«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ БӘРІ ДЕ – ЖЕҢІМПАЗДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз” атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы республикалық байқаудың қалалық іріктеу кезеңі Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінде өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен қолға алынған байқаудың мақсаты мүмкiндiктерi шектеулi жандардың шығармашылық әлеуетiн дамыту және  өзiн-өзi танытуға жәрдемдесу, қоғамға мүгедектердi етене араластырудың тиiмдi тәжiрибесiн қолдану болып табылады.

Маусым айынан бастау алған байқаудың қалалық іріктеу кезеңіне 17 үміткер қатысты. Олар үш аталым бойынша өзара бақ сынасты. “Үздік жасампаз”, “Үздік би”, “Үздік орындаушы” аталымы бойынша қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Алғашқы болып сахнаға көтерілген тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған Петропавл интернат-үйінің тәрбиеленушісі Антонина Олифер тамаша ән орындап, бірден көрермен көзайымына айналды. Ол 2-сыныпта оқиды екен. Өнерге біртабан жақын бүлдіршін болашақта әнші болсам деп армандайды. Одан кейін сахнаға 5-сыныптың оқушысы Виталий Химяк көтерілді. Ол да Антонина сияқты көңілді ән орындады. Концерттік бағдарламалардан қалыс қалмайтын Виталий көпшіліктің алдында өзін еркін ұстап, би билеп, орындаушылық қасиетінің жоғары екендігін көрсете білді. Бұл аталымда өнер көрсеткен Егор Гусев пен Матвей Бокутин Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінің намысын қорғады. Олар да әнді нақышына келтіре шырқады. Ағайынды Латашенколар махаббат жайында әсем ән айтып, өздерінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген тәрбиешілеріне сахнадан алғыстарын жаудырды.  

Көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған келесі қатысушылар “Адон-Север” қоғамдық бірлестігінің жәрдемін алушылар болды. Олар халық билері мен сайқымазақ биін орындап берді. Би бірнеше қойылымдық көріністерден тұрды. Алғашында қыздар орыс халық биі мен сыған биін орындады. Сайқымазақ болып та көрермендерді таңғалдырды. Бұл аталымда өнер көрсеткен соңғы үміткердің есімі – Мөлдір Габралиева. Шығыс биін орындаған оны көрермендер ду қол шапалақтап қарсы алды. Мың бұралған бишілердей әуеннің ырғағына сай қимылдап, сахнада өзін сенімді ұстаған кішкентай қыздың өнер көкжиегіндегі болашағы зор.

Іс-шарада сондай-ақ қолөнер шеберлері де өз өнерлерін паш етті. “Үздік жасампаз” атануға 7 үміткер ниет білдірген екен. Майлы бояу, акварель, түрлі-түсті қарындаш, ермексаз бен қағаз қиындыларынан жасалған картиналар, шытыра моншақ, гипстен жасалған мүсіншелер көздің жауын алады. Әсіресе, 5-сыныптың оқушысы, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған Петропавл интернат-үйінің тәрбиеленушісі Мира Абитованың өз қолымен зер-әйнекке салған түрлі тақырыптағы суреттері бірден көзге түсті. Ол ашық түсті түстерді қолдануды ұнатады екен. Ақ матаға кестелеп тіккен ою-өрнектері де Мираның он саусағынан өнер тамған дарынды қыз екендігін танытпай қоймады. Көрмеге сондай-ақ Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінің тәрбиеленушілері, Петропавл психоневрологиялық ауруларға арналған интернат-үйі мен “Адон-Север” қоғамдық бірлестігінің көмегін алушы мүмкіндігі шектеулі жандардың туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың іріктеу кезеңінде барлық үміткерлер жеңімпаз атанды. Осылайша олар өңірімізде 26 қыркүйек күні өтетін сайыстың ақтық кезеңіне жолдама алды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сергей Яковенко қатысушыларға сәттілік тілеп, оларды грамоталармен марапаттап, сыйлықтар табыстады.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp