Қайролла МҰҚАНОВ,
Мәдениет қайраткері, білім беру
ісінің ардагері.
Алыстан алаш десе, аттанамын,
Қазақты қазақ десе, мақтанамын.
Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
Міржақып ДУЛАТОВ.
“Мың өліп мың тірілген” қазақ халқы өзінің Отаны үшін не көрмеді, не істемеді?! Елін, жерін қорғау үшін кескілескен соғыстар жүргізді. Сонау XVIII ғасырдың бірінші ширегінде халқымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны” да басынан өткізді. Сол жоңғарлармен болған қиын соғыс кезінде атақты батыр Қожаберген жырау қазақ азаматтарына өзінің “Елім-ай!” дастанында мынадай үндеу тастады:
Жорықта жолың болсын, азаматым,
Болыңдар жаудан кекті қайтаратын!
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын!
Бұл сөздерде қазақ атын қастерлеп, оған кір келтірмеуге деген патриоттық ұран жатыр.
Ал әйгілі Қаз дауысты Қазыбек би, тіпті, жас кезінің өзінде келіссөз кезінде жоңғар қонтайшысынан қаймықпай, оған тура қарап тұрып қазақтың қандай халық екенін былай деп сипаттапты:
“Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз! Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қармасқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір еріткелі келгенбіз. Қазақ-қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең, жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!”
Бұл сөздерден ұлттық қасиет, ұлттық мақтаныш сезім, “елім” деп еңіреген, “халқым” деп қайысқан, “Отаным” деп жанын құрбандық етуге де баратын қазақ халқының ұлттық патриотизмі мен намысының деңгейі көрінбей ме?!
Патшалық Ресейдің қазақ елінің батысынан бастаған отарлау саясаты жүз жыл көлемінде сыналап кіріп, Орта жүз жерін де өзіне қаратып тынды. Патша өкіметі 1822 жылы “Сібір қырғыздары хақындағы низам” шығарды. Кіші жүз бен Орта жүз жерлерінде хандық билікті біржола жойып, олардағы басқару жүйесін тікелей патша өкіметінің бақылауына алды. XIX ғасырдың 60-шы жылдарында Қазақстанды отарлауды түгелдей аяқтады. Сөйтіп қазақтар саяси-экономикалық бостандығынан айрылды. Бұл кезде қазақ халқы қорлық пен зорлықтың сан түрін көрді, отаршылдықтың шырмауынан шыға алмады. Осындай жағдайда Алаштың зиялы азаматтары халықты “оянуға”, бостандық үшін күресуге шақырды. Алаш көсемдерінің бірі, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов бір өлеңінде:
“Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның
Аш көзіңді оянып”, – десе, оның әріптес інісі Міржақып Дулатов:
“Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты!
Жер кетті, дін нашарлап,
хал һарам боп,
Қазағым, енді жағу жарамасты!”,
– деп оны қостады.
Міржақып халқына деген жүрекжарды патриоттық сезімін мына бір шумақ өлеңінде айқын көрсетті:
“Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш,
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан, қажетіңе жараса, Алаш”.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев та:
“Ұлт дегенде көпіріп,
Жарайсың, қаным қайнадың,
Ұлт үшін жаным садаға
Бекіндім, басты байладым”,
– деп ұлтжандылығын білдіреді.
Қазан төңкерісінен кейін патша тағынан түсіп, отаршылардың боданы болған халықтар бостандық алғандай болды. Сол кезде қазақ зиялылары халқын өз тұрмысын жақсарту үшін қимылдауға, озық елдер қатарынан қалмауға шақырды. Мысалы, белгілі ұлтжанды қайраткер, жазушы Жүсіпбек Аймауытов “Алаш ұраны” атты өлеңінде:
“Қазағым, қақтықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Сал малды, сал жанды, аянба!
Құның жоқ, құлдықта өліп ең,
Терезең төремен болды тең!
Намыстан, қайраттан, қатарға ен,
Басқадан кем болған сенің нең?!
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолыңа құрбандық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ап,
Аллалап алға бас, ал, Алаш!”
– дейді.
1920 жылы жастай дүниеден өткен қазақтың белгілі ақыны өзінің “Айтыс” атты соңғы өлеңдерінің бірінде қала ақыны мен дала ақынының айтысын келтіріп, дала ақынының аузына мынадай сөз салады:
“Мен қазақ, қазақпын деп
мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан
сақтанамын?!”
Дала ақынының аузынан шыққан бұл жалынды сөздер тек кейіпкердің ғана емес, сонымен бірге Сұлтанмахмұттың өзінің де жан сыры деп білуіміз ләзім.
Кеңестік кезеңде “Қазақ” деген қастерлі сөзді дәл Қасым Аманжоловтай асқақ үнмен, зор мақтанышпен қолданған басқа ақын болған емес. Қасым өз ұлтын – қазағын, қазақ жерін, қазақ елін кеудесін кере бар дауысымен, ешкімнен қаймықпай жырлайды:
“Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы!
Танисың ба сен мені –
Мен – қазақтың баласы!
“Қазақ” деген атымды
Өшіре алмас ешбір жау.
Төбесіне тиіссе,
Төңкерілер Алатау!”
XX ғасырдың 60-шы жылдарында кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған кезінде ақиық ақын Жұбан Молдағалиев “Мен – қазақпын!” атты поэма жазды. Онда ақын қазақ халқының басынан кешірген қиын кезеңдерді, сан ғасыр бойында азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын зор мақтанышпен жырына қосады. Енді осы поэмадан үзінді келтірейін:
Мен – қазақпын, мың өліп мың
тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,
Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген
Дәуірлермен құрдаспын,
данамын мен.
…Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын.
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.
…Қарсыласпай өлмедім,
қан татырдым,
Құлап қалсам, атымнан
қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
“Мен – қазақпын!” дегенді
айта тұрдым.
…Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
“Қазақ болу – зор бақыт” дер
күн тіпті.
… Мен – қазақпын, биікпін,
байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім
мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім.
Солтүстікқазақстандық ақын Болат Сағындықов “Тыңда, әлем!” атты өлеңінде қазақ екенін үлкен мақтанышпен былай деп көрсетеді:
Тыңда, әлем! Мен – бақытты
қазақпын!
Шаттанамын, тәуелсізбін, азатпын,
Бабалардың арманына жеттік біз
Бастан кешіп тауқыметін азаптың.
Таны, әлем! Қазақ деген халқымды
Алға басқан қадамы нық, қарқынды
Көрші елдердің көшін
бастап келеміз
Тез игеріп мына тентек нарқыңды…
Елдің ертеңі – жастар, Тәуелсіз елдің болашағы, келешекте сүйенер тірегі бүгінгі мектеп партасында отырған қаракөздер. Бодандық бұғауынан босаған елдің алдағы күндері қалай қалыптасады, өркениетті елдердің қатарына қалай жетеміз десек, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Жоғарыда келтірілген ақын, жыраулардың қазақ туралы айтылған қасиетті сөздері жастарға үлгі болады ғой деп ойлаймын.
Қазіргі белгілі ақындарымыздың бірі Күләш Ахметованың жастарға арналған “Сен – Қазақсың!” деген өлеңінде мынадай тамаша сөздер бар:
Сен – Қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек.
Қазақ салған соқпақ бөлек,
жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр
Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек.
Сен – Қазақсың!
Отаншылсың, тектісің.
Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.
Бұл далаға мұрагерлік, иелік –
Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін!
Сен – Қазақсың!
Қазақ едің туғанда!
Онда, дүние тағылымнан үлгі ал да,
Ата жұрттан, Ана тілден айрылма.
Төбеңде күн, төменде Жер тұрғанда!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстандық отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы”, – деп атап көрсеткен еді білім және ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде.
Ендеше, балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, университет оқытушылары өз шәкірттерін отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге көбірек назар аударса, құба-құп. Еліміздің әр қазағы зор мақтанышпен “Мен – қазақпын!” – деп айтып жүрсе қандай ғанибет!