкімшілік орталығы орналасқан Ақбұлақ ауылында болып, ондағы нысандардың бірқатарына бас сұғып, жетістіктерін көріп қайтқан едік.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

ҚЫМЫЗ САТҚАН КӘСІПКЕР – ҚАЗІР МЫҚТЫ ФЕРМЕР

Жанболат Нұрғалиев “Аққайың” фермерлік шаруашылығын былтыр ғана ашқан. Жылқы малын көбейтіп, бие сауумен кәсіпкерлігін бастаған ол – бүгінде іскерлігімен танылған жан. Ол соңғы 2-3 жыл бойы 10-15 биені саууға байлап, қымызын Көкшетау, Петропавл қалаларына дейін шығарып сатып, өзінің отбасылық ахуалын жақсартып алғанын айтады. Былтырға дейін оның жекеменшігінде 30 бас жылқы болған. Ал өткен жылы мемлекеттің “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша берілген 3 миллион теңге несиеге 20 бас жылқы сатып алады.

– Жанболат Кәрібайұлы – өзінің іскерлігімен көзге түскен жігіт. Ол біздің ауылға көшіп келгенде қорасында шамалы ғана мал болатын. Жылқы басын көбейтуден бастаған кәсіпкер бүгінде ірі қара мен қойға да назар аударып отыр. Жігіт еңбекқорлығының арқасында өзінің отбасын ғана емес, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Осындай азаматтардың қатары көбейген сайын мекеніміз гүлдене түсуде, – дейді оругтің әкімі Марат Дүйсенов.  

“Аққайың” фермерлік шаруашылығы ірі қара өсірумен айналысуды биыл бастапты. Бүгінде шаруашылықта 95 бас Зеңгі баба төлі бар. Жанболат Кәрібайұлы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 11 миллион теңге несие алып, мамыр айында оған қазақтың ақбас сиырының 47 бас тайыншасы мен үш бұқасын сатып алып, оған өз меншігіндегі малды қосты.

Жанболат агроқұрылымды алып жүру жолында туындаған бірқатар қиындықтарды рет-ретімен шешіп жатқанын тілге тиек етті. Ол мемлекеттен 15 жылға 500 гектар жерді жалға алып, оған бидай мен сұлы сепкен. Әңгіме барысында егіншілікпен айналысқан шаруашылыққа малдың жемазығын дайындау қиын емес деген ойын жеткізді. Шабындық жері де бар. Алайда, шөптің шығымдылығы ауа райына байланысты. Ол биыл егіннен ырыс мол болар деп үміттеніп отыр.

Кәсіпкердің алдағы жоспары – шаруашылықтың ескірген техникаларын жаңарту. Бұл мақсатқа жету үшін алдыңғы несиелерін бір жағына ыңғайлап, сосын лизинг арқылы техника алғысы келеді. Шаруашылықты жан-жақты дамытуды көздеген басшыны арман осылай алға жетелейді.

СУ ТАСЫП, ТАБЫС КӨЗІН ТАПҚАН

Бүгінде елді мекендерде жұмыссыздық әлі де көп дегенмен, тұрғындардың бәрі бірдей кез келген жұмысты істеуге дайын деп те айта алмаймыз. Отбасының соқталдай азаматтары жұмыстың жоқтығын сылтау етіп, екі қолын қалтаға салып жүргенін де көріп жүрміз. Сондықтан болар, Ақбұлақ ауылының көшесінде атты арбаға үлкен бөшке салып алып, әр үйдің ауласына тоқтап, су таратып жүрген адамды көрген кезде оның бұл жүрісіне назар аудармау мүмкін емес еді. Мен де оның бұл әрекетіне көңілім ауып, қасына бардым. Бұл ауылдың Бақытжан Құсайынов деген тұрғыны екен. Ол былтырғы жылдың қазан айынан бастап су тасиды. Ауылдан бір шақырым жердегі электрлі құдықтан су құйып алып, оны ауылдастарына сатады.

– Тұрғындардың сұрауы бойынша қыстыгүні – шанамен, ал жазда арбамен тасимын. Бөшкенің сыйымдылығы – 30 фляга. Жылқы – өзімдікі. Зейнеткерлерге бір фляга су – 10 теңгеден, ал басқаларға 20 теңгеден сатылады. Күніне 4-5 рет қатынаймын. Бұл жұмыстың қыс мезгілінде жақсы жүретінін байқадым. Бастапқы алты ай еңбегімді, яғни 15 мың теңгені аудандық еңбек биржасы төледі, ал жаз айлары табысты өзім тауып жүрмін. Ыдыстың тазалығын қадағалап, ішін жиі шайып отырамын. Өйткені, еңбегіңді сатып істегеннен кейін тұтынушының да талабы орындалуы керек. Ауылдастар күнделікті қанша мөлшерде су алғанын өздері жазып отырады да, айдың соңында жинап береді, – дейді су тасушы кәсіпкер.

Бұл ауылдағы жұмыссыздықтың орнын толтыру үшін жергілікті әкімдіктің жасап отырған әрекеті. Дегенмен, Бақытжан Құсайыновтың еңбекке деген талпынысы мен өз отбасысын асырауға деген жауапкершілігі оған деген құрметті арттыратыны анық.

АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ

Ақбұлақ ауылындағы 150 орындық клуб 2010 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Талай жыл қараусыз қалған мәдениет ошағын қайтадан жаңғыртуға республикалық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген. Бүгінде тұрғындардың бас қосатын мәдени орталыққа айналған клубтың жұмысын көргенде көңіл толады. Ондағы 6300 дана қоры бар кітапхана, балалар мен ересектерге арналған түрлі үйірмелер, спорттық ойындар алаңы жұртшылықтың бос уақытын ұтымды пайдаланып, саламатты өмір салтын ұстануы үшін ұйымдастырылған. Денсаулығын нығайтқысы келгендерге – “Денсаулық формуласы”, шахматшыларға – “Ладья”, үстел теннисімен айналысатындарға – “Алтын ракетка”, сәндік-қолданбалы өнерге құмарларға – “Қайнар”, тігіншілікке баулуға – “Жұлдыз”, драмалық өнерге жақындарға – “Тамаша”, салт-дәстүрді насихаттауға – “Мұрағат”, ұлттық аспаптарды үйретуге “Домбыра-дастан” үйірмелері құрылып, онда ауыл тұрғындары белгіленген жұмыс кестесі бойынша бас қосады. Ал “Забава” балалар қуыршақ театры мен “Сударушка” және “Шапағат” топтарының өнерпаз ұжымдары жұртшылықтың көзайымына айналғанына да биыл бесінші жыл болыпты.

– Мәдени орталығымыз 2009 жылы құрылды. Шағын топта 6 адамнан өнер көрсетеді. Ұжымның өнерге деген құштарлығы қызығарлық. Біз әр мерекелік шараға атсалысуды дағдыға айналдырдық. Жасымыз үлкен болса да, ән айтып, би билеген кезде бір жасап қалатындаймыз, – дейді “Сударушка” тобының жетекшісі Галина Винищенко.

Мұндағы топтар этномәдениетті жаңғырту үшін құрылған. Өнерпаздар концерттік бағдарламаларында ән шырқап, би билеп қана қоймайды, сондай-ақ славяндар мен қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты түрлі сахналанған көріністерді де шебер ойнайды. Осының барлығына ауыл тұрғындары үлкен қызығушылық танытуда. “Біздің өмірден түйгеніміз мол. Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізді жалғастыратын жас ұрпаққа білгенімізді үйретуіміз керек”, – дейді топ мүшелері.

Қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттауға арналған мүйісті “Шапағат” тобы 2010 жылы ашқан екен. Қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты жәдігерлер мен бұйымдарды ауыл болып жинап, бүгіндері мүйісті шағын мұражайға айналдырыпты. Үйірмелерде жасалатын бұйымдар да жәдігерлер ретінде сақталған. Оларды аудандық, облыстық қолөнер туындылары байқауларына апарып, талай жүлделі орындарға да ие болған көрінеді.

Өнерпаздар концерттік бағдарламаларына киетін киімдерін өздері тігіп алады екен. Материалдық тапшылықтың салдарынан көптеген ойлары жүзеге аспайтынын тілге тиек еткен топ жетекшілері: “Талай байқауларға қатысып, жүлделі орындар алдық. Дегенмен, біз әуесқой ұжым болғандықтан, бізге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Көрші ауылдарға барып, өнерімізді көрсетіп, жұрттың көңілін көтерейік десек, қаржы тапшылығы қолбайлау жасайды. Сондықтан ұжымның өнерін әрі қарай өрістетуге шамамыз жетпей отыр. Қалай десек те, қаржылай қолдаудың мүмкіншілігі болса деп армандаймыз”, – дейді.

НАНЫ ДӘМДІ КӘСІПКЕР

– Мен бизнестен алшақ едім. 1998 жылы мемлекет қайтарымсыз 30 мың теңге қаржы беріп, оған азық-түлік дүкенін аштым. Сол қаржы әжептәуір көмек болды. Бизнес жүргізудің оңы мен солын айырып қалдым. Ал былтыр әкімдікке жолым түсіп, бір барғанымда ондағылар “Жұмыспен қамту – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алудың мүмкіндігі бар екендігін алға тартты. Содан алған 3 миллион теңгеге ауылда наубайхана мен дәмхана аштым. Тауардың айналымы жаман емес, тиын-тебен тауып жатырмыз, – дейді кәсіпкер Жұмәділ Мұқанов.

Ол былтыр ауылдағы ескі үйді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бір бөлмесіне нан пісіретін пеш қойып, екіншісінде шағын дәмхана ашып, өзінің кәсіпкерлігін дөңгелете бастапты. Енді, міне, ауыл тұрғындары отбасылық той мен діни жоралғыларды осында өткізуге тілек білдіретін көрінеді. Ауылда наубайхана ашылғаннан бері әйелдердің нан пісіруден қолдары босағандай. Әзірге кәсіпкерге тауар өткізуде еш қиындық жоқ. Тіпті, күніне пісірген 150 бөлке нанының жетпей қалатынын айтады. Дегенмен, нанды көбірек пісірейін десе, наубайхана жан-жақты жабдықталмаған, автоматтандырылған қамыр илегіш жоқ. Сондықтан кәсіпкер бұл мәселені жақын арада шешу керектігін сөз етті.

– Үкімет кәсіпкерлікке көмек жасап жатқан соң біз қалай тыныш жатамыз?! Оның үстіне осы ауылдың тұрғыны болғандықтан, елдің жағдайына жаным ашиды. Сондықтан өндіріс орнының жанында күл-қоқыс үйіліп жатқан жерді тазартып, онда балалар ойнайтын үлкен алаң ашуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жұмәділдің кәсіпкерлігіне інісі тауар тасушы, келіні сатушы болып орналасқан. Сондай-ақ онда көрші-қолаңға да жұмыс табылған. Қол астында 7 адам еңбек етеді. Сондай-ақ “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының тағы бір шарты бойынша онда еңбек ететін наубайханашының 40 мың теңге еңбекақысының 20 мың теңгесін бір жыл бойы аудандық еңбек биржасы төлейді. Бұл, әрине, ісін енді бастаған кәсіпкер үшін үлкен көмек. Наубайхананың жұмысы түнгі сағат 23-те басталады. Өйткені, электр тарату жүйесіндегі сараланған тариф бойынша тұтынушы түнде 1 кВт. үшін 5 теңге ғана төлейді. Ал таңғы сағат 9.00-де дүкеннің сөресінде жаңа пісірілген, жұмсақ нан тұрады.

– Дүкенге нан алу үшін келген адамның жөл-жөнекей басқа да тауарларға көзі түсіп, сауда тәуір жүре бастады. Тауардың түрлері көп болғаны жақсы. Тұрғындарға не қажет болса, соны таба алатындай жұмыс істеуіміз керек. Біз тек өз қалтамызды қалыңдату үшін ғана емес, халықтың сұранысын орындай білуді мақсат етуіміз керек деп ойлаймын. Ауылда өндірілетін сүт, ет, айран, қымыз, көкөністердің барлығы дүкеннің сөрелерінде тұруы керек, – дейді кәсіпкер.

ҚЫЗЫЛТУДЫҢ ҚИЫРШЫҚ ТАСТАРЫ

Ақбұлақ ауылдық оругіндегі “Нефрит Қызылту” ЖШС-і Қызылту кен орнында құрылыс тасын өндірумен айналысады. Ол 2010 жылы ашылған. Бұл инвестициялық жобаның құны – 168 миллион теңге, зауыттың қуаттылығы жылына – 150 мың тонна. Мұнда маман тапшылығы жоқ. Серіктестікте 47 адам еңбек етеді. Вахталық әдіспен еңбек ететіндердің қолға тиетін орташа жалақылары – 80 мың теңге.

Жаз айларында үлкен кен орнында жұмыс қызу жүреді. Онда табиғаттың қойнауынан шығарылған тас бірнеше өңделіп, одан түрлі сұрыптағы құрылыс материалдары дайындалады. Тастардың фракциясына қарай сатылу бағасы да түрліше. Кәсіпорын өнімдерінің басым бөлігі Омбының бетон-асфальт зауытына жөнелтіледі. Ал қазақстандықтар оларды тек жолдар мен алаңдарға тас төсеу үшін пайдаланады. Күніне 500 тонна өнім өндіріледі. Оның үстіне жақын маңда да осы тәрізді өндіріс орындары бар. Ең бастысы – бұл кен орнында жұмыс істеудің адам денсаулығына зияны жоқ. Ондағы жер қойнауында 150 мың текше метр қиыршық тас қоры бар. Кәсіпорын табиғатты пайдалануға 25 жылға келісімге отырған.

– Жаңадан құрылған кәсіпорын үшін бірқатар ауыртпалық бар. Жер қойнауы байлығын өңдеу ауыр болғандықтан, роторлар көп қирайды. Ал олар осыдан екі жыл бұрын ғана орнатылған болатын. Қаржылай қиындық бар. Жаңа құрал-жабдықтар алу үшін кредит құжаттап едік, жыл басынан бері әлегі бітпей жатыр. Қатынас жолдарының нашарлығы да өзекті мәселе. Өзіміз өндіріс басынан бастап, Қызылтуға дейінгі 36 шақырымға тас төсеп жатырмыз. Жалпы жаңа өндіріс орнының өңір экономикасының дамуына қосар үлесі зор. Сондай-ақ округтің біраз адамын жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы жылдарға жасалған жоспарымыз да кешенді. Сондықтан қиындықтарды түгел еңсеріп, жақсы көрсеткішпен көрінетін күннің де алыс емес екеніне сенімдіміз, – дейді кәсіпорын директоры Антон Трочинский. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp