Тайынша ауданының Димитровка ауылында тұратын бір әйелге алаяқтар телефон шалып, баласының есірткі сақтағаны үшін ұсталғанын айтқан. Қылмыстық істі жабу үшін ақша әкеп беріңіз, деген. Ұлы үшін алаңдаған келіншек алаяқтардың айтқанына бірден көніп, 400 доллар мен 10 мың теңге ақша беруге келіскен. Үйдегі бар қаражатты жинап, үй жанына көлікпен келген ер адамның қолына ұстата салған. Осыдан кейін ғана Ресей Федерациясының Магадан облысында тұратын ұлына телефон шалған. Ұлы болса есірткіге мүлде қатысы жоқ екендігін айтып, анасын сабырға шақырған. Әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, аудандық ІІБ-ге телефон шалып, ақшаны алып кеткен ер адамның көлігінің нөмірін айтқан. Полицейлер көлікті іздеп тауып, оның такси жүргізушісіне тиесілі екендігін анықтаған. Ер адам белгісіз біреулердің аталған мекенжай бойынша ақшаны алып, банк есепшотына аударып беруін сұрағанын жайып салған. Абырой болғанда, алаяқтар есепшоттан ақшаны алып үлгермеген екен, барлық сома дер кезінде қайтарып алынды.
Полицейлер осы мәселе жөнінен таксопарк иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, такси жүргізушілері әлі күнге дейін алаяқтарға көмек көрсетуде. Тұрғындар осы сынды телефон қоңыраулары шалынған сәтте әуресарсаңға түспеулері тиіс. Тексеру мақсатында алдын ала бірнеше рет қоңырау шалып, мән-жайды толығымен анықтап алғаныңыз жөн.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.