«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАСАРМАС АЛЫП ТҰЛҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Күндерде сонау қара,

тапсырған ел Тағдырын Абылайдай

данасына. Сол күнде ел қорғаған

Абылайдың

Қылсаң да аз қанша тауап

моласына”.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Қайролла МҰҚАНОВ,

өлкетанушы.

Әр халықтың тарихында пір тұтарлықтай асыл тұлғалары болатыны белгілі. Олардың есімдері өз еліне сіңірген ерен еңбектеріне байланысты өшпес өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетіп, ұлттың мәңгі ажырамас рухани өзегіне айналады. Сондай айтулы тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі – үстіміздегі жылы 300 жылдығы аталып өткелі отырған Абылай хан.

Әйгілі орыс тарихшысы А.И.Левшин: “Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытай Боғдыханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын – өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді”, – десе, татар тарихшысы Құрбанғали Халид: “Абылай хан қабілеттілігі арқасында Орта жүздің бәріне, Ұлы жүздің көбіне, Кіші жүздің біразына ие болып, жалпы төре атаулының бәрінен басым келген”, – депті. Орыстың тағы бір тарихшысы В.В.Бартольд: “Абылай хан – XVIII ғасырдағы хандардың ішіндегі ең құдіреттісі”, – деп жазған екен.

Абылайдың атақ-даңқы алғаш қашан, қандай жағдайда шыққаны жөнінде белгілі қазақ тарихшысы Р.Б. Сүлейменов былай деп жазған еді: “1731 жылы Ұлытауда үш жүздің жасақшылары мен ойрат қалмақтарының арасында зор айқас болды, Әбілмансұрдың даңқын ел-жұртына бірінші рет мәшһүр еткен шайқас та осы шайқас. Ел ішінде қалыптасқан ежелгі салт бойынша соғыс басталар алдында жекпе-жек ұрысқа шыққан Әбілмансұр ойрат әскерінің қолбасшысы, қалмақ ханы Қалдан Сереннің ет-бауыр емшектес туысы – Шарыш батырды мерт қылады. Ойраттар ойсырай жеңіліске ұшырайды. Осы айқаста атасының атын атап, ұран шақырып, «Я…Абылайдың аруағы!” – деп жауға дүркін-дүркін ат қойған Әбілмансұрды ел Абылай деп атап кеткен”. (Р.Б.Сүлейменов. Хан Абылай. “Қазақ батырлары”, 1991 ж.)

Шарышты жекпе-жекте жеңіп, “Абылайлап қалмақты қуып, үлкен жеңіске бастаған жас жігіттің кім екенін білгеннен кейін Әбілмәмбет ханның ұсынысымен үш жүздің тоқсанға тарта игі жақсылары жиналып, Әбілмансұрды Абылай атымен хан сайлады дейді шежіре. Ал, ақиқатында, Абылай Әбілмәмбеттей ағасының көзі тірісінде таққа отыруды ыңғайсыз көріп, хандықтан бас тартады. Ол әуелі Орта жүздегі Атығай – Қарауылдың сұлтаны болады.

Абылай өмір сүрген XVIII ғасыр алмағайып заман еді. Ол кезде қазақ хандығының жойылып кету қаупі төнді. Себебі, қазақ жерінің шығыс қапталын түгелімен жоңғарлар басып алды. Ол аумаққа қазіргі Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары түгелімен енді. Сол жерлердің барлығын елу жыл бойы жоңғарлар басып-жаншып жатты. Маңайына қазақ батырларын топ-тастырып, қазақ жерін жоңғарлардан азат еткен бірден-бір тарихи тұлға – Абылай хан еді. Сыр бойынан басталған азаттық жолындағы шайқас Жетісуды, одан Тарбағатай мен Алтайды азат ету соғысына ұласты. 1755-56 жылдары қазақ жері түгелдей азат етілді. Осы азаттық күрестің басында Абылай тұрды. Әрине, ол жалғыз емес, қасында Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Көкжал Барақ, Баян сынды көптеген батырлары болды. Олардың барлығы да Абылайдың асқан батырлығын, білікті қолбасшылығын, іскер елбасшылығын түсініп, оны сыйлап өткен. Бұл туралы бір-екі мысал келтірейін: Абылайдың атақты батырларының бірі әрі ұстазы Бөгенбай батыр дүниеден өтерінде Үмбетей жырау арқылы үш қайта қоштасу сәлемін айтуы оның Абылайды сыйлағанының бір көрінісі. Өмірі жорық үстінде өткен қаһарман Бөгенбай батыр дүние саларында ханымды көре алмай кеттім-ау деп өкінгенін Үмбетей жырау Абылайға өлеңмен жеткізеді:

Иманын айтып өлерде,

Иекке жаны келгенде

Сәлем айтты үш қайта

Кеттім деп Сізді көре алмай…

Керей Ер Жәнібек батыр ұрыста атына оқ тиген Абылайға өзінің атын түсіп береді. Сонда Абылай Ер Жәнібекке: “Батыр өзің қайтесің?” – дегенде Ер Жәнібек: “Мен өлсем, қазақтың тағы бір әйелі ұл туар, Сіз өлсеңіз қазақ хансыз қалар”, – деген екен. XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын жүргізген батырлар өмірі туралы ел аузындағы аңыз- әңгімелерде батырлар мен Абылайдың осындай бір-біріне деген сыйластығы жөніндегі мысалдар жиі кездеседі. Жалпы алғанда, Абылай ханға байланысты ел арасында кеңінен таралған ақын-жыраулардың өлеңдері мен толғаулары, халықтың даналық сөздері, аңыз-әңгімелері өте көп. Қазақтың бірде-бір ханы бұл жағынан Абылай ханмен теңесе алмайды.

Абылай 1735 жылы қайтыс болған Сәмекенің орнына Орта жүзге хан болған. 1771 жылы Әбілмәмбет хан дүниеден өткен соң үш жүзге хан болып сайланды.Ол қазақ халқының тарих сынынан аман өтуі үшін, ең алдымен, елдік тұтастық пен дербестіктің қажеттігін терең түсінді. Бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра білді. Сол жолда ерлік ісімен де, асқан көрегендігімен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңірегін таңғалдырып, өз замандастарының бәрінен жоғары тұрды.

Абылай хан қазақ халқының саяси-әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деген қауесет – Ресей империясының құйтырқы саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделін түсіреміз деген патшалық Ресей дипломатиясы осыны қажет етті. Бұл жөнінде Орынбор губернаторы И.И. Неплюев: “Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін”, – деп жазды. Ал, шындығында, Абылайдың хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдан көп бұрын.

Бұл туралы Толыбай ұлы Арыстан ақынның мына өлеңінен де аңғарамыз:

Қылады Мекержеде

байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт

қалың жауда

Сұрасаң Абылайдың

туған жері

Хан болған 48 жыл

Көкшетауда.

Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанымен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи шындық. Бұған ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат етілген шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып, қазақ ауылдарын қоныстандырды, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев бүлігін қолдап, үш мың сарбазының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іле өзенінің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өздеріне қайтарып беруі және сол жолы Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталуы, осынау ел тағдырының шешуші сәттері – Абылай ханның бүкілхалықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығы мен Қытай Боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына.

1743 жылғы күзде жоңғарлардың тұтқынынан келген соң Абылайдың беделі, тіпті, жоғары дәрежеге көтерілді. Енді үш орданың хандары, билері де онымен санасты. Абылай Ресейден қол үзген жоқ, бірақ оның губернаторларына бас имеді. Оларды өзінен арақашықтықта ұстады. Абылай Орынборға 1740 жылы барғаннан кейін губернаторлардың оған өздеріне келіп кетуін сұраған бірнеше шақыруларын қабылдамады. Осындай шақыру хаттардың бірін 1745 жылғы 16 сәуірде Орынбор губернаторы И. И. Неплюев жіберіпті. Онда: “Біз Сізден көптен хабар алған жоқпыз. Көп уақыт өткендігі себепті Сізден өткен кездер туралы хабарларды естігеніміз дұрыс болар еді. Сіздің және қоластыңыздағылардың бір белгісі болсын, егер мүмкіндігіңіз болса, уақыт тауып Сіз маған келсеңіз, маған ұнаған болар еді. Екеуміз кездесіп, бетпе-бет әңгімелесіп, көп жағдайларды кеңескеніміз дұрыс болар еді”, – депті. Бірақ, оған Абылай барған жоқ.

1760 жылғы 16 сәуірде Орынбор губернаторының кеңсесінен құпия түрде Орынбор гарнизонының жаяу әскер полкінің поручигі, князь Иван Ораков пен тілші Яков Гуляев Абылай сұлтанның тағы да Орынборға, тіпті болмаса Троицкіге келуін қиылып сұрайды. Оған Абылай: “Қашқария қырғыздары Айқожа мен Күнқожа Жаркент қалаларына шабуыл дайындап жатыр. Бұл жердегі халықтар Ташкент, Түркістан, Бұқараға көпестерге еріп көшіп жатыр. Ол жерге көмек көрсетуіміз қажет. Сол себепті Орынборға баруға уақытым жоқ”, – депті. Бұлардан басқа да бірнеше хатқа Абылай әртүрлі себептермен бара алмайтынын білдірген.

Император ханымның канцлері граф Воронцовтың Орынбордың губернаторы Давыдовқа, Сібір губернаторлығындағы әскери қолбасшы Фраендорфқа, Сібірдің губернаторы Соймоновқа жолдаған хатында Абылай ханның Ресейдің губернаторларына, тіпті, ханымға, канцлерге де бас имейтінін хабарлапты. Бірнеше рет өздеріне келіп жолығуын 1743 жылдан бері сұраса да бармағанын, оның үстіне олардың алдына өзінің талаптарын табанды түрде қойып, оның орындалуын міндеттегенін айта келе, әрі қарай: “…Оны жоғалтпау үшін, біздің жағымызды қолдауы үшін, тіпті, болмаса ашық қарсы шықпай, бүгінгі қытайлықтардың тырысып отырғанына беріліп кетпей, өз жағымызға шығару керек. Біздің жағымыздан да оны еркелетуіміз қажет. Онымен хат жазысып тұрыңыздар. Абылай сұлтан қойған мәселелерді шешу үшін қабылданған жарлықты нақты орындайық. Оның арызы бойынша Сібір командирлерін тыныштандыру керек…”. Бұл хаттан байқайтынымыз: Абылай Қытайға беріліп кете ме деп қауіптенген канцлер Воронцов оның талаптарын орындау қажеттілігіне көп көңіл бөлген. Бұл Абылай сұлтанның беделі жоғары екенін, өзін Ресейге бағынышты деп мойындамайтынын дәлелдейді. Осы хат арқылы губернаторларға мынадай тапсырма да беріліпті: “Абылай сұлтаннан шеберлікпен жасырын сұрасаңыз: “Осы жаққа хан болуға келісімін берер ме екен ?.. Ауызша осы ұсынысты қабылдаса, оған сеніммен қараймыз”. Абылай бұл ұсынысты қабылдамады. Ол әдептілігін, ар-ұяты барлығын, ағасына адал екендігін білдірді. XVIII ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Ресей жағы Абылайға қамқорлығын білдіріп тұрса, 60 жылдардан бастап оған сенімсіздік көрсетіп, оның өзіне, батырларына жансыз бақылаушылар жіберіп, олардың әр басқан ізін аңдып отырған. Мұның дәлелі ретінде 1760 жылғы 20 қаңтарда Омбыдан Бригадир Фон Фраендорфтан полковник Лестокқа жіберілген құпия хатпен танысайық. (Омбы мұрағаты. Қор -1, тізбе 1, іс 83.) Хатта қырғыз-қайсақтың жерінде мына жағдайларды білу қажеттілігі айтылыпты:

1. Олардың жасырын әскерлері қай жерде орналасқан, саны қанша, Ресей жерінен қашықтығы қанша?

2. Оның тұрақты әскері бар ма? Қанша, қай жерде? Оның бас старшиндары кімдер?

3. Абылай сұлтанның негізгі мақсаты не? Негізгі басшылары кім?

4. Қытайды жақтайтын қырғыз- қайсақтар бар ма? Қанша?

5. Батырларды сыртынан бақылау керек.

Жоңғарлар жойылғаннан кейін Абылай Қытаймен бейбіт келісімге келді. Кезінде жоңғарлар басып алған атақонысқа халықты қайта қоныстандыру үшін оған бейбіт дипломатиялық келісімдер жүргізу арқылы да, кейде тіпті өжеттік, озбырлық әрекеттермен де босаған шекаралық аймақтарға елді орналастыруға тура келді. Ол жерлерді иеленуге қытайлар да, орыстар да ұмтылды. Орыс шенеуніктері: “Жоңғардан Тарбағатайға дейінгі жерлер Барабы татарларының жері”, – деп дауласқанда Абылай: “Ешқандай Барабы татарларын білмеймін, естіген де емеспін. Жер – біздікі”, – деп беттерін қайырып тастаған.

Жоңғарлар жойылып, Қытаймен дипломатиялық қатынасты жолға қойған Абылай хан өмірден өткенінше Ресей билігін мойындамағаны белгілі. Орыс-қазақ қатынастарын зерттеуші ғалым И.Крафт: “Қырғыздардың орыс билігіне бағынуы” деген еңбегінде: “Орта орданың басты билеушісі Абылай сұлтанның ептілігі мен айлакерлігінің арқасында Орта орда 1781 жылы Абылай өлгенге дейін мүлде тәуелсіз болып қалды. Ол жағдайдың өзгеруіне орай кейде Ресейдің, кейде Қытайдың, кейде Жоңғарияның жақтасы болып көріне білді, ал, шындығында, ол ешкімге де бағынған жоқ”, – деп жазды.

Абылай ешкімге, еш мемлекетке тізесін бүкпей өтті. Оны бағындыруға шамасы жетпеген патша әкімшілігі Абылайдың көзінің тірісінде Орта жүздің ханы етіп көп сұлтандардың бірін сайламақшы болады. Бірақ бұл кезде Абылаймен үзеңгі тірестірер бір адам да жоқ еді.

Абылай хан қазақ жеріне көз алартып, жан-жақтан жау анталаған қилы заманда билік тізгінін жатжұрттықтарға ұстатпай, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізе білді. Сөйтіп, шет мемлекеттерді Қазақ елімен санасуға, онымен тығыз экономикалық байланыс жасап, бейбіт қатар өмір сүруге көндірді.

Абылай хан – көзі тірісінде аты аңызға айналған, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін 40 жыл бойы аттан түспей күрескен ұлы тұлға.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Бурабайда Абылай хан ескерткіші ашылғанда сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

“Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі – Абылай хан… Абылай есімі қазақ тарихында ең көп аталып, ардақталған тұлға!” – деген болатын.

Биыл еліміз бен жеріміздің қорғаны болған алып тұлға Абылай ханның туғанына 300 жыл толып отыр. Еліміздің тұтастығы жолында басын бәйгеге тіккен Абылайдай асыл ер халқымыздың мәңгілік мақтанышына айналуы тиіс. Абылай ханға құрмет – Тәуелсіздікке тағзым, ата-баба аруағын сыйлау.

Абылай ханның мерейтойын жоғары дәрежеде өткізу – бүкіл халқымызға ортақ парыз. Осы мерейтой кезінде Абылайдың ақ үйі орналасқан Қызылжар қаласының бір басты көшесін атақты хан есімімен атау ұлы бабамызға деген зор құрмет болар еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp