«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҚТАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫН АРТТЫРУ айрықша назарда ұсталады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүйсенбі күні өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтіп, онда күн тәртібінде тұрған үш мәселе қаралды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанаповтың айтуынша, өткен алты айда өңіріміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі – 116,5 миллион теңге. 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім бар. Жан басына шаққанда 201, 2 мың теңгенің тауары өндіріліп, түрлі қызметтер көрсетілген. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Өңірдегі өндірістік кәсіпорындар да 4,5 пайыз көп тауарлар шығарған. Алайда, өсім барлық саланы бірдей қамтымаған. Мәселен, Аққайың және Жамбыл аудандарында өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі төмендеген. 29,9 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, тағы да жоғарыда аталған Аққайың ауданы көш соңында. Айыртау ауданы да төмен көрсеткішке ие. Осы орайда Самат Ескендіров аталмыш аудандардың басшыларынан мәселенің мән-жайын сұрады. Аудан әкімдерінің айтуынша, төмен көрсеткішке мал басының азаюы, ұн өндіру көлемінің кемуі себеп болған. Мұның негізсіз желеу екендігін атап өткен облыс әкімі:

– Көрсеткіштер бойынша дұрыс сараптама жасау қажет. Сіздер  мән-жайды анықтап, көшті кері тартқан кәсіпорындарға тиісті шара қолдануға міндеттісіздер, – деп аудан әкімдеріне орын алған олқылықтарды дереу түзетуді тапсырды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болған отырыста Самат Сапарбекұлы орташа еңбекақы мәселесіне айрықша назар аударды. Өңірімізде бірінші жартыжылдықтағы орташа еңбекақы көлемі – 70092 теңге. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының еңбекақысы 46 мың теңге көлемінде. Мәселен, Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүргендердің еңбекақысы 40 мың теңгеден аспаса, өнеркәсіп саласындағылардікі – 29951 теңге. Ауылдағы еңбек адамының жалақысын көтеру үшін атқарып жатқан жұмыстарын баяндаған әкімдерге өңір басшысы бүгінгі таңда бірде-бір ауданда орташа еңбекақы көлемі облыстық көрсеткішке жетпейтіндігін қадап айтып, Ауыл шаруашылығы басқармасына бұл мәселені шешуді тапсырды. Әсіресе, мемлекеттен субсидия алып жатқан шаруашылықтар қатаң бақылауда болмақ.

Отырыс барысында өңірімізде үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Анатолий Ко аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін өңірімізге 9,4 миллиард теңге бөлінгендігін жеткізді. Осы уақыт аралығындағы жетістіктерді тізбелеген облыстың бас дәрігері өткен жартыжылдықта өлім-жітім көрсекіші 1,9 пайызға төмендегендігін айтты. Бұл көрсеткішті жіліктеген кезде жалпы өлім-жітімнің ең төмен көрсеткіштері Ақжар мен Уәлиханов аудандарына тиесілі. Ал Мамлют, Аққайың, Есіл аудандарында өлім-жітімнің пайызы облыстық көрсеткіштен жоғары екендігі белгілі болды. Туберкулезге шалдыққандардың саны 1,4 пайызға төмендеген көрінеді. Алайда, бала өлімі көрсеткішінде өсім бар. Мұны мойындаған Анатолий Ко өңіріміздің денсаулық сақтау саласында 3 өзекті мәселенің бар екендігін жеткізді. Олар: бала өлімі, онкология және туберкулез аурулары. Сондай-ақ осы күнге дейін сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға кадр тапшылығы кедергі болып отырғандығы айтылды. Осы орайда Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірімізге келетін дәрігерлерге берілетін көтермеақының көлемін 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ұлғайтсақ деген ойын жеткізді. Себебі, кадр тартуда біз ұсынып отырған жеңілдіктер мамандар қызығарлықтай емес. Бүгінде өңірімізге 235 дәрігер жетіспесе, оның 88-і ауылға қажет мамандар. Мысалы, Шал ақын ауданына 8 дәрігер қажет. Осы орайда Самат Ескендіров тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде кадр тапшылығы кедергі келтірмеуі тиіс екендігін айтып, Денсаулық сақтау басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, жергілікті жердегі мәселелерді тиянақты шешуді тапсырды.

Жиында мүгедектер үшін қолжетімді ортаны сақтау үшін қолданыстағы нысандарды түгендеу жұмыстарының барысы жарияланды. Кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан жұмыс барысында 2 жылдың ішінде өңірдегі 2585 нысан тексерілген. Тексерістің арқасында 67 нысан ғана мүгедектерге қолжетімді екені белгілі болды. 1581 нысан жартылай, 937-сі – мүлдем қолжетімсіз. Мүгедектердің емін-еркін кіріп шығуына қолайсыз нысандардың бірі – түрлі деңгейдегі әкімдіктердің ғимараты. Осы орайда Самат Ескендіров жарымжан жандарға мекемелерге кіріп-шығу ыңғайлы болуы керектігін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев өңірдің қысқы маусымға дайындығын баяндады. Бүгінде бюджеттік мекемелерді көмірмен қамтамасыз ету ісі аяқталуға жақын. Қажеті 172 мың тонна көмірдің 170 мыңы жеткізіліпті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp