Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында көтерілген мәселелер өңірімізде рет-ретімен өз шешімін табуда. Облыста құрылған ақпараттық-насихат тобының мүшелері жұртшылықпен кезекті кездесуінде осылай деді.
Олар облыс орталығындағы “Есіл су” РМК-ның еңбеккерлерімен кездесіп, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін жиналған қауымға хабардар етті.
Жиында топ мүшесі – “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының жетекшісі Сағындық Салмұрзин баяндама жасап, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда айналымы, тұрғын үй құрылысы, сумен жабдықтау, көлік, жолдар, салық, жергілікті бюджет, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды алға тартты. Жалпы өңірімізде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, әлеуметтік-экономикалық жағынан алға жылжушылық бар екендігі айтылды. Мәселен, өнеркәсіп кәсіпорындары 67 883,3 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,5 пайызға жоғары деңгей көрсетіп отыр. Ал Индустриаландыру картасы аясында 14 954,0 млн. теңгенің 4 жобасы іске асырылуда. Алайда, орта және шағын кәсіпкерлікті қолға алғандардың қатары 1,2 пайызға азайып кеткен. Жарты жылда салықтан жергілікті бюджетке – 12 426,9 млн. теңге, ал басқа кіріс көздері бойынша 54 324,2 мың теңге түскен. Осының бәрін сөз еткен топ мүшелері аталмыш кәсіпорын еңбеккерлерін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қанықтыра түсті.