Сенбі күні Петропавл қаласындағы Жеңіс саябағында ҚР ІІМ Ішкі әскері №6637 әскери бөліміне Отан алдындағы борыштарын өтеуге келген сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл жолы еліміздің төрт аймағынан шақырту алған 190 сарбазды құттықтауға облыс әкімі Самат Ескендіров, ардагерлер және сарбаздардың туыстары мен достары келді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алаңға Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Гимні орындалған соң салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. “Қасық қаным қалғанша Отанды қорғауға, халқыма адал болуға ант етемін!” – деген олар осы сәттен бастап барлық жауапкершілікті мойнына алып, баршамыздың тыныш ұйқымызды күзетеді. Қазақстан халқына және оның Президентіне адал еңбек етуге, Конституция мен елдің заңнамасын қатаң сақтауға уәде берген сарбаздарды құттықтаған облыс әкімі Самат Ескендіров:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударады. Қазақстан Республикасына қызмет ету жолында Сіздердің үмітті ақтап, әскери борышты адал атқаратындықтарыңызға сенімдімін. Әр уақытта тұрақтылық пен тыныштықтың қорғаны болыңыздар! Ел аспаны әрдайым ашық болып, бейбітшілік болсын! – деді.
Содан соң Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир Турашев: “Отан қорғау – ердің асыл міндеті. Өткен соғыста ел азаматтары туған жерін жаудан қасық қаны қалғанша қорғады. Бүгінде Сіздер – тәуелсіз елдің ұландары бабалар дәстүрін аманатпен жалғастыруға тиіссіздер”, – деп сәттілік тіледі.
Ата-аналар қауымы атынан сөз алған Айгүл Төлегенқызы да өзінің жүрекжарды лебізін айтып, болашақта бүгінгі сарбаздардан еліне қорған бола білетін мықты патриоттар шығатынына зор сенімін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет жүктеген сенімді абыроймен атқаратындықтарын білдірген қатардағы жауынгер Жанбота Кажымұратов өзінің және қарулас жолдастарының атынан әскери борыштарын әрдайым мінсіз атқаруға және қабылдаған әскери антқа қашанда адал болатындықтарын мәлімдеді.
Бұған дейін жастар бір ай бойы жас сарбаздар курсынан өтіп, қаруды қалай қолдану керектігін үйренген еді. Олардың әрқайсысы жеке қаруға ие болғаннан соң жауынгерлік қызметке кірісіп, облыс орталығында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады.
Ант қабылдау рәсімінің соңында бөлімнің әскери қызметшілері алаңда салтанатты саппен жүріп өтті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.