«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ізі бар ықылымның таңбасында.
Сөзі бар жетер әлі сан ғасырға.
Өтсе де талай заман Қожаберген
Тұрады жыраулардың ең басында.

“Ақтабан, айхай заман, шұбырынды”…
Санаға сіңірді ол бұл ұғымды.
Жалғады шежіресін шемен елдің,
Тұрғанда үзілгелі ғұмыр мұңды.


Тағдыры бұл қазақтың белең-белең,
Биіктеп, барған сайын тереңдеген.
Азабын “Ақтабанның” созар ма едім,
Айтпаса Қожаберген өлеңменен.

Куә боп алысқа да, жақынға да,
Қашанда керек болған ақыл-дана.
Халықтың тауқыметін, тақсіретін
Тарихта қалдырады ақын ғана.

Болса да өткен ғасыр көне мүлдем,
Танимын тасқа түскен дерегінен.
Кеткелі тұрған елді өліп-өшіп,
Тірілткен Қожаберген өлеңімен.

Тумаса дәл осындай дарын ерен,
Халықтың бітер еді халі немен?!
Басынан Қаратаудың көшкен елді,
Оятқан Қожаберген зарыменен.

Бұл күнде болмаса да, жердің құны,
Жырынан Қожаберген көрдім мұны.
Әлі де жүрегімді қан жылатар,
“Елім!” – деп еңірген ердің мұңы.

Төбеден күнге күйіп қақталғанша,
Бұл қазақ аман қалған оттан қанша?
Тағдырын “Ақтабанның” таныр ма едім,
Ақыннан арттағыға хат қалмаса.

Ақыннан арттағыға сөз қалмаса,
Көнеден тірі жетіп, көз қалмаса,
Тағдырым не боларын кім біліпті,
Тарихтың көші алға қозғалмаса?..

Төрт түлік жер төсінде қаптағаннан,
Бір Құдай көзі түзу сақтағаннан.
Әуелден азабы көп, тозағы көп,
Біздің көш басталады “Ақтабаннан”.

Белгілі жырдың енді көнермесі,
Әлі де, “Елім-айға” елеңдеші…
Бағзыдан Қожаберген бастап берген,
Өшпейтін өмір жолы – өлең көші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp