Жуырда Тимирязев аудандық Мәдениет үйінде Дүниежүзілік спорт күні қарсаңында “Біздің мақтанышымыз” ІІ жастар форумы өтті. Аудан тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақты спортқа баулуды мақсат еткен аталмыш іс-шараға аудандық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен белсенді жастар қатысты.
Арман ҚАПЕНОВ,
аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы.
Жастардың басын қосқан шара басталмас бұрын қонақтар назарына “Біздің мақтанышымыз” атты фото және кітап көрмелері және “Ақ бидай – 2013″ атты деректі фильм ұсынылды.
Форумға жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Еркін Базарханов тимирязевтіктерді “Ақ бидай – 2013″ жазғы ауылдық спартакиададағы жалпыкомандалық бірінші орындарымен құттықтай келе, облыс әкімі Самат Ескендіровтің тіккен бас жүлдесі – “ГАЗель” автобусының кілтін аудандық “БЖСМ” директоры Еркебұлан Майсатаевқа салтанатты түрде табыстады.
Шара барысында аудан басшысы өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қомақты күш-жігер жұмсап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан бір топ тимирязевтіктерге Алғыс хат табыстап, еңбектеріне табыс тіледі.
Жастар форумында саналы өмірін спортпен байланыстырып, бәсекелі жарыстарда аудан, ауыл намысын қорғаған Леонид Зигмантас пен Виктор Кашин сынды спорт саңлақтарының жетістіктері еске алынды.
Тимирязев ауданы.