Осыдан үш жыл бұрын оқудан бос кезінде студент жастарды маусымдық жұмыспен қамту, яғни оларға қосымша қаражат табуға мүмкіндік беру мақсатында облыс орталығында студенттік еңбек биржасы өз жұмысын бастаған болатын. Үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында еңбек биржасының жаңа маусымы ашылғалы атқарылған жұмыс барысымен таныспақ ниетпен биржаның жұмысына жауапты “СҚО Жастар ұйымдарының одағы” ЗТБ-нің директоры Лидия Грабарьмен сұхбаттастық.
– Лидия Николаевна, ең алдымен студенттік еңбек биржасының ашылу тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз?..
– 2011 жылы ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі көшпелі кеңестің облысымызда өткен мәжілісінде жергілікті жерлерде студенттердің еңбек биржасын құру туралы ой тасталған болатын. Ұсынысты облыс басшылығы қызу қолдап, қолдан келер көмегін көрсетті. Көп ұзамай облыс басқармаларының, кәсіпорын басшылары мен жастар ұйымдарының басы қосылып, студенттердің еңбек биржасы жұмысын ұйымдастыруға арналған кеңес өткізілді. Аталмыш мәселе талқылауға ұсынылмас бұрын арнайы құрылған жұмыс тобы жоғары, арнаулы оқу орындары студенттерімен, мектеп оқушыларымен кездесіп, сабақтан тыс уақытта, жазғы каникул кездерінде еңбек етуге тілек білдірушілер қатары көп екендігін анықтады. Бұл бастамаға қызығушылық танытқандардың тілегі ескеріліп, көп ұзамай қанатқақты жобаның 9 бағыты айқындалып, бос жұмыс орындары мен жұмыс берушілердің тізімі жасалды. “Болашақ бүгіннен басталады” акциясы аясында тұсауы кесілген студенттік еңбек биржасына арнайы жеке ғимарат бөлініп, бар қажеттілікпен жабдықталды. Штатта жұмыс істейтіндер саны – 3 адам. Сол уақыттан бері облыс басшылығы тарапынан қаржылай көмек көрсетіліп, өз ісін бастап кеткен биржа өңір жастарын жұмыспен қамти бастады. Еңбек биржасы ашылған күннен бастап тіркелгендер көп болды. Қазір де сол үрдіс еш бәсеңсіген жоқ.
Студенттік еңбек биржасы арқылы өткен жылы 2056 жас азамат маусымдық жұмыспен қамтылған. 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген кісі студенттік еңбек биржасының көмегіне жүгіне алады. Биржада тіркеу рәсімінен өткен әр жасқа арнайы есеп карточкасы толтырылып, жеке бақылауға алынады. Бұған қоса, түрлі құқықтық кеңестер де береміз.
– Бүгінгі таңда студенттік еңбек биржасына тіркелгендер саны қанша?
– Қазіргі уақытта жұмысқа орналасу ниетімен биржаға келген жастар саны 1053 адамға жетті. 1037 студентке жолдама беріліп, олардың 615-і жұмысқа орналастырылды. Бір атап өтерлігі, биржаға күніне он шақты жас келеді. Биржаның мәлімет базасындағы 300-ге жақын кәсіпорында және облыс орталығының ұйымдарында 550-ден астам бос қызмет бар. Маусымдық қызметке тұруға ниет білдіргендер өздерімен бірге жеке куәліктерін ала келулері қажет. Айлық еңбекақылары әртүрлі. Егер еңбекақысын күн сайын төлеген жағдайда – екі мың теңгеден, ал өндірісте жұмыс істейтін жастардың жалақысы 40-45 мың теңге шамасында.
– Жазғы маусымда жұмыс істегісі келетіндерді тіркеу тәртібі қалай жүргізіледі және оқуға түсе алмағанымен, жұмыс істегісі келетін жастар еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса ала ма?
– Биржаға келген студент алдымен арнайы журналға тіркелген соң анкета толтырады. Қандай жұмысқа орналасқысы келетіндігі жайында сұрастырғаннан кейін қалаған қызмет түрі табылса, оған тиісті жолдама беріледі. Және жұмыс берушінің студентті жұмысқа қабылдағанын растайтын құжатты студент биржаға қайта алып келіп, жұмысқа орналасқандығы жөнінде хабарлауы керек. Сонда ғана біз студенттің қызметке кіріскендігі жайында біле аламыз.
Ал студенттік еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасу үшін алдымен ол белгілі бір оқу орнында оқуы керек. Әрі жасы 18 бен 29 аралығында болуы қажет. Дегенмен, оқуға түсе алмай, жұмыссыз жүрген жастар да келіп жатады. Бірақ ондайлар өте аз.
– Биржаға тіркелгендер қандай мекемелерге жіберіліп, жұмыстың қандай түрлерімен айналысады?
– Келген студенттерді барынша табысы молырақ жерлерге орналастыруға тырысамыз. Атап айтар болсақ, бірнеше жыл қатарынан “Домашний мастер” агенттігі, “Основание”, “ЛесПромСтрой”, “Альфа Север”, “Лира”, “Север Монтаж” сияқты серіктестіктермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Көбінесе бізден құрылысшыларды, дәнекерлеушілерді, электриктерді, жазғы дәмханаға даяшыларды, күзетшілерді, ыдыс жуушыларды сұрайды. Студенттердің ақыларын жемей, уақытында төлеп отырады.
– Студенттік еңбек биржасымен қатар “Жасыл ел” және студенттік құрылыс жасақтары да қолға алынғаны белгілі. Бұл салалар бойынша жұмыс қаншалықты атқарылды?
– Егер өткен жылы “Жастар тәжірибесі” бойынша 700 адам еңбекпен қамтылып, 170 адам “Жасыл ел” жасағында болса, үстіміздегі жылы “Жасыл ел” жасағы құрамын 320 адамға жеткізу жоспарланған. Шілде айынан бастап ормандарды тазалауға 191 студент жұмылдырылды. Оның 20-сы “Соколовка” орман шаруашылығын, 50-і облыс орталығын тазалауға жіберілсе, Есіл ауданына – 13, Аққайыңға – 25, Сергеевка қаласына – 25, Пресновка елді мекеніне 20 адамнан бөлінді. Осының арқасында студенттер жазғы демалысының 1 айын игі іске арнап үлгерді. Олар Петропавлдың маңындағы Қарғалы аралындағы 900 гектар орман алқабын ағаш қалдықтарынан тазартты. Тепсе темір үзетін жігіттермен қатар еңбектенген нәзік жандар жол жиегіндегі көлік қатынасына кедергі келтіріп тұрған бұтақтарды қоларамен кесіп көмектесті.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда, “Жасыл ел” арқылы жұмыспен қамтылған жастар саны 2 есе өсті. Биыл олардың жалақысы былтырғыдан 5-6 мыңға көбейеді. Демек, олар 41 мың теңгедей жалақы алатын болады. Жалпы аталмыш бағдарлама аясында маусымның соңына дейін облыс бойынша 320 студент қамтылады.
– Ал студенттік құрылыс жасағы бойынша жастар қандай істер тындыруда?
– Үстіміздегі жылы студенттер құрылыс жасағы бойынша жазғы маусымдық жұмыстарға 600-ден астам жасты жұмысқа тарту жоспарланған. Бүгінде оның 138-і жұмысқа орналастырылды. Бұл жастар облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар аудандарда да жемісті еңбек етуде. Мәселен, Жамбыл ауданына – 15, Аққайыңға – 4, Смирновоға – 3, Мамлютке – 4 жас жіберілді. Ал облыс орталығы бойынша айтар болсақ, “Альфа Север” серіктестігіне – 7, “Основаниеге” – 10 студентті және тағы бірнеше жөндеу жұмыстары жүріп жатқан “Пирамида” және “Гедеон” сауда үйлерінде жұмыс істеуде.
– Осы жөнінде нақтырақ әңгімелесеңіз.
– Студенттер облыс орталығындағы “Береке” ықшамауданында салынып жатқан коммуналдық-жалгерлік үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізді. Сауда орталықтары мен кәсіпорындарда жүріп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты. Сонымен бірге балабақша, мектеп, спорт кешендері және жатақхана ғимараттарының корпустарын жөндеді.
Жалпы студенттік құрылыс жасақтары жаңадан қосылған бағыттар бойынша басқа да көптеген жұмыс атқарды. Бұл жұмыстарға өңіріміздің жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқушылары тартылды. Осы жұмыстарды лайықты деңгейде атқарып шығуымызға облыс әкімі Самат Ескендіровтің көмегі зор болды. Студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 50 миллион теңге қаржы бөлінді.
– Ал жұмыс беруші мен студент арасында еңбек келісімшарты жасала ма?
– Шынын айтсам, жұмыс түрлері уақытша болса, ондай келісімшарттар жасала бермейді. Ал студент ұзақ уақытқа жұмысқа қабылданатын болса, онда келісімшарт жасалады. Себебі, бір-ақ сағатқа созылатын жұмыстар да бар.
– Сіз аталмыш бағдарламалардың бүгінгі табысты жұмысын немен байланыстырасыз?
– Біз мұны ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларымен байланыстырамыз. Мемлекет басшысы әр Жолдауында еліміздің болашағы – жастар екендігін атап айтып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударып келеді. Осының нәтижесінде студенттер қауымы да Үкімет пен жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау таба бастады. Осы орайда біз облыс пен қала әкімдеріне үлкен алғыс айтамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.