«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШОМЫЛУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН!” Бұл белгіні елеп жатқан жан жоқ сияқты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Төтенше жағдай жөніндегі департаменттің суда құтқару қызметінің мамандары Есіл өзенінің жағасында алдын алу рейдін өткізді.

Суда құтқару стансасының бастығы Сергей Черкасовтың айтуынша, шомылу маусымы басталғаннан бері 25 солтүстікқазақстандық суға кетсе, оның – 4-еуі бала. Сондай-ақ сүңгуір-құтқарушылар жалпы 62 адамды ажал аузынан алып шықса, оның 24-і балалар болған. Көбіне кішкентай балалардың өлімі ата-аналардың жауапсыздығынан орын алған. Өйткені, олар кей кездері өз балаларының суға шомылуға кеткенін, тіпті қайда жүргенін де білмеген.

Жергілікті құтқарушылар таңертеңнен кешке дейін өзен жағалауында кезекшілік атқарып, Есілді жүзіп өтпек болғандарға, көлік көпірінен суға секіргендерге, мас күйінде әрі рұқсат етілмеген жерде шомылғандарға көмекке келеді. Соның өзінде облыс тұрғындары судағы қайғылы оқиғадан сақ болу жөніндегі ескертулерді құлаққа ілмейді.

– 2011 жылы өзен бойына темірден жасалған 37 тыйым салу белгісін орнатқан едік. Алайда бүгінде оның бәрі де ұрланған. Былтырғы жылдың өзінде де осындай 14 белгі қолды болды. Ал үстіміздегі жылы Есіл бойына орнатылған 7 белгінің төртеуі ғана қалды, – дейді Сергей Черкасов.

Осындай ескерту белгісі өзен жағасындағы “Восточный берег” дәмханасының жанында жатыр. Оны белгісіз біреулер жұлып тастаған. Енді құтқарушылар оны қайта орнатуы тиіс.

Рейд барысында суда құтқару қызметі жағажайда демалып жүрген азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған буклеттер таратып, құтқару жейдесінсіз балық аулаған балықшыға ескерту жасады. Рұқсат етілмеген жерде суға түсіп жүрген 9 адамға шомылуға тыйым салды.

– Осындай рұқсат етілмеген жерде ересектердің шомылуын көрген балалар еліктейді. Егер де қауіпті жағдай туындай қалса, ешкім кәсіби құтқару көмегін көрсете алмайды. Сондықтан біз қаладағы арнайы жағажайда ғана шомылуды ұсынамыз. Онда әлдеқандай жағдай туа қалса, кәсіби құтқарушы көмекке келеді, – деп түсіндірді станса бастығы.

Облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp