«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ЕСКЕРІЛГЕН салиқалы шешім деп білемін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәрібай МҰСЫРМАН,

облыстық мәслихаттың депутаты,

“Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры.

Ауыл әкімдерін сайлау жайында ойланғанымда сонау тоқсаныншы жылдары бұрынғы кеңшарлардың негізінде құрылған өндірістік кооперативтердің (ӨК) төрағаларының қалай сайланғандығы есіме түсті. Айыртау ауданындағы бір ауылдың азаматтары шаруасы өрге баспай, өлмелінің күнін кешкен ӨК-нің басшылығына қолдарында “қызыл” да “көк” те дипломдары бар, жоғары білімді м-мандарды лайық көрмей, шетінен сынап-міней келіп: “Дұрыс басшы шықса, міне, осыдан шығады”, – десіп, бұрын озат малшылардың бірі болған, бірақ “Өзім дегенде өгіз қара күшім бар” дегендей, өз үйінің шаруасын дөңгелетіп, пысықтығымен танылған, орта білімі ғана бар жігітті сайлап алған еді. Мұның түпкі сырын сұрастырсам, ол жігітті қолдаушылардың дені ауылдастарына ықпал-беделдері жүріп, сөздері өтіп тұрған аталас ағайындары екен… Ақыры не болды дейсіз ғой? Не болушы еді – сайланған “төраға” жұртқа берген сертін ұмытып, өз құлқынының құлы болып шықты. ӨК-нің мал-мүлкін талан-таражға салып, бірер жылдың ішінде банкрот қылды, ал өзі қан сорып тойған сүліктей томпиып, байыған үстіне байып, облыс орталығынан бірнеше жайлы пәтер сатып алып, бала-шағасын жарылқады. Алайда, ар-ұятты ұмытып, ауылдастарының көзіне тіктеп қарай алмайтын, той-томалағына шақырылмайтын алапестей күйге түскен соң көп кешікпей, өзі де бір түнде ауылдан артынып-тартынып көшіп кетіпті…

Ауыл әкімдерін төте сайлау енгізілсе, кей жерлерде жоғарыда келтірілген мысалдағыға ұқсас келеңсіздіктер орын алмайды деп кім айта алады?.. Өйткені, “Бөлінгенді бөрі жейді” демекші, қазақ ауылдарында ежелден әуелі руға, сосын атаға бөлінушілік сияқты қоғамдық кесел бары анық емес пе? Сонау кеңес заманында қоғамдық сананы жаулап, ұлтсыздықты насихаттаған коммунистік идеология мұндай “өткеннің сарқыншақтарын” тыюға тырысқанымен, түпкілікті жоя алмағаны, ал тәуелсіз ел атанып, еркіндік қолымызға тиген, ата салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып жатқан бүгінгі заманда қайтадан бас көтере бастағаны жасырын емес. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айрылудың өте қауіпті түрі”, – деп ашық та алаңдай айтқаны мәлім. Сондықтан да, еліміздің демократиялық дамуының қазіргі кезеңінде ауыл әкімдерін аудандық мәслихаттар арқылы сайлау және олардың баламалы кандидатураларын аудан әкімдерінің ұсынуы “жеті рет өлшеп, бір рет кескен” салиқалы шешім деп білемін.  

Ал ауыл тұрғындары бұл сайлаудан мүлдем сырт қалады деген пікірмен толық келісуге болмайды. Себебі, әкімдерді сайлайтын таңдаушылар – аудандық мәслихаттар депутаттары жергілікті халық өкілдері емес пе? Олардың аудандар әкімдері ұсынған екі-үш үміткердің ішінен ең лайықтысын сайлауға оңтайлы мүмкіндігі бар. Өйткені, олар жабық дауыс беру арқылы сайланады, яғни дауыс беру құпиялылығы қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл қағидаттың мүлтіксіз сақталуына Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айрықша маңыз беріп отырғаны мәлім. Әрине, депутаттар өздерін сайлап, үлкен сенім артқан жұртшылық пікірін біліп, жете ескерсе, құба-құп.

Қалай дегенмен де, әкімдер сайлауы жергілікті билікті халыққа жақындата түсудің бір тетігі екендігіне күмән жоқ. Оның үстіне алдағы уақытта ауыл әкімдіктерінің құзыретін кеңейту, қаржылық әлеуетін қалыптастыру мәселесі қарастырылу үстінде. Мұндай шаралар да ауыл әкімдерінің беделі мен ықпалын күшейтетіндігі кәміл. Себебі, қолында қаржысы жоқтықтан, көп мәселеде аудан мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына жалтақтап отыратын ауыл әкімдерінің қазіргі жағдайлары мәз еместігін көріп-біліп жүрміз.

Әкімдерді таңдаушы-депутаттар арқылы сайлау жергілікті өкілетті билік органы болып табылатын мәслихаттардың да беделін арттырары анық. Өйткені, болашақ ауыл әкімдері өздерін кім сайлағандығын, олардың сыртында кімдер тұрғандығын, яғни депутаттар сенімі – барша тұрғындар сенімі екендігін ұмытпауға тиісті. Түбінде “Мына әкімді кім сайлады?” – деген үлкен сауал болатындығы әрдайым есте жүрсе, игі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp