«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ТАРДЫҢ МҮДДЕЛЕРІН БІЛДІРІП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сергей МАРТЕМЬЯНОВ,

Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының

Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің

бірінші хатшысы.

Кез келген сайлау науқаны қарсаңында оның қоғам мен мемлекет үшін маңызына, нақты сайлаудың ел өміріндегі қоғамдық-саяси демократияландыру үдерісіне әсер ету деңгейіне, сайлау үдерісі кезіндегі қоғамның орны мен рөліне қатысты бірнеше мәселе туындайды.  

Оларға жауап беру үшін алдымен “сайлау құқығы” терминіне тоқталу керек. “Сайлау құқығы” ұғымы көпқырлы және кемінде екі мағынасы бар. Объективті мағынасына тоқталсақ, “сайлау құқығы” – бұл мемлекеттегі өкілетті органдар мен лауазымды тұлғаларды сайлау тәртібін реттейтін нормалар жиынтығы. Субъективті мағынасындағы сайлау құқығы ұғымына азаматтардың мемлекеттегі өкілетті органдарды құруға, лауазымды тұлғаларды сайлауға қатысу құқығы жатады. Қазақстанның әр азаматы кәмелетке толғаннан кейін белсенді сайлау құқығына және бәсең сайлау құқығына ие болады. Сайлау және сайлану құқығы нақты жағдайға байланысты әртүрлі жаста басталады. Мәселен, мәслихат депутаттығына ҚР Конституциясының 86-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына 25 жасқа толған ҚР азаматы, Сенат депутаттығына (ҚР Конституциясы 51-бабының 4-тармағы) 30 жасқа толған, Қазақстан Республикасының Президенті болып 40 жастан асқан Қазақстан азаматы сайлана алады. Осылайша кәмелетке жасы толған әр азамат сайлау және сайлану құқығына ие. Қоғамның сайлау науқанындағы рөлі мен мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі орны қандай?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 1-тармағына сәйкес “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық”. ҚР Конституциясының осы бабының 2-тармағында Қазақстан халқы өз билігін қалай жүзеге асыратыны былай көрсетілген: “Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу”.  

Биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын Қазақстан халқы еліміздің Конституциясына сәйкес өзінің билік өкілеттігін екі формада: 1) референдум арқылы, 2) сайлауларға Президенттің, Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатысуы арқылы жүргізеді. Оларға Қазақстан халқы атынан әрекет етуге құқық бере отырып, шын мәнісінде өз билік өкілеттігіне құқық береді.

Алдағы әкімдер сайлауының ықпал ету деңгейі туралы айтқанда сұраққа сұрақпен жауап беруге болады. Біздің еліміздің барлық өңірлерінде бұған дейін әкімшілік-аумақтық бірліктер басшыларының осындай кең ауқымды сайлауы өткізілді ме? Жоқ, өткізілген жоқ. Демек, бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демократияландыру жолындағы белгілі бір қадам. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Оның ішінде 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і – ауылдық округтердің, 119-ы – кенттердің және 190-ы – ауылдардың әкімдері. Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағында: “Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн Премьер-Министрдiң ұсынуы бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады”, – делінген. Әкімдерді тағайындаудың оларды сайлауға ауыстырылуы барлық саяси ұйымдар басшыларының қазақстандық қоғамға өздерінің әсер ету дәрежесін, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рөлін қайта ойластыруларына ықпал етуі керек. Егер бұрын партияның абсолюттік көпшілігі негізгі, көпшілік жағдайда жалғыз мәселе ретінде басты өкілетті орган – Парламенттегі орын үшін күрес мәселесін шешсе, енді қазір аудандық маңызы бар қалалар әкімдері мен ауылдық округтер әкімдерін сайлау жанама сайлау арқылы жүзеге асырылады, яғни әкімдерді сайлаушылар өздері таңдамай, мәслихаттар депутаттары әкімдерді сайлайды. Бұлай болған жағдайда: “Қандай да бір партияның қанша өкілі мәслихаттар депутаттары ретінде өз сайлаушыларының мүдделерін көрсете алады және бұл көрсеткішті көбейту үшін не істеуге болады?” деген сұраққа жауап беру керек.

Алдағы сайлау зор саяси маңызға ие және оның маңыздылығын ұлғайтып немесе кішірейтіп көрсетудің қажеті жоқ. Әр қазақстандық сайлаушының дауысы қашан да бағалы және нақ қазір халық өкілдері ретінде мәслихаттар депутаттары азаматтардың жергілікті қоғамдастығының мүдделеріне бағдар жасай отырып, өз таңдауларын жүзеге асырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp