Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристин Лагард: “Менің қорқатыным, дамыған немесе табысы төмен елдер емес, керісінше дамушы елдердің кесірінен әлемдік экономика өсімінің сәл төмен болатын түрі бар”, – деді Францияда өткен конференцияда сөйлеген сөзінде. Ал, мұның жөн-жосығын осы аптаның соңында жарияланғалы отырған ХВҚ-ның жаңа болжамдарынан білетін боламыз. Қордың сәуір айындағы болжамдарының өзінде әлемдік экономика биылғы жылы асса 3,3 пайызға ғана өседі деп жобаланған. Сол өткен үш ай бұрынғы болжамдарда іс жүзінде барлық елдер бойынша 2013 және 2014 жылдарға арналған жобалы көрсеткіштер қайта қаралды, онда көп жағдайда кіші мәнге қарай ойысу байқалады. Ал, дамушы елдерге қатысты айтар болсақ, ХВҚ олардың экономикасынан 2013 жылы 5,3 пайыз және 2014 жылы 5,7 пайыз деңгейіндегі өсімді күтеді.
Әлемдік экономикаға зор ықпалы бар Еуроодақтың өзі проблемалық жағдайдан айығып кете алмай отыр. Ондағы экономикалық тығырыққа тірелген елдердің үкіметтері мен кредиторлары қаншалықты жарқын жағдайға үміт артқандарымен, түптеп келгенде көбіне әлі де қосымша қаржылай көмек қажет болатын сыңайлы. Валюта одағы атқамінерлерінің айтуынша, Грекияға, Португалияға және Кипрге бұрын мақұлданғандарынан басқа жаңа кредит қажет болуы мүмкін. Еуроодақ және халықаралық валюта қоры Афиныға – 247,5 млрд. еуро, Лиссабонға – 78 млрд., Никосияға – 10 млрд. еуро бөлді, осы бөлінген қаржы бағдарламалары сәйкес түрде 2016 жылдың желтоқсаны мен маусымына және 2015 жылдың наурызына дейін жұмыс істейді.
Кредиторлар бұл елдерде жағдайдың айтарлықтай жақсаратынын күтті. Енді аталмыш елдердегі одан сайын ауырлай түскен жағдайға және әлемдік экономиканың тежеліп отырғанына байланысты проблемаларды шешуге тағы ақша қажет болып отыр, – дейді Exotix банкінің басшысы Габриэль Стерн.
Еуроодақ Кипрге 10 млрд. еуроның жете қоярына күмәнді, биыл онда ІЖӨ-нің құлауы бұрын болжанған 6,5 пайыздың орнына 8,7 пайызды құрайды. Банктік дағдарысты шешу үшін де базалық алғышарттар жоқ, деп мойындайды Еурокомиссия мүшесі. Португалияға көмек бағдарламасы 2013 жылы шығындарды 4,7 млрд. еуроға қысқартуды және қарызды қайта қаржыландыру үшін 2014 жылы елдің қаржылық нарыққа қайта оралуын көздейді. Егер ол болмайтын болса, онда Лиссабонға ағымдағы міндеттемелерін қайта қаржыландыру және 16,3 млрд. еуроға жаңа қарыз тарту үшін 2013 жылы 14 млрд., 2014 жылы 15 млрд. еуро қосымша кредит қажет болады.
Ал, 2022 жылға таман мемлекеттік қарызын ІЖӨ-нің 175 пайызынан 110 пайызға дейін төмендетуді көздейтін Грекияда бағдарлама бойынша міндеттемелерін атқаруда айтарлықтай проблемалар бар. Афины 12,5 мың бюджет қызметкерлерінің 25 пайыз еңбекақысын қысқартуға мүмкіндік беретін тұрақты келісімшартты уақытшаға ауыстыру шарттарын орындауды жеріне жеткізе атқара алмады. Оның өзі оған 6,3 млрд. еуроның кезекті траншын бөлуді күмәнға қалдырып отыр, ал алдағы тамызда Афины кредиторларына 6,6 млрд. еуро төлеуге міндетті.
Танымал экономистер Грекияның қарыздарының бір бөлігін тағы да жаңадан есептен шығарудан басқа амал жоқтығын айтуда. Жағдайды орталық банктердің болашақта жабылғалы тұрған ынталандырушы бағдарламаларына байланысты қаржы нарығындағы жалпы тұрақсыздық нашарлата түсуде. Жаңа кредиттер жөніндегі Еуроодақтағы келіссөздердің күзге дейін жандана қояры байқалмайды, оған Германияда өтетін президент сайлауының ықпалы болары анық. Экономикалық жағдайы күннен-күнге ушығып бара жатқан Португалияда жедел құрылымдық реформалар жүргізу қажет болып отыр. Еуропалық орталық банктің президенті Марио Драги елді осыған шақырады.
Оның үстіне банк жүйесінде келеңсіз жайлардың да қылаң беруі жақсылық емес. Еурокомиссия Еуропа мен АҚШ-тың жетекші 13 банкінің еуропалық бәсекелестік нормаларын бұзғаны жайында күдік келтіруде. Бұл туралы бәсекелестік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Хоакин Алмуния мәлімдеді. Атап айтқанда, оларға қаржы нарығының жекелеген сегменттеріне “жаңа ойыншылардың” енуі үшін қасақана кедергі жасап отыр деп кінә тағылуда. “Еурокомиссия мұндай қаржылық мекемелерге кінәталаптары көрсетілген хат жіберді. Енді олар өз ақтығын дәлелдеп, түсінік берулері керек”, – дейді Х.Алмуния.
“Жығылған үстіне – жұдырық” дегендей, Еуроаймағында жұмыссыздық деңгейі де мәз емес. Одақтың статистика басқармасының деректері бойынша ол 12,1 пайызға дейін өсті. Тіпті ол экономикасы серпінді Германияның өзінде 5,3 пайызды құрайды, Францияда бұрынғы 10,4 пайыз деңгейінде қалып отыр, ал Италияда рекордтық деңгейге жетіп, мамыр айының қорытындысы бойынша 12,2 пайызға дейін өсті. Еуроаймағындағы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Испанияда тіркелді, ол қазір 26,9 пайызды құрайды.
Бүкіләлемдік банк жүйесінің офшорлық орталығы саналатын Швейцарияда шетелдік банктер саны қысқаруда. Оның себебі – алдымен банк құпиясын алып тастауға сырттан жасалып отырған қысымның жалғасуы және оны реттеудің қатайтылуы. Өткен жылдың басынан бастап биылғы мамыр айына дейін Швейцариядағы шетелдік банктер саны 145-тен 129-ға дейін қысқарды. Соның өзінде де онда қазір шамамен 2,2 триллион доллардың сомасында немесе барлық қаржы нарығының 26 пайызы көлемінде капитал шоғырландырылған. Алайда, әлем экономикасындағы тұрақсыздық салдарынан осы офшорлық орталықтағы капитал одан әрі жырымдала беретін болса, онда елдің “салық айлағы” атанған мәртебесінен де мән кетері сөзсіз.