«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС МАМАНДЫ ҚҰШАҚ ЖАЙЫП ҚАРСЫ АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тайынша аудандық орталық ауруханасында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген жас маманды қабылдау салтанаты өтті. Көкшетау медициналық колледжін үздік бітірген Өрнекгүл Қадырбек Надеждинка елді мекеніне медбике болып қызметке орналасты.  

 Өрнекгүл Қадырбек Моңғолиядан 2004 жылы атақонысына оралып, Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында орта мектепте оқыған. Ақ халатты абзал жан атану оның бала күнгі арманы болыпты. Сол арманына қолы жетіп отыр.

Тайынша аудандық орталық ауруханасының мәжіліс залына Өрнекгүлді құттықтауға оның әріптестері жиналыпты. Жас маманды медициналық қызметкерлердің қатарына қабылдау еліміздің Гимнін шырқаудан басталды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Татьяна Сидоркина жас маманды денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Ол:

– Ауруханада аудан тұрғындарының электрондық жүйеге енгізілген тарихы, компьютерлендірілген желісі, зерттеулер, операциялар жасайтын жоғары технологиялық қондырғылар бар. Біздің аурухана – облыстағы алдыңғы қатарлы емдеу мекемелерінің қатарында. Ауруханада еңбек ететін мамандардың барлығы біліктілік санаттарына сай. Жас маман ретінде Сіз де колледж қабырғасында алған біліміңізді шыңдайтын боласыз. Ауылдық жерде еңбек етсеңіз де, білмегеніңізді осындағы тәжірибелі мамандардан сұрап алуға ұялмаңыз. Біз әрқашан Сізге көмек көрсетуге әзірміз, – деді. Және дәстүр бойынша оған гүл шоқтарымен бірге ақ халат сыйлады.  

Өрнекгүл Қадырбек – Тайынша ауданындағы елді мекендерге “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келіп отырған бесінші маман.

Мироновка ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Бекшенов те болашақ маманды құттықтап, гүл шоғын табыстады. Ол Өрнекгүл Қадырбекті медбикелік қызметте жиі болып тұратын ұйқысыз түндерге шыдамды болып, науқастар жанын жаралап алмай, оларға мейірімді болуға шақырды.

Өрнекгүл Қадырбек көрсетілген құрметке ризалығын білдіріп, сенім биігінен шығуға бар білімін жұмсайтынын айтты. Ол мемлекет тарапынан ауылда еңбек ететін жастарға қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті. Жас маман бірреттік жәрдемақыға өтініш беріп, пәтерге жеңілдетілген несие алу үшін қажетті құжаттарын тапсырмақшы.

Тайынша ауданы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp