«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ БАҚ-пен БАЙЛАНЫСЫ жетілдіріле түсетін болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы БАҚ мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Отырыс алдында Самат Сапарбекұлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының бұйрығымен осы күнге дейін аталмыш агенттіктің СҚО бойынша департаментінің басшысы болған Тілеген Қаскин ротация бойынша Астана қаласына ауыстырылғанын айтып, оны өңірімізде атқарған жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің жаңа басшысы болып тағайындалған Мұрат Қадырбекті таныстырды.  

Мұрат Болатұлы 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында туған. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген, заңгер және құқық магистрі мамандықтарына ие.

Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласындағы Қазыбек би атындағы ауданның прокуратурасында сот қаулыларының заңдылығын және атқарушылық іс жүргізуді қадағалау жөніндегі бөлімнің прокуроры болып бастаған. Шығыс Қазақстан облысындағы №2 Тарбағатай аудандық сотының судьясы, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде департамент директорының орынбасары, Алматы облысындағы Екбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары болып істеген.

2012 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болып еңбек еткен.

Бұдан кейін Қоғамдық кеңестің жұмысын бастаған облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев журналистер әлеуметтік-саяси үдерістерге белсене араласып, қуатты қоғамдық күшке айнала бастағанын, Қазақстанда билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының қарым-қатынасы үшін жақсы жағдай жасалғандығын атап өткен еді. Облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің жұмысы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, – деп атап айтты.

Кеңестің өткен отырысында қабылдаған бірқатар шешімдердің орындалу барысы жайлы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсымов баяндады. Оның айтуынша, өткен отырыста қабылданған 11 шешімнің 8-і орындалып, үшеуі қолға алынған.

Ал өздерінің мемлекеттік органдармен байланысы туралы баяндаған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқшылық жергілікті БАҚ-та білікті кадрлардың тапшы екендігін, өз әріптестерінің объективті сын айтуға, талдамалы материал жазуға кәсібиліктерінің жетісе бермейтінін айтты. Бұл орайда Самат Сапарбекұлы БАҚ өкілдерінің біліктілігіне қатысты сын журналистердің өз ортасында айтылуы қажеттігін ескертіп, Қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік органдар мен “төртінші биліктің” қарым-қатынасын нығайтатын мәселелер көтерілуі жөн екендігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік атқарушы органдарға қарата айтылған сын да, жылы лебіз де қарапайым тұрғындардың аузынан шыққаны абзал. Ал “Әділ Арқа” өңірлік БАҚ-ты қолдау жөніндегі Қоғамдық қорының төрайымы Зәуре Жұмалиева облыстық Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік органдар мен журналистердің тиімді байланысын ұйымдастыру жөніндегі жобаны жүзеге асыруда атқарған жұмысын баяндады. 9 айға жоспарланған жоба алдағы желтоқсан айында аяқталмақ. Осы уақыт аралығында облыстағы әріптестерімен бірнеше мәрте кездесулер өткізіліпті. Облыс әкімі Ішкі саясат басқармасына жуық арада тағы бірнеше әлеуметтік жоба жасап, жүзеге асыруды тапсырды.

Зәуре Жұмалиева облыс басшысының тапсырмасына сәйкес барлық облыстық басқармалар мен департаменттерде БАҚ-пен жұмыс істейтін жауапты қызметкерлер тағайындалғанын өзге өңірлерге өнеге етуге тұрарлықтай игі бастама ретінде бағалады.

Кеңесте мемлекеттік органдардың қоғаммен байланысында Интернеттің, әсіресе, тұрғындардың дені пайдаланатын әлеуметік желілердің мүмкіншілігі туралы да әңгіме өрбіді. Осы орайда облыстық әкімдіктің web-сайтының жұмысы жайлы облыс әкімі аппаратының басшысы Владимир Дудов баяндады. Облыс әкімдігінің web-сайтының дизайны жетілдірілгенін айтқан ол өңір басшысының виртуалды қоғамдық қабылдауы көзге көрінетіндей етіп орналастырылғанын жеткізді. Осының арқасында бүгінгі күнге дейін облыс әкімінің атына 265 өтініш түсіпті. Бүгінде олардың барлығына бірдей жауап берілген. Облыс әкімі өзге мемлекеттік органдардың web-сайттарының қандай күйде екенін сұрады. Белгілі болғандай, тұрғындарға пайдалы web-сайттар облыстық Ішкі істер департаменті мен бұрынғы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларына тиесілі. Бұл тұрғындар аталмыш ведомстволарға өздерін толғандырған сұрақтарын тура қойып, тез жауап ала алады деген сөз. Ал ешқандай өзгеріс енгізілмей, айлап тұратын web-сайттары бар мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмыстарын жетілдірулері қажет. Осы орайда облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барлық мемлекеттік органдардың web-сайттарының мекенжайын жариялау қажет деген ұсыныс айтылды. Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының жұмысын да осындай web-сайттар арқылы дамыту керек деген пікір де қолдауға ие болды.

Қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған Самат Ескендіров мемлекет пен БАҚ өкілдері бір-бірімен тығыз байланыста қызмет істеп, “төртінші билік” өкілдері өздерін мемлекеттік билік өкілдерімен тең құқықты серіктестер ретінде сезінуі маңызды екенін атап өтті.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp