Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: пәтеріңізге кірген кезіңізде автоматты түрде жарық қосылып, желдеткіш бөлмеде Сізге қолайлы температураны ұстап, өз бетімен қосылып-сөндіріледі. Бұл – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің көпсалалы колледжінің “Радиотехника және байланыс” мамандығының 3-курсының оқушылары Николай Першин мен Сергей Фёдоровыхтың ғылыми жобасы. Әзірге жас өнертапқыштар оны тек макет жүзінде ғана жүзеге асыра алды. Алдағы уақытта олар өз идеяларын техникалық тұрғыда жүзеге асыруға дайын.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бір кезде көгілдір экрандағы фантастикалық фильмдерден көрген технология бізге де келіп жетті. Жобаны “Ақылды үй” деп атап, мектептер, лицейлер, колледждер арасында өткен облыстық жас техниктер және рационализаторлар байқауына ұсынып, Николай мен Сергей жеңімпаз атанған.
“Ақылды үйдің” тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Мұндай идея негізінен Германияда туындаған көрінеді. Өйткені, ол елде электр энергиясының құны тым қымбат болған. Яғни, бұл үйдің шығынын азайту мақсатында жасалған. Өздігінен ашылатын есік пен дыбыстың шығуына қарай жарықтың өшіп-сөнуі секілді технология көпшілікті бертінге дейін таңғалдырып келгені белгілі.
Ғылыми жобаның авторларының бірі – Николай Першиннің айтуынша, таңертең “Ақылды үй” сізбен бірге оянып, барлық жүйелерді сәйкес режімге ауыстырады. Үй иесіне барлық қолайлы жағдай жасау үшін автоматты түрде терезе шымылдығын ашып, ауа температурасын төмендетеді. Ал егер үй иесі жұмысқа кеткенде немесе серуенге шыққанда “Ақылды үй” бөлмелердегі жарықты сөндіріп, есіктерді жабады. Ал күн батқанда есік алдындағы шам өзі жанып, күн шыққанда сөнеді.
2009 жылы СҚМУ жанындағы колледжге заңгер мамандығы бойынша оқуға түскен Николай ойлана келе еңбек нарығында өз білімі бойынша жұмысқа орналасу қиынға соғатынын түсінеді. Осы оймен бір жылдан кейін қашанда сұранысқа ие болатын техникалық білім алмақ ниетпен университет жанындағы көпсалалы колледждің “Радиотехника және байланыс” мамандығына ауысқан. ХХІ ғасыр – жоғары технологиялар заманы деп бекер айтылмаған. Қазір Америка, Түркия және Еуропа елдерінде “Ақылды үй” орнату жаппай сипат алды. Ойлап көріңізші, үй Сізді дауысыңыздан танып, кешке шам жағып қарсы алып, таңертең бір пульттегі бір-екі түймешікті басуыңыз арқылы кофе қайнатып, өзіңіз ұнататындай етіп жылы су дайындай бастайды және сүйікті ТВ-арнаңызды қосып қояды. Осы күнге дейін тек қиял, арман болып келсе, енді қазір ол өмір шындығына айналды. “Ақылды үй” – қауіпсіз әрі жанға жайлы жағдайда өмір сүру үшін арнайы ойластырылған үйіңіздің автоматтандырылған жүйесі”, – дейді өнертапқыш оқушы.
Оларға аталмыш жобамен айналысу идеясын кураторлары Екатерина Механикова ұсынған. Бастапқыда облыстық ғылыми жоба сайысына қатысу үшін оқушылар энергетика тақырыбына қызыққандарымен, кейін “Ақылды үй” жобасына көңілдері ауған.
– Облыстық кезеңге арнап жобаның екі макетін пластик материалынан жасадық. Әрқайсысына 2-3 апта уақытымыз кетті. Болашақта біздің макетіміз бойынша “Ақылды үй” тұрғызылатын болса, заманауи технологиялар қуат көздерін үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың бас ауруына айналған баспана мәселесін шешуге де ықпалын тигізбек. Батыстың мұндай тұрғын үйлерi жайлы болғанымен, екiнiң бiрiнiң қалтасы көтере бермейдi. Әрине, жаңалық аштық деп айтудан аулақпыз. Біз бар идеяны жетілдіріп, Қазақстанның климатына бейімдедік. Кететін шығын көлемін азайтудың жолдарын таптық. Үйдің іргетасын құйған соң арнайы дайындалған қабырғаларын орнату арқылы үйді 2-3 есе тез тұрғызуға болады, – деді Николай Першин.
Автоматтандырылған баспананың жайлылығына тоқталып өткен Николай шетелдердегі “Ақылды үйде” барлық іс-әрекет ұялы телефонмен, я болмаса Интернет арқылы басқарылып отыратындығын жеткізді. Мәселен, автоматтандырылған жылу жүйесі құрылғандықтан, жылдың мезгіліне қарай емес, үй ішіндегі “ауа райы” бойынша бірқалыпты температураны ұстауға болады. Әрі бұл жүйе отбасы бүтіндей демалысқа сапарлап кеткенде де өз тиімділігін танытады екен. Ең бастысы, мұндай жүйе көп электр қуатын қажет етеді. Үйдің жалпы шығынының 15 пайызын қамтиды, соны технологиямен жабдықталған мұндай ғимараттың құны да нарықтағы бағадан 10-15 пайызға қымбат болады. Яғни, қазақстандықтар түгіл, шетелдіктердің де қалталары көтере қоймас.
Оның бір жолы ретінде оқушылар ғылыми жобаға шетелдегідей бағасы қымбат компьютер, чиптер және тағы басқа электрмен қоректенудің зияткерлік жүйесімен емес, механикалық қондырғылармен жасақтауды ұйғарған.
– Бұл ойымыз дұрыс болды. Себебі, соңғы жылдары автоматтандыру жүйесі қарқынды дамуына байланысты тек жекеменшік үйді ғана емес, тіпті, коттеджді қалашықтар, мейманхана кешендері де автоматтандырылып жатыр. Өйткені, компьютерлендірілген “Ақылды үйден” гөрі механикалық құралдармен жабдықталған жоба әлдеқайда арзанға түседі. Шығыныңыз да біршама азаймақ. Яғни, Еуропада “Ақылды үйдің” бір сызбасы күйіп кеткен жағдайда бәленбай мыңға сужаңа тетіктерді толықтай жаңартуға тура келсе, біздің жоба арқылы тұрғызылған үйдің қажетті бөлшегін кез келген техникалық тетіктер сататын дүкендерден де сатып алуға болады. Бұл өз кезегінде мол шығынға батпай, өміріңіздің әрбір минутын жұмысыңызға, отбасыңызға бөлуге мүмкіндік береді.
“Сондай-ақ электр қуатын үнемдеу мақсатында ғылыми жобамызда жарықтандыру шамдарын жарықдиодтық шамдарға ауыстырдық. Себебі, үнемді шамның шығыны аз, пайдасы шаш-етектен. 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынғаны белгілі. Ал үстіміздегі жылдан бастап 75 ваттық шамды да қолдануға болмайды. Сондықтан олар энергоүнемдеуші шамдармен алмастырылады. Себебі, “Ильич шамынан” энергия үнемдеушінің айырмашылығы өте көп. Энергоүнемдеуші шамның жарамдылық мерзімі де ұзақтау. Қарапайым шамның қызмет мерзімі 1000 сағат болса, үнемді шам 15000 сағатқа жарайды. Қызмет көрсету уақыты жоғары – он жылға дейін. Энергоүнемдеуші шамдағы әрбір вольт жарыққа айналады. Бұдан шам қатты қызбайды. Осының арқасында бұл шамдар дымқыл ауа райына да жарамды. Десек те, кез келген дүниенің кемшілігі болады. Жаңа шамның үлкен кемшілігі – бағасының қымбаттығы. Кәдімгі шамның құны 40-45 теңге тұрса, оның энергоүнемдеуші түрі әуелгісінен бірнеше есе қымбат. Дегенмен, жаңа шамға ауыссаңыз, еш ұтылмайсыз, – деді Николай. Сонымен қатар, ол үй иесі белгілеген уақытта жарықты сөндіретін ажыратқыш, тікелей адамға әсер ететін инфрақызыл детектор, фотоэлемент сияқты энергияны үнемдеудің анағұрлым тиімді тәсілдерін енгізу жоспарда бар екендігін жеткізді.
Бүгінде ізденімпаз оқушылар “Ақылды үй” ғылыми жобасын одан әрі жетілдіре түсу жолдарын қарастыруда.