«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КYРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елорда мен өңірімізді байланыстырып тұрған күре жолдың бойында қысы-жазы көлік ағылып жатады. Сол себепті осы тас жолдың бойында орналасқан ауылдардың көпшілігінде тұрғындар қолдан жасалған бұйымдар мен тағамдарды, тұрмысқа қажетті заттарды саудалап, нәпақа табуды әдетке айналдырған. Сондай елді мекендердің бірі – Астраханка ауылы. Бұл ауыл арқылы өткен-кеткендер дерлік жол жиегінде орналасқан сауда-саттық дүңгіршектерге бас сұқпай кетпейді. Себебі онда үй тұрмысына қажетті азық-түліктер мен қолөнер бұйымдарын базардағыдан әлдеқайда арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік бар. Қыс мезгілінде жаз бойы жинаған жеміс-жидектердің тосаптарын, тұздалған саңырауқұлақтар мен көкөністерді, моншаға қажетті қайың жапырақтарын сататын тұрғындар жаз мезгілінде жеміс-жидектерді саудаға салады.  

Гүлнәр Дүйсембекова (суретте) таңер-теңнен ұлы Әділбекпен бірге жинаған жидектерді саудаға қойған. 5 литр шелегін 2 жарым мың теңгеге сатып келеді. Биылғы жаздың жайлы болуы ауылды айнала өскен жидектердің бабымен пісіп-жетілуіне оң әсерін тигізген. Оны Гүлнәр Елубайқызының аузы-мұрнына дейін толған шелектеріне қарап-ақ байқауға болады.  

– Жазда саңырауқұлақ, жидек, шие, таңқурай, қарақат теріп сатсақ, күзге таман картоп, жұмыртқа, бал сатамыз. Өзіміздің жеке сатып алушыларымыз да бар. Олар тауардың сапалылығына көздері жетіп, осы жерге қайта келіп, бізден сатып алып жатады. Ал біз болсақ, осылайша ақша тауып, балаларымызға мектепке қажетті оқу құралдары мен киім сатып аламыз, – дейді ол.

Гүлнәр Елубайқызы көпбалалы отбасында тәрбиеленген екен. Жасынан еңбекке баулып өсірген ата-анасына бүгіндері алғысын айтады. Себебі, ауыл тұрғындарының көбі екі қолға бір күрек таба алмай жүрген шақта мен жұмыссыз отырғаным жоқ дейді ол. Қол-өнердің бірнеше түрін өз еркімен меңгеріп, шағын болса да мал шаруашылығын жүргізіп, жаз бойы іссіз отырмайды. Ержетіп келе жатқан ұлын да еңбекке баулып тәрбиелеуде. 11 жастағы Әділбек – анасының көмекшісі. Ол да таңсәріден жидек теріп, еңбекпен тапқан нәпақаның құнын жасынан біліп өсуде.

Гүлнәр Дүйсембекова сияқты осы іспен 10 жылдан астам уақыт бойы айналысып келе жатқан басқа да қыз-келіншектер бар. Олар күре жолға жақын орналасқан ауылдардан келіп, шелек-шелек жидек сатып, күнделікті азық-түлікке қажетті тағамдарға қажетті қаражат табады. Ауылдық жерлерде сирек кездесетін қант, күріш және тағы басқа тағамдарды қап-қабымен алып, қысқа әзірліктерін жаз айынан бастайды.

– Қолыңды жайып, “жоқ” дей бергеннен гөрі өз еңбегіңмен тапқан табысыңның берекесі болады, дейтін анам. Сол қағидадан мен де айныған жоқпын, – деп сұхбатын аяқтаған Гүлнәр Дүйсембекова тоқтаған көлік иесіне қызара піскен жидектерін саудалауға кірісті.

Суретті түсірген автор.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp