«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫП ЖАТҚАН әлеуметтік жобалар аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың мәжіліс залында “Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуы” тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Облыстық мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан тыңдауда өңір жастары ұйымдарының жетекшілері атқарылған жұмыстары жайында баяндап, алдағы іс-жоспарларымен бөлісті.

 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жиынды ашқан облыстық Жастар саясаты жөнiндегi басқарманың басшысы Виктор Молодовский бүгінде облыста 61 жастар ұйымы бар болса, оның 10-ы ауылдық жерлерде екендігін, үстіміздегі жылы олар бірнеше жобаны қолға алғандығын хабарлады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 18 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражат 11 әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға жұмсалып, олардың 1-уі іске асқан. 8-і бойынша тиісті жұмыс атқарылуда, ал қалған 2-уі күзде басталады.


Шара барысында алғашқы болып мінбеге көтерілген “СҚО белсенді жастары” ұйымының басшысы Сергей Белов өңірімізде сәтті жүзеге асып жатқан жобалардың бірі студенттік еңбек биржасы екендігін атап айтып, өткен жылдың сәуірінен бастап аталмыш ұйымға 1935 жас жұмыс іздеп келсе, оның 1800-і уақытша жұмысқа тартылып, 1256-сы облыс орталығы мен аудандарда тұрақты жұмысқа орналастырылғандығына тоқталып өтті. Ал үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері 1225 жас азамат жұмыс істеуге ниет білдірген. Соның 803-і еңбекпен қамтылса, қалғаны тиісті жұмыс орындарына бағытталған. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы студенттік еңбек биржасының құрамына студенттер құрылыс жасақтары енгізілген екен. Соңғы жылдары мүлдем жұмыс атқармаған құрылыс жасақтары арқылы биыл 2000 студентті жұмысқа орналастыру жоспарланған. Әзірше студенттік құрылыс жасағына жұмыс іздеп келген 257 жастың 231-і жұмыс берушілерге жіберіліп, 225-і тұрақты жұмысқа тартылған.  

 

“Basis” үкіметтік емес ұйымы ресурстық орталығы” ҚБ менеджері Лидия Грабарь облыстық Жастар саясаты жөнiндегi басқарманың қолдауымен өңір жастары арасындағы қылмыс, мектеп оқушыларының есірткіге тәуелділігі деңгейін анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатқандығын жеткізді. Лидия Николаевнаның айтуына қарағанда, аталмыш жобаға 1760000 теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік зерттеу барысында 14 пен 29 жас аралығындағы 1400 солтүстікқазақстандық қамтылмақ. Ал бүгінгі күні Аққайың, Есіл, Мамлют, Тайынша, Айыртау, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның және Петропавл қаласының жастары арасында сауалнама жүргізілген. Әлеуметтік зерттеу барысында жинақталған ақпаратқа “SPSS 10.0.13. for Windows” бағдарламасы арқылы талдау жасалатын болады.

Өңір жастарының басы қосылған қоғамдық тыңдауда облыстық Жастар саясаты жөнiндегi басқарманың екі әлеуметтік маңызды жобасын қатар алып жүргендер де бар екендігі анықталды. “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұса Танақұлов “Облыстың қоғамдық-саяси өміріне жастарды тартуға арналған іс-шараларды жүргізу” жобасы бойынша 11 шара, оның ішінде 6 жастар акциясы, 3 турнир, ардагерлермен кездесу және қоғамдық рейд өткізген. Жобаны жүзеге асыру барысында қатысушылар саны 2230 адамды құраған. Ал “Облыстық халық шығармашылығы фестивалі мен өңірдің этномәдени орталықтарының жастары арасында іс-шаралар кешенін өткізу” жобасы аясында 3 шара қолға алынып, оған қатысқандар саны 1055-ке жеткен.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Райхан Әбдірахманова мен облыстық Жастар саясаты жөнiндегi басқарма басшысы Виктор Молодовский қоғам өміріне белсене араласып, елдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген өңір жастарына алғыс айтып, олардың оң бастамалары мен тың идеялары облыс басшылығының және халық қалаулыларының тарапынан әр уақытта қолдау табатындығын атап айтты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp