«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІШ СҮЗЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,

дәрігер-терапевт.

Сырқаттың бұл түрі соңғы кезде сирегенімен, мүлдем жойылып кеткен жоқ. Ол – өте жұқпалы ауру.  

Іш сүзегі жанға батады немесе білінбей жеңіл өтеді. Сондықтан да оны көбіне-көп суық тигенге немесе іш ауруына балайтынына таңғалудың қисыны жоқ. Осылай болғандықтан да бірқатар адамдар дәрігерге қаралудың орнына өзін-өзі емдей бастайды. Әйткенмен, бұдан жақсару болмайды, керісінше, адамның көңіл күйі төмендеп, сырқат созыла түседі. Бірақ бәрінен өкініштісі сол – ауру адам инфекция таратады. Оның бөлініп шыққан бір грамында бір миллиардқа дейін іш сүзегін қоздырушылар болады. Олар суға, тамақ өнімдеріне, күнделікті тұтыну заттарына, ыдысқа, іш киімге түсуі мүмкін. Тәні сау адам асқа отырар алдында әрдайым қолын сабындап жуа бермейді. Мұндайда әлгіндей қоздырғыштар түскен заттарға соқтыққан адам микробтарды аузына апарып, ауруға шалдығуы мүмкін. Кей жерлерде өзен-көлге жақын дәретхана орнатып қоятыны бар. Сондықтан да залалсыздандырылмаған қоқыс-қалдықтар суға араласып кетеді. Мұндайда судың жұқпалы болатыны түсінікті. Кейбіреулердің мұндай суды қайнатпастан, онымен ыдыс-аяқ, жеміс-көкөніс жуатыны, тіпті ішетіні белгілі. Залалсыздандырылмаған тыңайтқышпен тыңайтылған жерде өскен көкөніс пен жеміс отбасына үлкен кесел әкелуі мүмкін. Қайнатпай ішкен сүттің де қатері аз емес.

Сонымен оның профилактикасы қалай қалыптасуға тиіс? Алдымен инфекция көздерін құртудан, оның жойылу жолдарының алдын кесуден бастап, адамдардың бойында сырқатқа сақтықты тәрбиелеу керек.

Ал қатерлі микробтардың негізгі көзі – ауру адам екенін бәріміз білсек керек. Соған орай оны қолдан келгенше ауруханаға ерте жатқызған жөн. Ал сырқат адам үйде жатқанда оны күткен адам қолын мұқият жуып, басқа да сақтық шараларын қатаң сақтауы керек. Инфекцияға тосқауыл қоюдың негізгі жолы – гигиена. Тағам өнімдерін әзірлегенде, сақтағанда, тасымалдағанда және сатқанда санитария талаптарын қаперден шығармау қажет.

Профилактикалық шара ретінде егудің маңызы зор. Оны дұрыс жүргізсе, іш сүзегімен ауырмайды немесе ол жеңіл түрде өтеді.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp