Кеше ғана оқуын бітіріп, дипломын құшақтаған жастардың бәріне бірдей облыс орталығынан жұмыс табыла бермейтіні анық. Солай болғанның өзінде де қалаға тұрақтағандарға тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Бұл ретте білімі бар, жұмыс іздеп жүрген жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Осының бір дәлелі – 2009 жылы қолға алынған “Дипломмен – ауылға!” жобасы.
Қуаныш НЕҒМЕТОВА,
Айсары орта мектебінің директоры.
Ақжар ауданының Айсары ауылдық округі облыс орталығынан – 350, ал аудан орталығы Талшық ауылынан 85 шақырым қашықтықта орналасқан.
2010 жылы облыс бойынша “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 498 жас маман ауылдық жерлерге жұмыс істеуге аттанғаны белгілі. Солардың бірі – Айсары орта мектебіне қызметке орналасқан Тасболатовтар отбасы. Олар келісімен округке бір отбасы қосылып, ауыл тұрғындарының саны 5 адамға көбейсе, мектеп ұжымы 2 жас мұғаліммен толықты.
Бүгінгі күні Бауыржан Тасболатов оқушыларға тарих пәні бойынша сабақ берсе, ал зайыбы Әсел Нығматқызы – орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Оның үстіне білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп отырғандықтан, мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіледі. Еңбек жолдарын ауылдық жерде бастаған жас мамандарға біржолғы көтермеақы беріліп, тұрғын үй мәселесі де дер кезінде шешімін тапты. Ең бастысы – білім саласын таңдаған жас мамандар өмір бойы ізденудің, үйренудің жетегінде жүруге тиіс.
Жас ұстаздар аз уақыттың ішінде шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, әріптестерінің құрметіне де бөленіп үлгерді. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздар әр сабағында, тәрбие жұмыстарында озық әдістемелер мен ақпараттық оқыту технологияларын кеңінен қолданып келеді.
Сонымен қатар, аудандық және облыстық семинарларға қатысып, әріптестерімен іс-тәжірибе де алмасып отыратын Бауыржан Амангелдіұлы мен Әсел Нығматқызы – оқушыларына беретін сапалы білімді саналы тәрбиемен ұштастыра білетін білікті ұстаздар. Әрі сынып жетекшілері тәрбие жұмыстарын жүргізу кезінде балалардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, ұжыммен бірлесе жұмыс жүргізеді.
Отбасында 3 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ұстаздардың кенжесі Мерей Айсары ауылында дүниеге келді.
Иә, қалаған мамандығы бойынша жұмыс істеп, тиесілі көтермеақысы мен төменгі пайыздағы бюджеттік несиеге қол жеткізген жас мамандар ұтпаса, ұтылмайды.
Ақжар ауданы.