«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛ ҚЫМЫЗДЫҢ ҚАДІРІН БІЛІП, кәсіп қылған отбасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданының Әлжан ауылында тұратын Әлібек пен Баршагүл Жұмабаевтар 2011 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша несие алып, өз кәсібін ашқан еді. 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жұмабаевтар отбасы әу бастан бие сауып, оның қымызын табыс көзі еткен. Қолдарындағы бір биенің сүтін жаратып жүрген Баршагүл Мұратқызы БАҚ-тан “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша аз пайызбен несие алуға болатындығын біліп, қызығушылық танытады. Аудандық әкімдікке арнайы барған оны бағдарламаға қатысушы ретінде істерін бастағалы отырғандарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін курсқа жібереді. Курстан білген-түйгені бойынша бизнес-жоспар құрған Баршагүл белді бекем буып, алғашқы қадамын жасайды.

– Үкіметтен алған 2 миллион 500 мың теңгеге 10 жылқы сатып алдық. Өткен жылғы қыстың қаттылығынан мал шығыны болды. Мал өсіргесін онсыз болмайды. Биыл үш бие ғана құлындады. Соның екеуін сауып отырмыз, – деген Баршагүл Мұратқызы бұрын-соңды мұндай кәсіппен айналыспағандықтан, қазір тәжірибе жинау үстінде екендігін жеткізді. Өткен жылы жіберген қателіктерді биыл қайталамаймыз деп отырған ерлі-зайыптылар күніне 15 литр қымыз дайындайды екен. Оның денін ауылдастары сатып алса, екі-үш күннің қымызын жинап, Көкшетау қаласына апарып саудалайтын көрінеді.

– Көкшетау қаласында қымызды базар, вокзал маңында сатамын. Кейбір дүкендер алады. Қымыздың литрі – 500 теңге. Қымыз алатын тұрақты тұтынушылар болмағандықтан, әр жерде өткізу қиын. Алдағы уақытта тұрақты тұтынушы табуды көздеп отырмыз, – дейді Әлібек Жұмабаев.

Болашақта жылқының басын көбейтіп, бастаған істерін орта жолда тастамай, жандандыра түсуді көздеген отбасы сауылатын биенің санын 7-8-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Еті – ас, сүті – сусын болған жылқыға деген сұраныс артқан. Қысқы соғым кезінде тайлар жақсы бағаға өтеді деген Әлібек түскен қаржының денін жемшөп алуға жұмсайтындықтарын жеткізді. Ал үш ұлы – жылқы бағуда қолғанаты.

– Биені 2007 жылдан бастап сауамыз. Ол кезде жұбайым ауырып, оған биенің сүтін ішу керек болған соң өзіміз үшін байлап едік. Жылқы сатып алып, кәсіп ашамыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді. Биені қалай сауу керектігін білмей, ауылдағы үлкен кісілерден сұрап, үйреніп едік. Кәсібімізді шыр айналдырып әкетпесек те, ақырын-ақырын үйреніп, икемделудеміз. Жұбайымыз екеумізде де мамандық жоқ. Қазір ауылда екі қолға бір күрек табу қиын ғой. Осы орайда мемлекеттің қолдауының арқасында өз кәсібімізді аштық, – дейді Баршагүл Жұмабаева.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp