Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасының арқасында үстіміздегі жылдың маусым айында алғашқы сәбилер дүние есігін ашты. Петропавлдық бақытты отбасы шекесі торсықтай егізбен толықты. Бүгіндері нәрестелердің жағдайы жақсы.
Аталмыш орталық өткен жылдың тамыз айында №3 қалалық аурухананың негізінде ашылған болатын. Қазіргі таңда репродукция бөлімінде 3 репродуктолог-дәрігер, 3 эмбриолог-дәрігер және 1 андролог-дәрігер қызмет етіп жүр. Дәрігерлердің дені Алматы қаласындағы репродуктивті технология институты мен шетелдік репродуктивті медицина мекемелерінде білімдерін жетілдірген.
Бүгінгі таңда репродукция бөлімінің есебінде 186 отбасы тұр. Орталыққа көмек сұрап келетіндер ішінде облыс тұрғындарынан басқа көршілес өңірлер мен елдердің тұрғындары да бар. Бөлімнің жұмысы басталғалы бері экстракорпоралды ұрықтандырудың 45 бағдарламасы жүзеге асырылып, олардың 24 пайызында жүктілік қамтамасыз етілді. Шілде мен тамыз айларында екіқабат әйелдердің 9-ы босанады деп күтілуде. Сонымен қатар, осы айларда 11 әйел экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасына дайын.
(Өз тілшімізден).