“Елім-ай!” дастаны,
Елімнің аспаны,
Жерімнің киесі,
Өмірдің жүйесі,
Тарихым секілді
Жазылған тастағы!
“Бісмілла” деп бастайтын
“Елім-ай” – сөз басы.
Оқы да, отырып,
Қайғыңды қозғашы.
Қолында – қыл қобыз,
Жүрегі елжіреп,
Сақалы желбіреп,
Жұмыр жер секілді
Абыздың боз басы.
Әр сөзі – алтын күн,
Әр қарпі халқымның
Құйылған көз жасы.
“Елім-ай!” жалғасқан
Аспан мен Жер күші.
Ақ найза, алдаспан –
Батырлық белгісі.
Сан ғасыр өткен соң
Айналып жеткендей,
Бүгінгі Әнұран, Елтаңба – гербісі.
Көз алдым – көшкен ел,
Боздаған боз дала.
Қобыздың күйімен,
Ылдиға құлайды,
Ыңыранып, қозғала…
Алыстан айқайлап,
Қолдарын бұлғайды,
“Біз бармыз” дегендей,
Бойжеткен, бозбала.
Жиналған жұртымды,
Қиналған ұлтымды,
Құрдымнан шығарар,
Құранның үніндей
Құдірет,
Ғаламат,
Салауат –
Сөз ғана!