«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елу баланың екінші анасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытты отбасы. Ол қандай болуы керек? Әрине, отбасылық бақыт бала сүю қуанышына негізделгені айтпаса да түсінікті. “Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар” деген мақал да содан шыққан болар. Өмірін бала тәрбиесіне арнаған аналар әлемде жеткілікті. Бірақ біреудің баласын бауырына басып, өз баласындай мәпелеп өсірушілер кемде-кем. Саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған Сәуле Кеңесқызы солардың қатарынан. Ол жасы кәмелетке толмаған балаларға арналған баспананың директоры болып қызмет етіп келеді. Іргесі 2000 жылы қаланған бұл баспанадан содан бері бірталай түлек қанатын кеңге жайып, бүгіндері бір-бір шаңырақтың иесі болып отыр. 50-ден астам баланың екінші анасы, 7 немеренің әжесі атанған полиция лейтенанты Сәуле Кеңесқызы бұған қоса көпбалалы ана. Отбасы мен қызметін бір арнаға тоғыстырып, еліміздегі ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың өмірде өз жолын табуларына септесіп жүрген нәзік жанмен сұхбаттасып, бір қарағаннан қарапайым көрінетін әйел бақыты тақырыбында әңгіме өрбіткен едік. 

– Сәуле Кеңесқызы, өміріңізде кімді үлгі тұтасыз?

– Қай бала болсын ата-анасына қарап ержетеді. Мен де өмірімде әке-шешемді үлгі тұтып келемін. 14 жасымда анамнан айрылсам да, әкем анамның орнын жұтатпады. Тәрбиеледі. Анамның бойында көшбасшылық қасиет басым болды. Ол мейірімді әрі батыл, мінезі ақжарқын адам еді. Сондықтан қызымның бірін анамның есімімен атап, Камаль деп қойдым.

– Отбасыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Отбасымыз айтарлықтай үлкен емес. Десе де, жұбайым екеуіміз шаңырағымызда 6 баланы тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымның есімі – Дәулет. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алуда. Мамандығы агроном болғанымен, жан-жақты. Суретке түсіруді жақсы көреді. Бұл саланы меңгеріп алды. Оны бүгіндері кәсіби фотосуретші деп атауға болады. Одан кейінгі қызым – Жанель. Ол Слухаевский атындағы лицейде оқиды. Мектептің мақтанышы. “Қарлығаш” би ансамблінің мүшесі. Бүгіндері әртүрлі фестивальдарға қатысып, бүкіл Еуропаны шарлап келді десем, артық айтқаным емес. Артынан ерген Адель де әпкесінің ізін қуып келеді. Камаль әлі кішкентай болғанымен, бойына әжесінің көшбасшылық қасиеті дарығандығын қазірден аңғартып келеді. Одан кейін егіз ұл мен қызым бар. Олардың есімдері – Аян мен Даната. Өзге балаларым орыс тілінде білім алғанымен, көпейлерімді қазақ балабақшасына бердім. Олар қазір 4 жаста.

– Білуімше, Аян мен Данатаның Сіздің отбасыңызға келуінің өз хикаясы бар ғой…

– Аян мен Данатаны 4-інші қызыммен декреттік демалыста жүргенімде көрдік. Қызметке кіргелі бері бұл алғаш декреттік демалыс алуым еді. Одан бұрын бала қырқынан шыққаннан кейін-ақ, жұмысқа шығатынмын. Осы жолы барлық әйелдер сияқты декреттік демалыс алуды жөн көрдім. Ол да бекер болмағанын аңғардым. Жұбайым екеуіміз осы кезде отбасымыздың кішкентай екенін түсініп, бала асырап алу жөнінде ойлана бастадық. Әрі-бері ойлана келе бір шешімге келіп, құжаттарды тапсырдық. Көп уақыт өтпестен отбасымыз сүп-сүйкімді егіз баламен толықты. Олар ол кезде небәрі 2 жаста болатын.

– Үйде де балалар тәрбиесімен айналысасыз, жұмысыңыз да сол қағидаға негізделген. Екі жақты бірдей алып жүруіңіз қиын емес пе?

– Физикалық тұрғыдан гөрі, моральдық тұрғыдан қиын. Себебі, баспанадағы балалар: “Неліктен мені Алла тағала Сіздің отбасыңызда дүниеге келуімді жазбады?” деген сынды сұрақтарды жиі қояды. “Онсыз да менің отбасымның балаларысыңдар ғой”, – десем. Олар: “Жоқ. Анау отбасыңызды айтамыз” – деген сөздерін есту маған қиын. Осындай кездері жүрегім езіліп кетеді.

– Сонда бұл баспанада қандай балалар тұрады?

– Жасы кәмелетке толмаған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен тұл жетім балалар әлеуметтік мәртебесі анықталғанға дейін бұл баспананы уақытша мекендейді. Балалардың басым көпшілігі – тірі жетім атанғандар. Бүгіндері біздің баспанамызда 47 бала тұрып келеді.

– Әртүрлі тағдырмен келген балалармен жұмыс істеу қиын шығар?

– Қалалық Ішкі істер басқармасында кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша инспектор болып қызмет еттім. Қызмет орным ауысқанымен, негізінен, атқаратын қызметім бір. Тек мұнда бала тәрбиесінен бөлек, балаларды тамақтандыру, үй шаруашылығын жүргізу сынды қызметтер қосылды. Және кәдімгі отбасындағыдай әр баламен жеке жұмыс істей алуың керек. Бұл жерде Ішкі істер басқармасында қызмет еткенімдегі тәжірибем өз жемісін беріп келеді. Баламен сөйлеспес бұрын мен оны толықтай зерттеп аламын. Сөз барысында оның жүрегін ауыртатын тақырыптарды қозғамауға тырысамын. Ең бастысы балалармен оларды қызықтырған тақырыптарда барынша көп әңгімелесуді дұрыс санаймын. Олар мені баспананың директорынан бұрын дос ретінде қабылдағандарын қалаймын.

– Балалардың Сізге бауыр басуы сондықтан да шығар. Әлеуметтік мәртебесі анықталған соң балалармен қоштасу қиынға соғатын болар?

– Баспана қызметкерлерінен бұрын бұл сәт балалар үшін қиын. Баспанаға келген әрбір балаға: “Сендер бұл жерде уақытша өмір сүріп келесіңдер. Өмірлеріңді тура жолға бастайтын әрдайым дұрыс жолды таңдаңдар!”, – деп құлақтарына құйып келемін. Олармен қимастықпен қоштассақ та, ылғи да хабарласып тұрамыз. Көшеде, жиындарда кездесе қалсақ: “Ана, міне қараңыз. Мынау Сіздің немереңіз”, – деп жарыса өз балаларын таныстырып жатқанда еңбегімнің зая кетпегеніне көзім жетеді. Балаларым ата-аналарының теріс жолына түспегеніне қуанамын. Өз отбасыларын құрып, балаларына бар жақсылықты жасауға тырмысып жатқандарын көру – мен үшін бақыт.

– Балалардың көбі өмірде өз жолдарын тауып келеді ғой сонда?

– Осы жылдар ішінде баспанаға тұрған бірде-бір бала ата-аналарының тағдырларын қайталаған емес. Соған Аллаға мың да бір шүкір деймін. Олар байлықта шалқып өмір сүрмесе де, адал еңбектерімен күндерін көріп жүр. Біреуі асханада аспаз болса, біреуі құрылысшы болып қызмет етеді.

– Ал Сіздің отбасыңыз қызметіңізге қалай қарайды?

– Жұбайым мен қайда қызмет етсем де, әрқашан қолдап келеді. Әрі қызметім отбасыма ешқандай зиян келтірмейді. Ұлқыздарым өсе келе, қызметімнің мән-мағынасына терең ұғынып, маған көмектесуді қалайтындықтарын олардың іс-әрекеттерінен сезінемін. Ұлым ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жәрдемдесу мақсатында өзі сияқты студент жастарды бір ұйымға біріктіріп, әртүрлі мерекелер мен демалыстарда баспанадағы балаларға келіп, бірге пайдалы уақыт өткізудің амалдарын қарастырады. Өздерінің білгендерімен бөлісуге тырысады.

– Болашақта тағы не істегіңіз келеді?

– Жұмыстан қол үзіп, өмірімде тұңғыш рет декреттік демалысқа шыққанымда жан дүниеме тереңірек үңілуге мүмкіндік туды. Өз балаларымнан бөлек, басқа да елу шақты бала үшін тәулік бойы жауапкершілікті сезініп жүріп, бір мезетте жөргекте жатқан нәрестеге ғана жауапты екендігіңді сезіну оңай емес. Бұл жағдайға мен ұзақ уақыт бойы үйрене алмадым. Баспанада қалған балаларыма алаңдамаған күнім болмады. “Олар тамақтарын ішті ме екен? Киімдері жетіп жатыр ме екен?”, – деген сұрақтар мені жиі мазалайтын. Бірақ осы кезде мен іскер әйелден бұрын ана екенімді анық түсіне бастадым. Бар уақытыңды балаларға арнаудан асқан бақыт жоқ екен. Олардың әр басқан қадамы сен үшін қуаныш. Тұңғышыма қарап, менің балаларға берген тәрбиемнің дұрыс екенін көремін. Баламен ең бастысы достық қарым-қатынас орнату керек. Оның әрбір сөзіне құлақ асып, әңгімелесу қажет. Қазіргі таңда ұлым қандай мәселе болсын, ата-анасынан ақыл сұрауға асығады. Үлкен ұлымызға қарап жұбайым екеуіміз асырап алған екі баланы да тәрбиелей алатындығымызға көзіміз жетті. Екі кішкентай ағасы мен әпкелеріне қарап ержетіп келе жатқандары бізді қуантады. Болашақта осы балалар өмірде өз жолдарын таба алса, жұбайым екеуімізге одан асқан бақыт жоқ.

– Құпия болмаса, бұл балалардың ата-анасы бар ма?

– Жұбайым екеуіміз басынан-ақ балалардан ештеңені жасырмаймыз деп келіскен болатынбыз. Олар шындықты сырттан білгеннен бұрын тәрбиелеп өсірген ата-анасынан білгені әлдеқайда жақсы. Сондықтан біз бұл тақырыптан жалтармаймыз. Балалардың ата-анасы бар. Келешекте ұл-қызым Аян мен Даната бізді дүниеге әкелген әке-шешемізді көргіміз келеді дейтін болса, еш қарсы емеспіз. Бірақ қайткенмен аналық жүрегім ауыратынын білемін.

– Соңғы кездегі еліміздегі көптеген қыз-келіншектердің басты тақырыбына арналған зейнетке шығу жасы туралы ойыңыз қандай?

– Шынымен бұл бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отыр. Бірақ менің отбасымдағы міндетім, қызметімдегі жұмысым ол жайында тереңірек ойлануға мүмкіндік бермейді. Көпшілік не десе де, Елбасының шешімі дұрыс екендігіне сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Сурет Сәуле Омарованың жеке мұрағатынан алынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp