«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР БАСЫ ҚОСЫЛСА, тындырылатын істер ұлан-ғайыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы Петропавл қаласында біршама табысты жүргізілу үстінде. Оны қаладағы көптеген көппәтерлі ескі үйлердің шатырлары мен қасбеттеріне жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың көріктене түскенінен байқауға болады. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы үйлердің сыртқы көзге түсер кейпін ғана емес, сондай-ақ олардың ішкі коммуналдық жүйелерін, ортақ кірме дәліздерін, ескі есік-терезелерін жаңғыртуға және күтімсіз қалған жертөлелерін тәртіпке келтіруге ықпалын тигізіп отыр.

Ида Леонтьева жетекшілік ететін “Шухов 1 және 3″ пәтер иелері кооперативінің құрамына Шухов көшесіндегі әрқайсысы ортақ 8 кірме дәлізді бесқабатты екі үй енеді. Кооператив төрайымы тұратын бірінші үй 1971 жылы тұрғызылған болса, екіншісі 1979 жылы іске қосылған. Яғни, қызмет мерзімінің қырық жылын еңсеріп тастаған бұларда кейінгі кезде көп нәрсенің ақауы шығып, тұрғындар тарапынан реніш сөздер шыға бастаған болатын. Әсіресе, жылдың жауын-шашынды маусымдарында шатырдан аққан су әбден мазалап болды. Сондықтан бірінші үйдің тұрғындары аталмыш бағдарлама жария болысымен, оған қалада алғашқылардың бірі болып қатысуға тілек білдірді.

– Қалалық әкімдіктің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері, осы мәселемен айналысатын қалалық мәслихаттың депутаттары және ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков үй тұрғындарымен бірнеше түсінік беру әңгімелерін өткізді. Бірден тұрғындардың 90 пайызы келісімін беріп, одан әрі жүргізілген түсініктеме жұмысының нәтижесінде көп ұзамай толық мақұлдау алдық. Сөйтіп, 2011 жылдың тамыз айында Шухов көшесіндегі алғашқы 1-ші үйдің шатырын ауыстыру жұмысы басталып кетті. Қала әкімдігі оны жүргізуді тендерлік таңдаудан өткен “Аркадо – Трейдинг” ЖШС-іне жүктеуді ұсынды. Құрылысшылар көрсеткен сенімімізді ақтап, небары екі айдың ішінде шатырымызды жаңартып, жауып берді. Шатыр болғанда да қандай, осызаманғы темір черепицаның беріктігі өз алдына, үйге көрік бере түскен сәнділігі де тамаша. Осындай істің нәтижесін көрген келесі үйдің тұрғындарын келістіру онша қиынға түскен жоқ. Ондағы құрылыс жұмысы қараша айында басталып, жаңа жылдың басында аяқталды, – дейді Ида Гербертовна.

Әрқайсысы 119 пәтерден тұратын екі үйдің біріншісінде таза құрылыс жұмыстары шығыны 11,5 миллион теңгеге, ал қосымша жұмсалымдарымен 13,5 миллион теңгеге түсті. Жобалықсметалық бағалымына байланысты екінші үйдің таза құрылысына 14,5 миллион, барлық қосымша шығындарымен 16,5 миллион теңге жұмсалды.

– Мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй көмегі болмаса, мұндай қаражаттың қайтарымын көтеру, әсіресе, біз сияқты зейнет жасындағы жандарға жеңіл тимесі анық. Оған өзім тұратын пәтерге тиесілі жөндеуге төленетін төлемнен мысал келтірейін. Жалпы тұрғын алаңы 47,4 шаршы метрді құрайтын менің пәтерім бойынша 111,0 мың теңгенің төлемі есептелінді. Жалғызбасты зейнеткермін. Отбасының әрбір зейнет жасындағы мүшесіне 18 шаршы метр тұрғын алаң үшін тұрғын үй көмегі төлемі жасалады. Яғни мен 30 шаршы метрдей артық алаң үшін жүргізілген жөндеу жұмысына өз қаражатым есебінен есеп айырысуым керек. Ол менде 70 мың теңгені құрады, қалған 41 мың теңге көрсетілген тұрғын үй көмегі ретінде жабылды. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасының артықшылығы сонда – жалғыз тұратын шағын пәтерлі кейбір зейнеткерлер жөндеу жұмыстарына мүлде шығынданбады десе болады. Олардың жөндеу несиелерін мемлекеттік тұрғын үй көмегі жапты, – дейді кооператив жетекшісі.

Қалалық пәтер иелері кооперативтері қауымдастығына барлық 420 ПИК-тің 70-і ғана мүше болып табылса, олардың ең белсенділерінің бірі – осы кооператив. Қалада екі жылдан бері үзбей айтылып келе жатқан тұрғын үйлерге жылу есептегіш құралдарын орнату мәселесі мұнда осыдан 15 жыл бұрын шешімін тапқан. Бір кездері біраз үйлерге осындай есептегіш құралдары орнатылып, оны тұрғындардың тиімсіз көріп, алып тастағанын білеміз. Сол есептегіш құралынан безбей, осы күнге дейін онымен жұмыс істеп келе жатқан кооператив те осы екен.

– Есептегіш құралдар тиімсіз деген бекер сөз. Оны дұрыс бақылап, жұмыс істей білу керек. Өзім тұратын үйдегі жылу есептегіш құралына тұрғындар өте разы. Пайдаланылған жылу бірлігі үшін наурыз айында 47 теңгеден, сәуірде 45 теңгеден төледік. Қыстың қақаған аязды айларында 63-65 теңгеден аспайды, – дейді ол.

Осындай белсенділік танытуының арқасында ПИК төрайымы биылғы көктемде қаланы көркейтуге бөлінген бюджет қаржысы есебінен үйлердің ауласына тегін асфальт төсеуге қол жеткізді. Тұрғын үйлердің тұрмыс жағдайларын жақсарта түсу үшін тұрғындарды жұмылдырып, ортадан қаржы қосып атқаратын басқа жұмыстар да жетерлік. Аталмыш кооператив мүшелері ортадан қаржы жинап, өз үйлеріне домофондар орнатты және ортақ кірме дәліздер мен жертөленің электр сымдарын ауыстырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp