Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жылғы 24 маусымда өткен отырысында тариф саясатын жетілдірудің жаңа жолдары қарастырылды. Оның қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға өңірлерде тариф саясатын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды кең талқылаудан өткізу және оларды алдағы қыркүйек айында Үкіметтің қарауына ұсынуды тапсырды.
Осыған байланысты облыстық Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент сарапшылар кеңесі мүшелерінің, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың, табиғи монополия субъектілерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен табиғи монополия туралы заңнамаға ұсынылатын өзгерістер мен толықтыруларға талқылау жүргізді.
Арнайы құрылған жұмыс тобы жүйелі және кешенді сараптамалық жұмыс жүргізіп, нормативтік-құқықтық актілерге 200-ден астам түзету жинақталған. Департамент басшысы Марат Мұстафиннің айтуынша, олар негізінен тариф құрудың басты төрт бағытын қамтиды. Атап айтқанда, тариф құрудың мөлдірлігіне қол жеткізуді, реттелетін қызметтердің сапасын жақсартуды, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді және табиғи монополиялар субъектілеріне бақылауды арттыруды қарастырады. Талқылауға жиналғандар осы бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, көтерілген мәселелер бойынша өз пайымдауларымен және ой-пікірлерімен бөлісті.
Жалпы айтқанда, департамент жинақтап, жүйелеген ұсыныстарға қолдау жасалды. Мысалы, тұтынушылардың тариф құру үдерісіне нақты қатысу жағдайын жасау ұсынысы көптің көңілінен шығады. Сол сияқты монополистердің жыл сайынғы міндетті есеп берулеріне қатаң талап қойылуын қолдайды. Заңды нормалардың дұрыс жұмыс істеуі үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту де көзделіп отыр. Сондай-ақ тариф төңірегінде кездесетін басқа да келеңсіздіктерге жол бермеуге бағытталған ұсыныстар да баршылық.
Солардың бәрін екшеп, жаңа нормативтік-құқықтық күш беру Үкіметтің құзырында. Оған ұмтылып отырғандағы мақсат тариф құрудың мөлдірлігін жақсарту, баға өсімін тізгіндеу, тұтынушылар мен монополистер арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеу, реттелетін қызметтердің сапасын көтеру және қуат үнемін арттыруға жағдай жасау болып табылады.