«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАР НАМЫСҚА МІНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Оқжетпес” және “Астана – 1964” командаларына ойсырай ұтылып, ұпай жоғалтқан қызылжарлықтар соңғы кезде ширыға бастады. Олардың үш бірдей жеңістен тұратын сәттілік жолы Қарағандыда басталды. Жергілікті “Гефест” командасына қонаққа барған “Қызыл-Жар СК” қарсыластарын 1:0 есебімен ұтып келді. Келесі ойын өз алаңымызда өтті. “Қарасай” стадионында біздің құрама алматылық “ЦСКА”-ны қабылдады. Тартысты ойында табандылық танытқан қызылжарлықтар ірі жеңіске жетіп, кезекті 3 ұпайын иеленді. Есеп 3:0.  

Жеңістің дәмі ерекше тәтті келетіні белгілі. Алған бетінен жаңылмаған “Қызыл-Жар СК”-ның футболшылары кезекті кездесуде өз алаңында тағы бір алматылық команданы қабылдады. Бұл жолы анау-мынау емес, қонаққа Бірінші лиганың былтырғы жылғы чемпионы – “Іле-Сәулет” құрамасы келді.  

Чемпион команданың биыл бабында емес екені маусым басталғаннан-ақ байқалған болатын. Турнир кестесінің 8-ші сатысында келе жатқан ілеліктер қызылжарлықтарға да еш қауқар көрсете алмады. Ойын басталысымен алаң иелері допқа иелік етіп, жылдам гол соқты. Сол қапталдан лақтырылған допты қарсыластың айып алаңында ырқына көндіре білген Давити Чагелишвили қақпаға әдемі дарыта білді. Естеріңізге сала кетейік, бұл шабуылшы жуықта ғана Премьер-лигада өнер көрсететін, 2012 жылғы супер-кубоктың иегері – шымкенттік “Ордабасыдан” ауысып келген болатын. Грузиялық футболшының қоржынында қазірдің өзінде 2 гол бар.

Ойынға қайта оралатын болсақ, бірінші таймда соғылған жылдам голға ілеліктер ешқандай жауап қайтара алмады. Ойын түгелімен алаң иелерінің бақылауында болды.

Екінші таймда да алаң иелері тізгінді өз қолдарында ұстады. Оң қапталмен де, сол қапталмен де қарсыластың қорғанысын бұзып өтудің әрекетін жасады. Ал былтырғы чемпиондар болса ара-тұра ғана қарымта шабуылға шыққаны болмаса, біздің қақпашы Владимир Никлевич бұл ойында көп қинала қойған жоқ.

Сондықтан стадионға жиналған жанкүйерлер сүйікті командасынан тағы бір голды күтті. Нәтижесінде екінші таймның аяғында Эдуард Троменшлегер қарсыластар қорғанысының әлсіз тұсын тауып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 2:0.

Қатарынан үш бірдей жеңіске жеткен “Қызыл-Жар СК” футбол командасының әр тур сайын қарқын алып келе жатқаны байқалады. Құрамаға 5 жаңа ойыншы алған клуб басшылығы біртіндеп турнир кестесінің биігіне жол салу үстінде. Атап айтқанда, соңғы жеңістердің арқасында команда Бірінші лигадағы 8-орыннан 5-орынға көтерілді. Бірақ маусым әлі алда. Келесі ойын 27 шілде күні өтеді. Жергілікті құрама енді “Іле-Сәулетке” қонаққа барады.

Қызылжарлықтар соны серпін танытқан ойынды 1500 жанкүйерімен бірге облыс әкімі Самат Ескендіров те тамашалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp