«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҒАЗ ҚИЫНДЫЛАРЫН КӘДЕГЕ ЖАРАТЫП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Үйде отырған әйел немен айналыса алады? Бұл сұраққа нәзік жандардың көбі: “Үй жұмысынан қолымыз босамайды”, – деп жауап береді. Бірақ үйде отырған әйелдің де өз ісін ашып, азын-аулақ қаражат табуына мүмкіндік бар.  

Виктория Говорухина – іскер әйелдердің бірі. Өңірімізде өткізілетін әртүрлі көрмелердің белсенді қатысушысы. Мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, филология ғылымының магистранты Викторияның мемлекеттік тілді жетік меңгергендігі жайында газеттер жарыса жазған еді. Бірақ бүгін оқырмандарымызға Викторияны басқа қырынан көрсеткіміз келеді.

№26 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет еткен Викторияның декреттік демалысқа шыққанына көп болмаған көрінеді. Осы уақыт ішінде қолөнермен белсенді айналыса бастайды. Бала кезінен анасынан үйренген қол еңбегінің болашақта өміріне қажетті боларын ол, әрине, ойлаған емес. Десе де қазіргі таңда қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысу оның күнделікті нәпақасына айналған. Бұдан бұрын шытыра-моншақтардан әртүрлі бұйымдар жасап келген ол нәрестелі болғаннан бері қолөнердің балаға қауіпсіз өзге түрімен айналысуда.  

Виктория скрапбукинг деп аталатын өнердің түрін өздігінен меңгергендігін айтады. Бір қарағанда айтарлықтай қиындығы жоқ көрінетін аталмыш өнер түрінің аты ағылшын тілінен алынған. Оның қазақ тіліндегі тура аудармасы “кітап кесу” деп аталады. Толығырақ айтар болсақ, әсем ашық хаттар, блокноттар мен шағын альбомдарды қолмен жасау деген мағынаны білдіреді. Мұндай бұйым кәдімгі қағаз қиындыларынан, түрлі әдемі маталар мен өзге заттардан жасалады. Жасынан өнер мектебінің үйірмелеріне қатысып келген Викторияның онда алған білімі қазіргі кәсібінде кәдеге асты.

– Жанымды жегідей жейтін нәрселердің бірі – уақытымның зая кетіп жатқаны. Декреттік демалысқа шыққалы бері әйелдің өз қызметінен басқа да айналысатын шаруалары басынан асып жататынын байқадым. Бірақ уақытыңды жоспарлай білсең, үйде отырған әйелдің үй жұмысынан басқа да істермен айналыса алатындығына көзім жетті. Бұл орайда қазақтың “Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” деген мақалы жадыма оралады. Сондықтан да үйде қол қусырып отырмай, бала кезімнен бойыма сіңген қолөнермен айналысуды қолға алдым, – дейді ол.

Қолмен жасалған бұйымдар техниканың көмегімен жасалған заттардан бір саты жоғарырақ тұрады. Оның жасаған бұйымдары кімнің болсын қызығушылығын туғызбай қоймайды. Әртүрлі той-томалақтарға арналған ашық хаттар, құттықтаулар, шақыру хаттары, шағын альбомдар сұранысқа ие. Және ол заттарды жасауға жұмсалатын қаражаттың көлеміне қарай бұйымның бағасы да сатып алушының көңілінен шығады. Оның үстіне бірнеше тілдерді жетік меңгерген Викторияның клиенттері де көп. Сонымен қатар ол өзі сияқты ісмерлікті меңгергісі келетін қыз-келіншектерге қолөнермен айналысудың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес.

Сурет

Виктория Говорухинаның

жеке қорынан алынған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp