Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жаңабай Пірманов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыздың шеттегі отандастарымызды атамекенге шақырған Үндеуіне үн қосып, осыдан он жеті жыл бұрын бауырлас өзбек елінен екі інісімен бірге Қызылжар өңіріне қоныс аударған екен. Ердің жасы елуді еңсеріп қалған атпал азаматтың бойындағы ең асыл қасиеттерінің бірі – жүрек үніне құлақ асар тәуекелшілдігі болса керек.
– Баяғы Асанқайғы бабамыз сияқты көңілден шығар шұрайлы қоныс іздегенде Қазақстанның біраз жерін аралап көруге тура келді. Біз тұрып келген Өзбекстанның Бұхара облысындағы Тамды ауданы бұрындары Қызылорда облысына қарағаны белгілі. Сондықтан өзімізді сол облыстағы Балқы, Базар жыраулардың атақонысы – Қармақшы жақтың тумасы деп білеміз. Әрине, көшті сонда бұру ойы да болған, бірақ 1992 жылы Тұңғыш Президентіміздің Үндеуін ести сала, Сырымбет пен Айыртауды көріп қайтқан көңілдегі жылы әсерім осылай қарай бұра берді. Ақыры көшуге бел байлаған соң, 1996 жылдың көктемінде зайыбым Ғалияны ертіп, көріп қайтуға тағы келдім. Айыртау өңірінің көркем табиғаты оған да бірден ұнады. Қосағыңнан қолдау тапқасын тұрыс бар ма, көзді жұмып, тәуекел етіп қоныс аударғанбыз, – дейді Жаңабай Сәдуұлы.
Ол кезде мемлекеттің “Көші-қон” бағдарламасы әлі қабылданбаған, оның үстіне өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарыстың ауыр жүгі еңсені езіп тұрған уақыт қой. Бірақ, “Шешінген судан тайынбас” дегендей, басында інісі Талғатпен бірге келіп, ат басын тіреген Айыртау ауылынан үй сатып алып, көп ұзамай кіші інісі Болатты да көндіріп, ағайынды үшеуі отбасыларын көшіріп әкелді. Жергілікті тұрғындардың екі қолына жұмыс табылмай, босып жүргенде сырттан келген механик маманға қайдан сұраныс бола қойсын – ата кәсіп – мал өсірумен айналысуды ұйғарды. Өзбекстанда тырнақтап жиған қаражатын ұқсатып, жергілікті жерден мал сатып алып, өзінің фермерлік шаруашылығын құрды. Ал, оның өзі төрт жыл бойы елінің азаматтығын ала алмай, әбден әуреге түскен оған оңайға түспегені анық. Азаматтығы болмағасын салық төлеуші болып тіркелу де қиын, онсыз ешқандай қаржы-кассалық операциялар жүргізе алмайсың.
– Қазақстан азаматтығын алғандағы қуанғанымды-ай, шіркін! Таудан, тастан қайтпайтын қайсарлығым да бар, бірақ сонда жанарымнан қуаныштың жасы қалай ыршып түскенін байқамай қалдым. Енді ше, тең құқылы азамат атану үлкен мәртебе ғой. Ең бастысы – енді ешкім сені өгейсітіп, шетқақпай ете алмайды. Қандай құжатпен болсын жұмыс істеуге құқық аласың. Бірден фермерлік шаруашылығымды ресімдеп, оған ұзақ жыл дәм-тұзын татқан туған жерім – Тамдының атын бердім. Содан бастап жеке кәсібім ілгері жылжи бастады, – дейді Жаңабай.
Өзбекстаннан оралған қандастарымыздың қайсысы болсын жер мен малдан қорегін таба білетін өте еңбекқор жандар екенін көріп жүрміз. Ана жақтағыдай кетпен ұстап, арық суын жүгіртпесе де, оларда қол қусырып қарап отыру жоқ. “Сабақты ине сәтімен” дегендей, не нәрсенің орайын келтіріп, ұқсатуға жақын тұрады. Сондай қасиеттен Жәкең де құралақан емес. Жаңа мыңжылдықтың алдында жеке фермерлік шаруашылығын құрудан бұрын өз қаражатына 30-ға жуық сиыр және жиырма шақты қой сатып алды. Ал, келесі 2000 жылы бір жылдық мерзімге 2 миллион теңге кредит алып, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінен 200 бас қой сатып әкелді. Сөйтіп,түлікке түлік қосып, мал басын өсіре бастады. Бір кездері Өзбекстандағы Қызылқұм түйе шаруашылығында он жылдай қызмет істеген тәжірибесі бар ол: “Осы жақта да түйе ұстап көрсем қайтеді?”, – деген ойға кетеді. Оның бұл өңірге жерсініп кетер-кетпеуін білу мақсатында басында оңтүстіктен 4 бас түйе әкеліп байқады. Бірден аңғарғаны – Ойсылқара тұқымы Айыртау жерін жатсынған жоқ. Шүйгін шөбінен бас алмай, оңтүстіктегідей саян жердің түйежапырағын іздейтін желе жортуын азайтты. Міне, сол Ойсылқараның басына бас қосып, түйе өсірумен айналыса бастағанына жеті жылдан асып барады.
Қазір Жаңабайдың фермерлік қожалығында 200-дей ірі қара, 300-ден астам қой, ботатайлақтарымен бірге 50-дің үстінде түйе бар. Оның шаруашылығы облыс өңірінде тек мал өсірумен ғана айналысып отырған шағын бизнес субъектілерінің бірі деуге болады. Мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуды көздеген іс-шараларын қолдағанмен, Жәкеңнің бұл жөнінде өз пікірі де бар. – Түрлі қорлардан мал шаруашылығын дамытуға несиелер беріліп жатыр. Ол, әрине, дұрыс. Бірақ тым болмаса бір жылға тыныс берердей несие қайтарымы жеңілдігі қарастырылмаған. Мысалы, мен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеті жылдық мерзімге 18 миллион теңге несие алдым. Оған ұзындығы 175 метрлік мал қорасын тұрғыздым, электр желісін тартқыздым. Сол несиенің кепіліне қаржыгерлер әлгі қораны азсынып, барлық малымды алды. Яғни, мерзімдік несие үлесін төлей алмай қалатындай жағдай болса, жаңа басы құралып келе жатқан малыма қауіп төнеді. Түйе малы – өте кірпияз түлік, оның басын көбейту оңай емес. Екі жылда бір боталайтын түлік үшін бір жыл кейін есеп айырысу жеңілдігі жасалса, дұрыс болар еді деп ойлаймын, – дейді фермер.
Жаңабай – Айыртау ауданына Өзбекстаннан қоныс аударған қандастарымыздың түп қазығы, арқа сүйер тірегі десек, қателеспеспіз. Өзін паналап, осы ауылда қоныс тепкен 32 отбасы бар, ал аудан бойынша жүздің үстінде. Ұйымшылдықтың арқасында бәрі де тұрғын жайларын реттеп, мал өсіріп, күнкөріс жағдайын жайғастыруда. Айыртау ауылында ғана олардың үш шаруа қожалығы бар. Ауыл іргесіндегі Шалқар көлінің жағасындағы бұрынғы туристік базасының меншігіндегі бос үйлерді сатып алып жатқан да солар. Жаңабай алдында сондай бір үйге түсіп, оның жанындағы қабырғасы қаланған үш үйді де қоса сатып алды. Жуырда оның біреуінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, жаңа қоныс- тойын тойлады. Кәсіпкердің ендігі ойы – осы үйлерді түгел іске қосып, туристік кешен ашу.
Жаңабай – жаңалыққа жақын адам. Биыл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жаңадан салған мал қорама электр желісін тартудың жобасын өзім жасап, техникалық-инженерлік мақұлдау алдым. Сол бойынша өткізілген тендерді жеңіп алған электр желісін салушы ұйым жуырда 5,8 миллион теңгенің жұмысын атқарып, қораға электр желісін жеткізіп берді және 1,7 миллион теңгенің трансформаторын орнатты. Енді скважиналық су құбырын іске қосуды көздеп отырмын. Сонда өткен қыстағыдай электр қуатынан және судан қиыншылық көрмейтін боламыз, – дейді Жаңабай Сәдуұлы.
Біз кәсіпкердің ауыл іргесіндегі жаңа мал қорасында болдық. Ол бұрынғы кеңшардың мал фермасы қораларының негізінде салыныпты. “Г” әрпі түріндегі қораның қысқа қанатында түйелер, ұзынша бөлігінде ірі қара жайғасады екен. Қазір түліктің бәрі жайылымда болғандықтан, орамда жаңа туған бірер ботаны ғана көрдік. Жаңабайдың тендерде ұтып, сатып алған бұрынғы ферма аумағындағы қаңқасы ғана қалған қораларды да жөндеп, іске қосу ойы бар. Бір әттеген-айы, оның мұндай белсенділігін ұнатпаған біреулер ауыл мен ферма ара-сын қоқыс төгетін орынға айналды-рыпты. Түбінде түйе сүтінен дайындалатын шұбат өндіруді өндірістік жолға қоюды көздейтін Жәкең ол үшін көзге сүйелдей болып тұрған қоқыс орнын тазарту керек деп біледі.
Фермерлік шаруашылықта 5 адам еңбек етеді. Жәкеңнің үлкен ұлы Жомарт шаруашылықтағы бар жауапкершілікті өз мойнына алып, әкесінің бары-жоғын білдірмейді. Одан көрген төрт немересінің алды мал қайыруға жарап қалды. Жаңабайдың жанына бататыны – інісі Талғаттың бес жыл бұрын мезгілсіз дүниеден өткені. Інісінің балаларын бауырына тартып, білім алып, жақсы азамат болып шығуларына күш салуда. Үлкені медициналық академияда, ал одан кейінгісі Петропавл ауыл шаруашылығы колледжінде оқиды. Келіні Майра Сүндетова – ауылдағы ФАП-тың меңгерушісі.
Зайыбы Ғалия Ахметқызы – Айыртау ауылында алғашқы қазақ сыныбын ашқан мұғалім. Оның сол сыныбында дәріс алған төрт түлегі биыл мектеп бітіріп, бәрі грантпен оқуға түсті. Бүгінде барлық қазақ сыныптары бар ауыл мектебінде Ғалияны ұстаздар ұжымы тәлімі мол тәжірибелі мұғалім санайды. Ол – ұстаздық шеберлігімен бірге, отбасының жарасымын келтірген аяулы ана, мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарымен қатар, түйе сауып, тіл үйірер дәмді шұбат пісіретін өз ісінің шебері. Ғалия дайындаған шұбаттың дәмін аудан аумағын былай қойғанда, Қызылжар мен Көкшетау қалаларының тұрғындары да татып жүр.
– Шұбат өндірісін жолға қою үшін кемінде 100 бас түйе ұстауым керек. Өндірістік желімен жұмыс жүргізудің тиімділігіне аз дегенде 60-70 түйе саумайынша, қол жеткізу қиын. Алайда оған ұмтылмасқа тағы болмайды, Елбасы Жолдауларында айтылып жүретіндей, сапалы өнім шығарып, нарыққа батыл енудің амалын жасауымыз керек. Біздің нарық бәсекесінде бетке ұстар брендтік өніміміздің бірі – шұбат болмақ, – дейді фермерлік шаруашылық басшысы.
Солтүстік өңірде түйе көрмей өскен біз үшін ойсылқараның бәрі бірдей сияқты. Бұл түлікке етене жақын Жаңабайдың айтуынша, оның бір өркештісі – аруана, екі өркештісі – інген, ал екеу арадан туғандары – қоспақ, бір өркештінің еркегі – үлек, екі өркештісі – бура деп аталады. Соның ішінде айыртаулық түйешінің басымдық беріп, өсіргісі келетіні – қоспақтар. Өйткені, олар біздің өңірдің табиғатына тамаша бейімділік танытуда.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Айыртау ауданы.