«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАР Эктовтарды қарсы алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сейсенбі күні кешкі сағат 19.30-да солтүстікқазақстандық спорт сүйер қауым Петропавл қаласының темір жол вокзалында Қазан қаласында өткен бүкіләлемдік универсиадаға қатысқан ерлі-зайыпты Евгений мен Ирина Эктовтарды салтанатты түрде қарсы алды.  

Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Евгений өткен жылғы универсиадада үш қарғып секіруден үшінші болса, үстіміздегі жылы да бұл көрсеткішті қайталады. Ал Иринаға қола медальға бір сантиметр ғана жетпей қалған.

Қарсы алушылардың ыстық ықыласына бөленген спортшылар жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, додадағы нәтижелері жайындағы ойларымен бөлісті.

– Қазандағы жарыс менің спорттық мансабымдағы соңғы универсиада болғандықтан, жеңімпаз атануға барынша тырыстым. Өкінішке қарай, бұған дейін алған жарақатым бар мүмкіндігімді 100 пайызға орындап, алтын алқа тағуыма кедергі болды. Дегенмен, универсиада қатардағы жарыстардың бірі емес. Сондықтан жеңген медалім қола болса да, мен үшін аса бағалы, – деген Евгений Эктов жарыс барысында өзімен бірге болған отбасы мүшелері қолдау көрсетіп отырғандығын жасырмады.

– Енді мен үшін келесі жарыс – Азия ойындары. Аталмыш сайыста жанкүйерлерім мен жаттықтырушыларымның сенімін ақтап, бар күшім мен шеберлігімді көрсетуге тырысамын, – деді универсиада жүлдегері.

Әр жылдары жеңген медальдарының қайсысы ең маңызды екендігі жайында қойылған журналистердің сауалына солтүстікқазақстандық сайыпқыран 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында еншілеген күміс медалі аса ыстық екендігін жеткізді. Аталмыш бәсекелі жарыста 16 метр 86 сантиметрге секірген еді.

Екі спортшыны әрбір сайысқа баптап жүрген Евгенийдің әкесі әрі жаттықтырушысы Александр Эктов универсиадаға екі күн қалғанда Иринаның Индия елінде үш қарғып секіруден үшінші орынды жеңіп, қола медальмен оралғанын, ал Евгенийдің алған жарақатына қарамай бәсекелі сайысқа қатысқандығын тілге тиек етті. “Әрине, Иринаның қола медальға тек бір сантиметр жетпегені өкінішті. Ендігі мақсат – келесі универсиаданың жеңімпазы атану”, – деген жаттықтырушы сөз арасында ел құрамасындағы 15 жеңілатлетшінің төртеуі солтүстікқазақстандық болғаны көңілге медеу екендігін жеткізді.

Ал әзірге Евгений Азия ойындарына, ал Ирина тамыз айында Мәскеуде өтетін әлем біріншілігіне дайындалып, ел намысын қорғайтын болады.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp