«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОЛПЫ, ШАШБАУ, ШАШҚАП бүгінгі бойжеткеннің сұранысына ие ме?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр нәрсеге мән беріп қараған дана халқымыз қашан да әйел көркі шаш деп білген. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткенді шашы мен бойбасына қарап бағалаған. Ашығын айтар болсақ, қазіргі қазақ қыздарының көбі шашты қиюмен бірге шашқа қатысты әсемдік әшекейлер: шолпы, шашбау, шашқапты мүлде білмейді. Білсе де, оның орнын сауда орындарында толып тұрған әртүрлі шаш қыстырғыштармен алмастырып үлгерді. Қазақтың зергерлік өнер туындыларына жататын көне бұйымдарды тек сахналық көріністер мен Наурыз мейрамында кездестіруге болады. Бұл үрдістің қалыптасуына бұрымды қыздардың азаюы себеп болды ма? Осы сұраққа жауап іздеп, бірер бойжеткенге сұрақ қойдық.

Нәтижесінде сауалнамаға қатысқан бойжеткендердің 20 пайызы ғана шолпының не екендігін білсе, қалғандары бұл бұйымдардың қандай болатындығынан бейхабар болып шықты. Айта кетерлігі, сұраққа жауап берген қыздардың 90 пайызының шаш ұзындығы иықты әрең жауып тұрса, қалғандарының бұрымы белге таяп қалған.

Айсәуле, 17 жаста:

– Қазір шашым ұзын емес. Десе де, бастауыш сыныптарда оқып жүргенімде шашымның ұзындығы белге жететіндей болатын. Күнде таңертең анам шашымды өріп, түрлі-түсті бантиктермен сәндейтін. Жоғары сыныптарға көшкен соң шашымды анамның рұқсатынсыз шаштаразға барып, қидырып тастадым. Сонда анамнан бұрын әкемнің ренжігенін түрінен байқадым. Бүгіндері шашымды қайтадан өсіргім келеді. Бірақ ұзын шаш заман талабы емес деп те ойлаймын. Ал шашқа тағатын бұйымдарға келер болсақ, олардың біреуін де шашыма тағып көрмеппін. Оларды тек қазақтың бұрынғы киноларынан көргенмін. Білуімше, “Қыз Жібек” фильмінде Жібектің ұзын шашына шолпы тағылған.

Сәруар, 28 жаста:

– Анам: “Аман болсын басың, тағы өсер шашың” дегенді шашымды қиған сайын айтатын. Үйден алыста, интернатта оқығандықтан, шашымның барынша қысқа болуын қалайтын. Ол да дұрыс. Жасым болса кіші, ал шашқа да ерекше күтім керек. Бірақ бұрымды қыздарды көрген сайын: “Шіркін, менің де осындай шашым болса екен”, – деп армандаған кездерім болды. Қазірде ондай қыздарды көре қалсам, көзім қуанады. Десе де, осы күнге дейін арманым орындалмапты. Екі бірдей қызым бойжетіп келеді. Олардың шаштарын өсіріп, болашақта әдемі бұйымдармен әсемдегім келеді. Шашбау мен шашқап және тағы басқа шашқа арналған зергерлік бұйымдардың барлығын білмесем де, шолпының теңгеден жасайтын түрін көргенім бар. Қазіргі таңда ондай ұлттық бұйымдарды жаңғыртып, күнделікті қолданысқа енгізіп жатқан қыздарды көрмейсің.

Айдана, 20 жаста:

– Әжемнің шашы ұзын болды. Басынан орамалын тастамайтын, самайынан ақ шашы еміс-еміс көрінетін. Бірде әжем орамалын шешіп, шашына қыстырылған дөңгелек келген тарағымен аппақ қардай шашын тарай бастады. Әжеме: “Ағарған шашыңызды қайтесіз, қиып тыстамайсыз ба? Өзіңізге де жеңіл болар еді?” – деп айтқан болатынмын. Сонда әжем шаштың қасиеті жайында әңгімелеп берді. Және сандықтың түбінде жатқан сылдыраған шолпы мен әдемі тастармен көмкерілген шашбауды да көрсетті. Оларды сандықтан алып, менің шашыма таққаны осы күнге дейін есімде. Содан бері мен шашыма қайшы тигізген емеспін. Шашымды күтіп-баптап келемін. Ал әжемнің көзі болған шашбау мен шолпы сандықтан менің қобдишама көшті.

Ботагөз, 48 жаста:

– Отбасымызда төрт қыз болдық. Әкеміз жасымыздан шашымыздың ұзын болғанын қалады да, еш қимайтын. Қиюға рұқсатта етпейтін. Ауылдан қалаға оқуға түскен соң шашымды қиып, бұйралап, ауылға келгенімде ешкім танымай қалған. Соны әлі күнге дейін қатарластарым әзіл қылып айтады. Содан бері шашымды талай үлгіде қидым. Бір байқағаным, қазіргі таңда қыз балалар шаштарын өсіруге тырысады. Өз қызым – жоғары сыныптың оқушысы. Ол да, қатарластары да, шаштарын өсіріп, әдемі қылып өріп қояды. Бірақ шашбау мен шолпыны таққан қыздарды кездестірген жоқпын. Білуімше, бұл зергерлік бұйымдарды жасауға қажетті материалдар қымбат. Күміс пен әртүрлі асыл тастардан жасалады. Сондықтан оны әркім сатып та ала алмайды. Десе де, бұрымды қыздардың шолпы тағып, көшеде серуендеп жүргендерін көру – бір бақыт болар-ау.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp