«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАНБАЛЫЛЫҒЫН ЕНГІЗУ жергілікті жерлерде мемлекеттік басқаруды сапалы түрде өзгертеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы Орталық

сайлау комиссиясының төрағасы.

Ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу – Қазақстан қоғамында көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе. Мемлекет басшысы өзінің “Қазақ­стан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді”, – деп атап көрсетті. Президент 2013 жылдың қыркүйек айынан кешіктірмей жер-жерде басқару ше­шімдерін қабылдауға қоғамдық бақылау мен азаматтардың ықпалын күшейту мақсатында елімізде тиісті мәслихаттар арқылы Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастырып, өткізуді тапсырды.

Ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу жергілікті халық үшін жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндік берудің, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертудің тетігі болып табылады. Бұл – біздің еліміздің саяси жүйесін демократияландыру және жетілдіру жолындағы жаңа қадам.

Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдар мен Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізіп отыр, бұл мәселелер, негізінен, үш бағытта жүзеге асырылуда. Біріншіден, жинақталған өз тәжірибе­мізді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеудің негізінде алдағы сайлаудың нормативтік-құқықтық базасының жобаларын әзірлеу іске асырылды, науқанның материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін шешу жолдары айқындалды. Сондай-ақ, Ор­тсайлауком 1999 жылдан бастап, 2006 жыл­ға дейінгі мерзім аралығында республикада өткізілген аудандық, қалалық және кенттік деңгейдегі әкімдердің эксперименттік сайлауларына талдау жүргізді.

Осындай алғашқы сайлау 1999 жылдың 29 мамырында өткізілген болатын. Ол кезде эксперимент ретінде Алматы облысының Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округінің әкімі сайланды.

2001 жылғы 20 қазанда 28 әкімшілік-аумақтық бірлікте эксперимент ретінде жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында ауылдық (селолық) округтер, ауылдар (селолар), кенттер әкім­дерін сайлау өткізілді.

2005 жылғы 12 тамызда эксперимент ретінде Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының 4 ауданында өткізілді. Бұл облыстарда аудан әкімдерін таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлаған болатын.

2006 жылғы 20 қазанда облыстық маңызы бар 10 қала мен 49 аудан әкімдерін сайлау өткізілді. Бұл жолы да әкімдерді таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары сайлады. Әкімдікке үміткерлерді баламалы негізде облыстардың әкімдері ұсынды.

Аталған сайлаулар әкімдер сайлауы механизмдерін сынап көру мүмкіндігін берді. Ал бұл мәселе басқа елдерде қалай шешілген?

Жергілікті билік органдарының басшыларын тағайындау немесе сайлау 9 елде Конституцияның құқықтық ережелерімен, 12 елде жергілікті басқару (өзін-өзі басқару) заңдарымен, 7 елде сайлау заңнамасымен реттеледі екен. Федеративтік мемлекеттердің (АҚШ, ГФР, Австрия, Канада, Ресей және басқа) басым көпшілігінде жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері өңірлік заңнамамен реттеледі. Жергілікті әкімшілік басшыларын тағайындау 11 елде (Бельгияда, Босния және Герцеговинада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Нидерландта, Ресейдің бірша­ма субъектілерінде, АҚШ штаттарының көп­шілігінде, Швейцария мен Финляндия кан­тондарының бірқатарында) қолданылады. Төте сайлау 18 елде (Австрияның кейбір жерлерінде, Албанияда, Болгарияда, Венгрияда, Грекияда, Испанияда, Ита­лияда, Канаданың бірқатар провинция­ларында, Македонияда, Молдовада, Польшада, Румынияда, АҚШ-тың кейбір штаттарында, Украинада, ГФР-дың кейбір жерлерінде, Швейцарияның бірқатар кантондарында) қолданылады. Жергілікті кеңестердің басшылары мен мэрлерді жергілікті кеңестер және муниципалитеттердің жанама сайлауы 19 елде (Австрияның кейбір жерлерінде, Данияда, Канаданың кейбір провинцияларында, Испанияда, Латвияда, Литвада, Мальтада, Норвегияда, Португалияда, Сербияда, АҚШ-тың бірқатар штаттарында, ГФР-дың бірқатар жерлерінде, Францияда, Хорватияда, Чехияда, Эстонияда) қолданылады.

Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, демократиясы дамыған мемлекеттер­де жергілікті атқарушы органдар басшы­ларының қызметке орналасу әдісін анықтау тәсілі оның практикалық маңыздылығымен сипатталатынына көз жеткізуге болады. Бұл тәсіл – бос лауазымдарға кәсіби менеджерлердің орналасу құралы. Аталған менеджерлердің негізгі функциясы жекелеген әкімшілік-аумақтық бірлікте немесе елді мекенде халықтың тарапынан қоғамдық бақылау арқылы сапалы басқару болып табылады. Тап осы идеяның негізінде жергі­лік­ті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжы­рымдамасының, сайлау туралы заңның және халықаралық стандарттардың негізгі қа­ғидаттарымен бірге жергілікті әкімдіктер басшыларының сайлауын өткізу тәртібінің жобасы әзірленді.

Үстіміздегі жылдың 24 сәуірінде Елбасы әкімдерді қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату қағидаларын бекіткен “Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізудің кейбір мәселелері туралы” Жарлыққа қол қойды. Қағидаларға сәйкес сайлау науқаны тұтастай сайлауды тағайындаудан бастап оның қорытындыларын анықтағанға дейін әрбір өңірде бір ай уақыт мерзім ішінде өтеді. Барлығы 2457 әкім сайланатын болады, бұл елдегі барлық әкімдердің жалпы санының 91,5%-ын құрайды. Әкімдер 4 жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Осылайша, оларды өз сайлаушыларының көзқарасын назарға алып, мүддесін сақтауға міндетті болып табылатын тиісті аудан (қала) мәслихаттары депутаттарының таңдаушылары сайлайды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдерін облыс әкімінің келісімімен аудан әкімдері қызметке тағайындайтын. Енді кандидаттарды балама негізде ұсыну құқығы аудан әкімдеріне берілді, сондықтан кандидаттар саны екеуден кем болмауы керек. Бұл ретте аудан әкімі әкімдікке кандидаттарды жергілікті қоғамдастықпен консультациялар өткізгеннен кейін ұсынады.

Қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесінде жалпы аудан бойынша, атап айтқанда, әрбір әкімшілік құрылымдағы ахуалға жеке жауапты болғандықтан, аудан әкіміне кандидаттар ұсыну құқығының берілуі дұрыс деп есептейміз. Әкім лауазымына кандидаттарға нақты талаптардың қойылуы осы сайлаудың маңызды кезеңі және негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Қағидаларға сәйкес 25 жасқа толған, “Мемлекеттік қызмет туралы” Қазақстан Республикасы Заңында қойылған талаптарға сәйкес келетін, белсенді сайлау құқығына ие, жоғары білімі бар және тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары әкімдікке кандидат бола алады. Мұндай жоғары талаптар ауыл әкімдігіне кандидаттарға бірінші рет қойылып отыр.

Кандидаттың облыс аумағында тұруы туралы талап маңызды, өйткені өзі жұмыс істеуге ниеттенген өңірдегі жағдайды нақты білетін әкімнің сайлануын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұрын әкімдердің міндетті түрде жоғары білімді болуы туралы талап жоқ болатын. Мәселен, осы уақытқа дейін 100-ден астам ауыл әкімдерінің орта және орташа арнайы білімдері ғана болғандығы мәлім болды.

Сайланбалы лауазымға кандидат пен оның жұбайының тіркеуге дейін өз табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруы – қазақстандық заңнамада қалыптасқан жағдай. Бұл мәліметтердің анықтығын салық органдары жеті күн ішінде тексеруі тиіс. Аудан (қала) әкімі мен әкімдікке кандидаттардан тіркеу үшін қажетті барлық құжаттар алынғаннан кейін сайлау комиссияларының негізгі жұмысы кандидаттардың Конституцияның, “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңның және Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларының талаптарына сәйкестігін шұғыл түрде тексеруі болып табылады. Тіркеу аяқталғаннан кейін жеті күннен кешіктірмей аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары кандидаттардың тіркелгені жөнінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлауға міндетті.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары сайлау заңнамасының ережелеріне сәйкес таңдаушылармен жиналыстар мен кездесулер өткізу, сондай-ақ баспа және өзге де үгіттеу материалдарын шығару және тарату арқылы өткізіледі. Әкімдікке кандидаттарға үгіт науқанын жүргізуге сенім білдірілген адамдар көмектесетін болады. Әрбір кандидатқа кемінде бес сенім білдірілген адам көмектеседі. Олардың бәрі аудандық (қалалық) сайлау комиссиясында тіркеліп, өздеріне кандидат берген өкілеттіктер шегінде қатаң әрекет етулері қажет. Сайлау науқаны өңірлік мәртебеге ие болғандықтан, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Барлық кандидаттар үшін тең жағ­дай­лар­да бюджет қаражатынан бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым­дар, сондай-ақ сайлау алдындағы жұртшы­лықпен өткізілетін іс-шаралар, үгіттік бас­па материалдарын шығару шығыстары және көліктік шығыстар өтелетін болады. Бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа, әрбір кандидат өз сайлау қорын құрып, үгіт-насихат науқанын қаржыландыруға құқылы. Кандидаттың сайлау қорының мөлшері қатаң реттелген және 1 399 500 теңгеден аспауы тиіс.

Дауыс беру, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару рәсімдері сайлау туралы заңнаманың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Әкімді сайлау таңдаушылардың – тиісті аудандық немесе қалалық мәслихат депутаттарының отырысында өтеді. Бұл отырысқа депутаттардың кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда отырыс заңды болып саналады. Таңдаушылар отырысында аудандық немесе қалалық мәслихат хатшысы төрағалық етеді. Отырысқа тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері міндетті түрде қатысулары қажет. Таңдаушылар отырысы өтетін үй-жайда сайлау комиссиясы әкімді сайлау үшін дауыс беру пунктін ұйымдастырады, сондай-ақ таңдаушылардың алдын ала дайындалған тізімін іледі.

Сайлау рәсімінің ерекшелігі ретінде аудандағы ауылдық округтердің сайланатын әкімдерінің санына байланысты әрбір таңдаушыға бірден бірнеше дауыс беру бюллетені берілетіндігін айта кетуге болады. Сондай-ақ сайлау және бірқатар бюллетеньді толтыру рәсімі әрбір таңдаушының белгілі бір уақытын алатынын ескерген жөн. Өйткені, таңдаушы асықпауы керек, өз таңдауын тыныш жағдайда, саналы және жауапты түрде жасауы қажет. Және де дауыс беру құпиялығы қағидатының мүлтіксіз сақталуы маңызды. Сондықтан сайлау комиссиялары осы үдерісті ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлгендері жөн.

Дауыстарды санау кезінде мажоритар­лық жүйе қолданылады. Яғни, басқа кандидаттармен салыстырғанда таңдаушылар дауысының көпшілігін алған кандидат сайланған болып есептеледі. Әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейін аумақтық сайлау комиссиясы оның қорытындылары бойынша хаттама жасап, оны жария етеді.

Сайлау жарамсыз деп танылған не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбаған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешім қабылдайды. Қайта сайлау екі ай мерзімнен кешіктірілмей өткізілуі қажет.

Аудандық немесе қалалық сайлау комиссиясы сайлау өткеннен кейін бес күн мерзімде сайланған әкімді тіркеуі тиіс. Тіркеу туралы шешімді сайлау комиссиясы аудан не қала әкіміне, сондай-ақ тиісті мәслихатқа ұсынады. Алайда, арнайы тексеріс қорытынды­лары алынған күнге дейін сайланған кандидат әкім міндеттерін уақытша атқарады. Әкім лауазымына түбегейлі орналасу арнайы тексерістің оң нәтижелерін алғаннан кейін жүзеге асырылады.

Сайланған әкім ауданның (қаланың) лауазымды тұлғасы болғандықтан, сайланған әкімді қызметтен босату құқығы облыс әкімінің келісімімен аудандардың (қалалардың) әкімдеріне берілген.

Сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау үдерісіне қатысушыларды оқыту дайындық кезеңі шеңберіндегі жұмыстың екінші маңызды бағыты болды. Өткен кезеңде Орталық сайлау комиссиясы түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен бағыт беретін бірқатар кеңестер өткізді.

Дайындық кезеңіндегі біздің жұмысымыздың соңғы үшінші бағытын сайлау органдарының тікелей ұйымдастыру іс-шаралары ретінде қарастыруға болады.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде аудандық және қалалық сайлау комиссиялары құрамында 79 бос орын болғандығы анықталды. Қазіргі уақытта оның барлығы толықтырылып, сайлаукомның жаңа мүшелері өздерінің міндеттерін орындауға кірісті.

Алдағы сайлаудың жергілікті маңызы болғандықтан, таңдаушылардың – мәслихат депутаттарының отырыстарын өткізу күндерін аумақтық сайлау комиссиялары тиісті мәслихаттармен келісе отырып, белгіледі. Осы отырыстар ел аумақтарында 5-9 тамыз аралығында өтетін болады. Сайлауға 188 аудандық және қалалық мәслихаттардың 2602 депутаты қатысады.

Сайлау науқанының ерекшелігі – негізгі салмақтың аумақтық сайлау комиссияларына түсуінде. Атап айтқанда, аудандық және қалалық сайлау комиссияларына. Осы сайлаукомдардың алдына сайлау рәсімдерін кезеңмен өткізу жауапкершілігі тұр. Облыстық сайлаукомдар, негізінде, қаржылық, материалдық-техникалық және ішінара әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады. Ал Ортсайлауком сайлау заңнамасының бірыңғай қолданылуына жалпы бақылауды жүзеге асырып, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді.

Байқаушылардың қатысуына қатысты айтар болсақ, сайлауды байқауға арнайы миссиялар қалыптастыруға құқығы бар халықаралық ұйымдар, әдетте, жанама сайлауға және өңірлік мәртебелі сайлауға өзінің сарапшыларын жібермейді. Бұл тәжірибе барлық елдерде қолданылады, сондықтан Қазақстан бұл жағдайда ерекшеленбейді деген ойдамыз. Ал қазақстандық байқаушылар алдағы әкімдер сайлауын байқауға қатысатын болады және өз өкілеттіктерін сайлау туралы заңға сәйкес толық көлемде іске асырады. Сайлаудың ашықтығы және айқындығы сайлау органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен, байқаушылармен, кандидаттармен, олардың сенімді өкілдерімен және әкімшілік-аумақтық бірліктермен тиімді қарым-қатынас ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте сайлау органдарының негізгі міндеттері сайлау үдерісіне қатысушылардың барлық кезеңде сайлау заңнамасы нормаларын және сайлау өткізу қағидаларын, сондай-ақ сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

(“Егемен Қазақстан”, 2013 жылғы

10 шілде).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp