«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІМПАЗ ЖЕЛАЯҚТЫ жұртшылық өкілдері қуана қарсы алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше қызылжарлық жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері Қазан қаласында өткен XVII универсиада жеңімпазы Маргарита Мұқашеваны салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл күні темір жол вокзалына жиналған жұртшылық универсиада жеңімпазының келуін тағатсыздана күтті. Қолдарына мерекедегідей безендірілген шарлар мен жалаушалар ұстаған балалар: “Маргарита – чемпион!” – деп ара-тұра айғайлап қояды. Бір кезде Қазақ елін төрткүл дүниеге танытып, мәртебесін асырған даңқты қыз отырған пойыз да көрінді.  

Жерлес спортшыны алғашқылардың бірі болып облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин айтулы жеңісімен құттықтады. Облыс тұрғындары болса, жерлес спортшыға гүл шоқтарын сыйлап, ақ тілектерін жаудырды.

Спортшының жаттықтырушысы Петр Литвиненко тәрбиеленушісінің дүбірлі додаға түскенде байыз таба алмағандығын жасырмады. “Сондықтан бұл барша қазақстандықтардың жеңісі деп біліңіздер. Бүгінгі жетістік біздің үлкен спорттық әлеуеті бар елге айналғанымыздың тағы бір айқын дәлелі бола алады”, – деді тәжірибелі жаттықтырушы.  

Саналы ғұмырын спортпен байланыстырып, талай өреннің бағын ашқан жаттықтырушы Петр Литвиненконың сыныбына 15 жасында келген бойжеткен бүгін дүйім елдің мақтанышына айналды. Қажымас қайраты мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында жетістіктерімен таңдай қақтыратын желаяққа айналған Маргаританың ұстанымы – табандылық, айтқанынан қайтпау.

– Мен ол жаққа бара жатқанымда медаль үшін күресуге дайын болдым. Мұның алтын медаль болғаны қатты қуантады. Мен үшін ең бастысы ақтық кезеңге жету еді. Ал одан кейін “алтын” алудың қамын жасадым. Дегенмен, үлкен жұмыс жүргізілді. Бұл мені осы жарысқа дайындаған бапкерімнің де, сондай-ақ мен үшін тілеулес боп, жеңісіме сенген жанкүйерлердің де еңбегі”, – деген Маргарита Мұқашева жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, Қазан қаласында өткен универсиадада жерлесіміз Маргарита Мұқашева алтыннан алқа тағып, ел қоржынындағы медаль санын көбейтті. 800 метрге жүгіруде жерлесімізге тең келер ешкім болмады. Маргарита 800 метрлік арақашықтықты 1 минут 58,96 секундта жүгіріп өтіп, ұлттық рекордты жаңартты.

Қазақстандық спортшылардың еншісінде 30 медаль – 3 алтын, 11 күміс және 16 қола жүлделер бар. Универсиададағы бірінші орын Ресей спортшыларына, екінші орын қытайлықтарға, ал үшінші орын жапондықтарға бұйырды.

Бүгінде елінің үкілеген үмітіне айналған Маргарита Мұқашева Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына қатысып, жүлделі орындардан көріну үшін тынбай жаттығуда екендігін жеткізді.

Еліне 2-3 күнге тынығуға келген жерлес спортшы шілденің 24-і күні Мәскеу қаласына сапар шегіп, тамыздың 10-ы күні жеңіл атлетикадан өтетін әлем біріншілігіне дайындалатындығын хабарлады.

Кездесу соңында жиналғандар спортшымен бірге естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.

СУРЕТТЕ: Маргарита Мұқашева мен жаттықтырушысы Петр Литвиненко.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp