Петропавлда зейнеткер троллейбустан құлап, дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік апаты Сәтбаев көшесінің бойында орын алды. Жолаушы троллейбустан шыға бергенінде есік жабылған, сол сәтте ол есіктің арасына қыстырылып қалып, көліктен сыртқа құлап түскен.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, есіктен шыға берген тұсында сөмкесі есікке қыстырылып қалған, осы тұста троллейбус орнынан қозғалып, әйел адамды бірнеше метрге сүйреп әкеткен. Аталмыш факті бойынша материал жиналды. Троллейбус жүргізушісі – 50 жастағы әйел көлік жүргізу құжатынан айрылуы мүмкін, сондай-ақ оған жолаушылар тасымалы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуге тура келеді.
Жыл басынан бері облыста жолаушылар көлігінің қатысуымен 9 жол апаты орын алған. Соның бесеуі – жүргізушілер кінәсінен. Бұл апаттарда зардап шеккендер бар: 3 адам қаза тауып, 10-ы түрлі дене жарақатын алған.
СҚО ІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі.