«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЖАН ТҮСІРГЕН ЕРЕКШЕ КЛИП бір миллион көрермен жинады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан он шақты жыл бұрын жастардың жүрегін әнімен жаулаған жергілікті “Тұмар” тобының экс-солисі Ержан Қабдуллин жаңа клип түсірді. “Лондон – Мәскеу – Астана” деп аталатын бұл бейнебаян бір айдың ішінде youtube.com порталында миллион көрермен жинап, Қазақстан шоу-бизнесін дүрілдетті. 

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ержан жас әнші, продюсер әрі композитор ретінде кеңінен танымал. Бұл – оның алтыншы клипі. Бұған дейін былтырғы көктемде “Ғашығым” әніне клип түсіріліп, көпшілікке ұсынған болатын. Сол кезде Ержан біздің газетке сұхбат беріп, сөз соңында жаңа ән жазып, соған клип түсіруге кіріскенін, әрі сол клипте өзінің тыңдармандарын керемет сыйлық күтетінін айтқан болатын. Нақтыласақ, клипке өзімен бірге Ресей эстрадасының жұлдызы түсетінін жұмбақтап жеткізген еді.  

Ол сөзінде тұрды. Оның Астананың 15 жылдығына арналған “Лондон – Мәскеу – Астана” клипіне Ресей ғана емес бүкіл ТМД елдеріне танымал “Иванушки Интернешнл” тобының әншісі Кирилл Авдеев түсті. Жай ғана түсіп қоймай, қазақ тілінде ән шырқады. Ержанның өзі айтқандай, ол Қазақстан эстрадасында болмаған жаңалық енгізді. Өйткені, клипте Ресей әншісімен қатар ағылшын жұлдызы Mr.Double A.D. да қазақтың әсем тілін әуелетті.

Ержанның айтуына қарағанда, Кириллмен ол бұрыннан бері дос ретінде араласады. Ал Интернетте осыншалық танымал болып кеткен клипті түсіру идеясы оларға 2011 жылы келген екен. Алғашында ән екі елдің астаналары туралы болады деп келісіледі. Бірақ 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қазақ елінің толағайларының жасаған ерлігіне сүйсінген, қазақтың туы биікке көтерілген сайын жеңістің дәмінен шабыттанған Ержан “Лондон – Мәскеу – Астана” деген жаңа ән жазады. Сол жерде Mr.Double A.D. мен де танысады. Сөйтіп, олар “Қазақфильм” киностудиясында көптен күткен клиптерін түсіріп, діттеген мақсаттарына жетеді.

Клипте үш астананың көрікті жерлері, ұлттық билері, үш елдің артықшылықтары мен ең бастысы – үш тілде орындалғанын көріп, онда халықтардың достығы туралы айтылатынын бірден байқауға болады.

Үстіміздегі жылдың 15 шілдесінде YouTube-ге құйылған бұл клипті бір айдың ішінде миллионнан артық адам қарап, үлкен резонанс тудырды. Өйткені, қазақ эстрадасында мұндай жағдай, тіпті, сирек кездеседі. Мысалға қазақстандық феномен Қайрат Нұртасты алатын бол сақ, оның өзі бұл межені бағындыра алмай жүр.

Қазіргі таңда бұған дейін қазақстандық шоу-бизнесте аса ешкім біле қоймайтын Ержан туралы еліміздің алдыңғы қатарлы БАҚ-тары жарыса жазуда. Таудай талап деген осы болса керек…

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp